Татулықты сақтау – басты міндет
Әлеуметтік желіде «Фейк» деген ұғым бар. Аты-жөнін жасырып, қулығын асырып отырады. Олардың көздегіні – ұлтаралық татулыққа сына қағып, елді адастыру. Желі қолданушыларының басым бөлігі ақпараттың ақ-қарасын айырмай, бөлісе жөнеледі. Ал, мұның соңы орны толмас өкінішке соқтыруы мүмкін. Қайтпек керек? «Литва ауласы» мейрамханасында өткен Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Журналистер мен сарапшылар клубының кезекті отырысында дәл осы мәселе күн тәртібіне қойылды.
Клуб мүшесі, «Алтын жүрек» сыйлығының иегері Нияз Сүндеталиевтің айтуынша, әлеуметтік желіде зиянды жазбалардың желдей есуінің бір себебі – адамдар арасындағы байланыстың әлсіреп кетуінде. Яғни, жекелеген адам қоғамдағы орнын таба алмай, айналасына сөзін өткізе алмауы мүмкін. Алайда, әлеуметтік желіде өзін еркін сезініп, бойындағы бар ашуын сыртқа шығаруға ұмтылады. Жағымсыз жаңалықтарға бір табан жақындай түседі. Мұның алдын алу үшін, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын барынша кең көлемде насихаттап, этномәдени орталықтардың жұмысына қарапайым адамдарды тарту керек. Сол кезде, олардың өмірге, қоғамға деген көзқарасы жақсы жаққа қарай өзгере түсері анық.
Кезекті жиынды өткізу үшін «Литва ауласын» таңдау арқылы, клубы мүшелері литва мәдениетімен, асханасымен жақын танысу мүмкіндігіне ие болды. Журналистерді құшақ жая қарсы алған мейрамхана қожайыны өз шаруашылығын көрсетумен қатар, айналаны көркейтуге қатысты жоспарларымен де таныстырды.
Жиын тізгінен қолына алған клуб төрағасы, «Орталық Қазақстан» газеті редакторының бірінші орынбасары Ерсін Мұсабеков өткен жылы атқарылған жұмыстарды қортындылап, клубтың жаңа мүшелерімен таныстырды.
-
Клуб мүшелері Мемлекет басшысының әлеуметтік бастамаларын қолдап, оларды жүзеге асыруға белсене араласуда. Ұлтаралық татулық пен достықты нығайту, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын насихаттау бағытында да біраз шаруалар атқарылды. Енді, клуб жұмысын жандандыра түсу мақсатында біз «Видергебурт» және «Тәжік диаспорасы» этномәдени орталықтарының мүшелері Фризен Надежда, Шакарбек Норматов пен жас журналист Анастасия Бержнованы қатарымызға қосқалы отырмыз, – деді Ерсін Мұсабеков.
Клубтың алға қойған мақсаты – ұлтаралық татулық пен достықты насихаттау, қарапайым халыққа Қазақстан халқы Ассамблеясының және этномәдени орталықтардың жұмысы жайлы ақпаратты дер кезінде жеткізу. Мүшелікке қабылданған азаматтардың барлығы өңірлік баспасөздің белді өкілдері. Сондықтан да, жат пиғылды жандардың жолын кесіп, жағымды жаңалықты жеткізу міндеті – журналистерге жүктелді.
Журналистер мен сарапшылар кездесуіне арнайы келген Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын сөз алып, Қазақстан халқы Ассамблеясы қолға алған жұмыстардың барысымен таныстырып өтті. Әсіресе, «Қазақтану» жобасының маңыздылығына айрықша атап өтті.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында туындаған жоба қазақ халқының дархандығын, кең пейілділігін көрсетіп, жалпыұлттық тарихи сананың негізінде халықтардың бірлігін нығайтуды көздейді. Ұлттық код – дегеніміз, міне, осы, – деді Ерлан Бейсенбайұлы өз сөзінде.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»