Тұлға

Тау тұлға, тарлан қайраткер

     Қазақтың жиырмасыншы ғасырдағы кемеңгер тұлғасы, заманының заңғар саясаткері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед ҚОНАЕВТЫҢ туғанына биыл – 105 жыл толып отыр. Дінмұхамед Ахметұлы – ұлы қайраткер, ірі тұлға, есімі тек Қазақстан халқына ғана емес, бүкіл әлемге әйгілі. Ғұмырының жартысынан астам бөлігін еліміздің әлеуметтік, экономикалық, саяси жағдайын көтеруге арнады және жоғары деңгейге жеткізді. Қазақстан экономикасының дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз.

Д.Қонаев Алматы қаласында мемлекеттік қызметкерлердің отбасында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргенннен кейін, Мәскеудегі Түсті металдар және алтын институтына оқуға түседі. 1936 жылы институтты ойдағыдай бітірген жас маман Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасады. Басқа металлургия өнеркәсіптері сияқты салынып жатқан мыс комбинаты да екі: Балқаш мыс балқыту заводы және Қоңырат кен басқармасы саласынан тұрды. Қоңырат қазба байлығы жөнінен КСРО-да ғана емес, тіпті, әлемде теңдесі жоқ кен орны болып есептелді. Жасы жиырма төртке толған Димаш ағаның еңбек жолы біздің облыстағы Қоңырат кенішіндегі карьер шаруашылығын басқарудан басталды. Өзінің міндетіне барлық ынта-жігерімен кірісіп, жұмысты дөңгелетіп әкететін жас инженер қабілетін көрсетіп, жуық арада учаске бастығына жоғарылатылды, көп кешікпей бұрғылау цехының тізгінін қолына алады. Талантты маман содан кейін кен басқармасының бас инженерлік және директорлық қызметіне тағайындалды. 1937 жылы наурызда Қоңырат кенін тиеген алғашқы эшалон Балқаштың байыту фабрикасына жөнелтілді. Шығарылған мыстың көлемі біртіндеп 50 мың тоннаға жетті. Сондай-ақ, 1938 жылдың сәуір айында Қоңырат кені бірінші рет байытылды, ал, мамырда алғашқы қорытпа алынды. Арада алты ай өткен соң, дәлірек айтсақ, 1938 жылы 24 қарашада металлургтер Балқаш мысын өндіріп, бүкіл әлемді таң қалдырды. Тұңғыш балқытылған Балқаш мысы бұл күнде Мәскеу Революция мұражайында сақтаулы тұр. Кеншілер мен металлургтер ұжымының қажырлы еңбегін үкімет лайықты бағалады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1938 жылғы 26 наурыздағы жарлығына сәйкес көптеген балқаштық мыс өндірушілер мен балқытушылар, инженер-технологтар орден, медальдармен марапатталды. Д.Қонаевтың үлесіне «Үздік еңбегі үшін» медалі тиді. Ол Мәскеуге барып М.Калининнің қолын алды. Осыдан соң Дінмұхамед Ахметұлы үш Социалистік Еңбек Ері, сегіз Ленин орденін кеудесіне тақты. 1939 жылы Д.Қонаев Риддер кен басқармасының директоры қызметіне ауысады. 1949 жылы оның «Разработка Коунрадского месторождения медных руд» еңбегі жарыққа шықты. Еңбегінде Қоңырат, Балқаш кен орындарының ашылу тарихы, орналасқан жері, зерттеулері көрсетілген. «Мен Орталық Қазақстанда еліміздің аса қуатты мыс өнеркәсібінің, Кенді Алтайда қорғасын-мырыш өндіріс ошағының бой көтеріп, қанат жаюына үлес қосқан алғашқылардың бірі болғанымды мақтан етемін», – деді Дінмұхамед Қонаев.

1939 жылы КОКП мүшелігіне қабылданды. 1942-1952 жылдар Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет етті. 1955-1960 және 1962-1964 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы. 1960-1962 және 1964-1986 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарады.

Д.Қонаев басқарған жылдары Қазақстанда өнеркәсіптік аудандар қалыптасып, елде жаңа қалалар мен ірі елді мекендер пайда болды. Павлодар-Екібастұз қуат кешені, Қарағандыдағы ГРЭС-2, Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су электр станциясы, Павлодар трактор зауыты, тағы басқа кәсіпорындар осы кезде іске қосылды. Маңғыстаудың мұнай кен орындары игерілді, теміржол құрылысы, көлік түрлері дамыды. Электроника, машина жасау, химия салалары тез дамыды. Кемеңгер тұлғаның тұсында 19 облыс болды. Осы жылдары Жезқазған, Маңғыстау және Торғай облыстары ашылды.

Дінмұхамед Ахметұлы бастамасымен елімізде 68 кент, 43 қала пайда болды. Оның ішінде өнеркәсіп орталығы Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды. Кемеңгер тұлға металл өңдеу және көлік жасау салаларында өндіріс тиімділігін арттырып, Өскемен, Орал, Қарағанды, Петропавл, Шымкент, Алматы қалаларында көлік жасау зауыттары құрылды. Алматы ауыр машина жасау зауыты шығарған өнім әлемнің 40-тан астам мемлекетіне таралды. Қазақ жерінің аумағында көмір мен мұнай кен орындары ашылып, Қазақстан отын-энергетика өнеркәсібінің ірі орталығына айналды. Жамбыл мен Шымкент қалаларында орналасқан комбинаттар сары фосфор өндіру бойынша әлемде бірінші орында болды.

Дінмұхамед Ахметұлының бастамасы бойынша қазақ жерінің сол кездегі астанасы Алматы қаласында Үкімет үйі, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің ғимараты, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының ғимараты тұрғызылды. Қала көшелерінің саны артып, жаңа тұрғын үйлер салынып, 12 ықшам аудан ашылды. Мектеп пен балабақша ғимараттарының құрылысы басталып, оқушылар сарайы жас өнерпаздарға есігін айқара ашты. Республика сарайы, Спорт және мәдениет сарайы, Медеу спорт кешені, Ұлттық Кітапхана, цирк сынды мәдениет, білім және спорт нысандары бой көтерді. Авто, аэро және теміржол вокзалдары, әуежай, «Алматы», «Отырар», «Жетісу», «Алатау», «Достық», «Қазақстан» қонақүйлері салынып, қала көркін ашты.

1993 жылы тамыздың 22-де 82 жасқа қараған шағында Дінмұхамед Ахметұлы өмірден өткен соң, 1994 жылы алып тұлғаны есте қалдыру жөнінде Президент Н.Назарбаев қол қойған Жарлық шықты. Соған орай ол жұмыс істеген мекемеге, институтқа оның аты берілді. Республиканың жер-жерінде, елді мекендерде де Қонаев атындағы көшелер бар. Тіпті, кейбір өңірлерде көрнекті тұлғаға ескерткіштер қойылған.

1995 жылы Д.Қонаев атындағы Қазақ гуманитарлы институтының Қарағанды қаласындағы филиалы ашылды. Филиалдың басты мақсаты: студенттердің жоғарғы оқу орын жүйесі бойынша құқық саласында, экономика саласында, экология, әлеуметтану, информатика, менеджмент, қаржы, кеден жүйесі, аударма ісі және басқа да гуманитарлық мамандықтарды оқыту; жоғары білімі бар мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің оқу орындарын оңтайландыруына байланысты Д.Қонаев атындағы Алматы қаласындағы университетінің 12.01.2007 №1 Құрылтайшысының шешімімен және оның 01.02.2007 №021 бұйрығымен аталған университеттің Қарағанды қаласындағы филиалы 2007 жылдың 1 шілдесінен қызметін тоқтатты.

Д.Қонаев атындағы университеттің Қарағанды қаласындағы филиалы құжаттары 2011 жылы өңделіп, Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архивіне тұрақты сақтауға тапсырылып, №37 қор берілді. Осы құжаттар бойынша біздің мекеме архивистері әлеуметтік-құқықтық, тақырыптық сауалдар орындайды.

Д.Қонаев – өз заманының ұлы саясаткері. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді.

А.ЖАРЫЛҒАСЫНОВА,

Қарағанды облысының

ғылыми-техникалық құжаттама

жөніндегі мемлекеттік

мұрағатының қызметшісі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button