АймақБалқаш

Тасжол талапқа сай ма?

«Қарағанды-Балқаш» тасжолының жөндеу барысы 2019 жылдан бері бұқара назарында. Жыл соңына дейін ашылуы тиіс алты жолақты магистраль құрылысы мәреге жетуге аз қалды. Шылбырша шұбатылған тасжолдың құрылыс сапасы мен барысын бақылау үшін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Қарағанды облыстық филиалының басшысы Ерлан Жұмағұлов, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық полиция департаментінің және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бар арнайы топ жолға шықты. Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы аясында тасжолдың жай-жапсары туралы мол мағлұмат берілді.

Суреттерді түсірген автор

Жолға жұрт дән риза

Қарағанды қаласынан Ақсу-­Аюлы ауылына дейінгі аралықтағы жол жөндеу жұмыстарымен танысу көзделді. Алғашқы аялдама Жұмабек ауылының Қарағандыға барар жолы болды. Жол торабына арнайы белгілер мен бағдаршам орнатылады. Ауылдан қалаға қарай шыққан көлік жолы негізгі жолдағы көлік қозғалысына кедергі келтірместей етіп жасалған.

– Жол ауыл тұрғындарына тиімді болу үшін олармен ақылдаса отырып, салынып жатыр. Ең басты қаперге ұстар жай – ол ауыл малының тасжолға шығып кетпеуі. Жол құрылысы барысында бұны да ескердік. Жолдың ауылдан өте беріс тұстарына мал өтетін арнайы ашық өткелдер, көпірлер орнатылды. Ондай өткелдің саны – 50. Бұл өткелдер Балқашқа дейін жалғасады. Ал, мал өтетін жерге жылқының бейнесі қойылады. Ол жай бейне емес. Бейне-белгілер жүргізуші көзіне алыстан түсетіндей арнайы жарқырайтын бұйымдардан жасалады.
Сонымен қатар, жол бойында қар ұстайтын бөгеттер де ескерілген. Жолдың көктемдегі қар суы жиналатын ойпаң жерлерінде 150 шақырымға дейін суағарлар орналасқан, – дейді Ерлан Жұмағұлов.

Ал, бұған Жұмабек жұрты разылығын білдіруде.

Жол бойында демалыс орны ашылады

Мамандардың айтуынша, жолда тоқтап демалатын 18 тұрақ салынады. Олар 24 сағат жұмыс істейді. Атап айтсақ, жуынатын орнымен қоса намазхана, дәретхана болады. Сонымен бірге, көлік жөндейтін, дөңгелек жамайтын орындар да болатын көрінеді. Ол орындар кәсіп жасағысы келген кәсіпкерлерге берілмек. Әрине, бұл – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ өкілдерімен кеңесе отырып шешілер мәселе. Ерлан Маратұлының сөзінше, тамыз айының соңына дейін Балқашқа дейінгі 363 шақырымның 250 шақырымы жөнделіп қолданысқа беріледі.

Естеріңізде болса, жол жөндеу 2019 жылы басталуы тиіс еді. Алайда, пандемияның әсері әлеуметтің әлеуетін әлсіретіп қана қоймай, қымбатшылыққа да ұрындырды. Жол құрылысына керекті заттардың қымбаттауы салдарынан жөндеу кейінге қалған-ды. Десек те, қазір жұмыс қарқынды. «ҚазАвтоЖол» қара халықты жолдың қарашаның аяғына дейін толық аяқталатындығына сендірді. Бұған облыстық Қоғамдық кеңес пен полиция департаменті өкілдері де куә.

Жолдың негізгі құрылысына келсек, мамандардың айтуынша, жол 4 жолақтан тұрады. Жолақтың біреуінің ені – 3 метр 75 см ал, жалпы ауқымы 25 метрді құрайтын көрінеді.

Әзірге айтар сын, тағар мін жоқ

Дегенмен, кейде кеше жөнделген жолдың бүгін миы шығып, қала берді жауын шайып, сол баяғы таз қалпына түсетіні бар. Қоғамдық кеңес мүшелерінің бұл күдігін жолаушылар пікірі сейілтті.

– Жолдың сапасы өте жақсы. Бұл жолмен жүргеніме жыл жарым уақыт болды. Қазір Ресейдің Новосібір қаласынан келе жатырмын. Ең бастысы – жол кең, әрі жолаушыларға қауіпсіз. Сол көңілді жайландырады. Тас­жолмен әуелден бері, яғни, жол жасалғаннан бері жүргендіктен жол құрылысына да куә болдым. Жолға төселген асфальт құрамы бірнеше қабаттан тұрады. Сондықтан, бұл жол көп жылға шыдамды болуы тиіс. Бұрын Сарыағаштан Павлодарға тәуліктеп жүретін едік. Қазір екі сағатта жетіп барамыз. Еліміздің жолы Ресейдің жолдарынан әлдеқайда артық дер едім, – дейді Шымкент қаласының тумасы, жолаушы Қайыр Райымбердиев.

Расында, жол құрылысында жолаушы қауіпсіздігі қатаң сақталған. Ақсуға дейінгі жол үстінде кезігетін төбелер мен бұйраттарға арнайы барьерлер (кедергілер) орнатылған. Ол кедергілер төбе астындағы көрінбей келе жатқан көлікке қарсы қозғалысқа шықпас үшін керек. Дәл осындай жол оқиғасының салдарынан қаншама адам апатқа ұшырады?!

Қауіпсіздік – басты назарда

Қазір жолдағы жөндеу жұмыстарына байланысты көлік жылдамдығы қатаң түрде сағатына 50-70 шақырымды құрауы тиіс. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өткен жылы өңірдің негізгі тасжолдарында 392 жол-көлік оқиғасынан 167 адам қаза тауып, 430 адам әртүрлі дәрежедегі жарақаттар алған екен. Орны толмас қайғыға бастар басты себеп – жылдамдықты шамадан тыс арттыру. Мұны облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров та атап өтті.
– Жолдың құрылысында мін жоқ. Тек сол жолдың берілген ережелерін жолаушылар сақтамайды. Соның салдарынан қанша адам ажал құшты.

Ауыл маңындағы жылдамдық сағатына 50-70 шақырымды құрайды. Алайда, бұл ережені көп жүргізуші елемейді. Әсіресе, inDrive қосымшасының жүргізушілері асығып, жол ережесін жиі бұзады. Олар жолда ұйқысыз, демалыссыз жүргендіктен қалғып кетеді. Оның соңы жол-көлік апатына алып келеді. Міне, осындай орны толмас қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компания­сы» АҚ Қарағанды облыстық филиалының мамандары шулы жолақтар орнатпақ. Ол көлік жүргізушісінің сақ және сергек болуын қамтамасыз етеді, – деді Жасқайрат Қайыров.

Қуанарлық жаңалық екені рас. Жол жөндеушілер жолды жөндемей жатқан жоқ. Күні-түні аянбай тер төгуде. «Жолдың тез тозуының себебі – жүк көліктері» дейді Ерлан Жұмағұлов. Әлбетте, жол сапасын құртатын бірден-бір себеп – күн ыстығында жолда жүретін ауыр жүк көліктері. Полиция департаменті өкілдері бұл олқылықтың да алдын алатындығын мәлімдеді.

Тағы бір ескерер жайт, жолдың барьерлері, белгілері мердігер компанияға жүктелетін көрінеді. Егер де ол сынып, я бүлінсе, оны қалпына келтіру мердігердің мойнында. Жолдағы арнайы белгілерсіз жол қозғалысы қиынға соғары хақ. Ал, 363 шақырымдық бұл жолға 30 қарашаға дейін ондай белгінің 1560-ы орнатылады. 

Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер автордан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button