Жаңалықтар

Таспадағы тағылым

Ақпаратқа құштарлық пен ынтызарлық ықылым заманнан адам санасында ұялаған қасиет. Француз философы Поль Вирильо: «Ақпарат – масса мен энергиядан кейінгі үшінші зат» деп текке айтпаса керек-ті. Ал, американ заңгері Ральф Нейдер: «Ақпарат – демократияның негізгі валютасы» деп ағынан жарылған. Сондықтан да болар, өткен ғасырда «қарулы адам – қауіпті саналса», қазір «ақпаратпен қаруланған адам – өте қауіптілер» қатарында. Бұдан кейін-ақ ақпараттың салмағын безбендей беріңіз. Осындай жауапты міндетті 65 жылдан бері арқалап келе жатқан облыстық «SARYARQA» телеарнасының алғашқы телехабары 1958 жылдың 31 тамызында тұңғыш рет эфирге шыққан болатын.

Сол уақыттан бастап, жергілікті телеарнаның білікті мамандары дайындаған телеөнімдер көрермендерге жол тартып келеді. 1950 жылдардың аяғындағы телеарнаның рөлі жайлы «Социалистическая Караганда» газетінің 1958 жылғы 16 қыркүйектегі санында мынадай айғақ келтіреді: «1958 жылғы мәлімет бойынша Қарағанды қаласында 5 мың телевизор сатылыпты. Егер де жыл аяғына дейін 100-120 шақырымды қамтитын Қарағанды телевизиялық станциясы іске қосылатын болса, онда 20 мың телевизор саудаға түседі. Бұл дегеніңіз, Қарағанды телеаудиториясының саны 70 мың телекөрерменге өседі деген сөз».

Ия, бұл – осыдан 65 жыл бұрыңғы көрсеткіш. Қазір ақпараттық технологиялардың өршелене дамыған заманы. Десек те, жергілікті телеарнаның, әсіресе, спутниктік жүйе арқылы Сарыарқа аймағының түпкір-түпкіріне хабар таратуға мүмкіндігі зор «SARYARQA» телеарнасының телеөнімдеріне деген сұраныс деңгейі – жоғары. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні халықтың көзі мен құлағына, үніне айналып, жұртшылықты мазмұнды әрі тартымды жергілікті телеөнімдермен қамтамасыз етіп отырған облыстық телеарнасыз елестету мүмкін емес, сірә. Сондықтан, облыстық телеарнаның 65 жылдығы – тек тележурналистердің ғана емес, бүкіл көрерменнің, барша халықтың мерекесі.

Жылдар жапсарына көз салсақ, алты онжылдықтан астам уақыт бойы қоғамдағы түрлі оқиғалардың куәсі болып, Сарыарқа өңірінің тележылнамасын қалыптастырған Қарағанды телеарнасының шежіресі аса бай әрі тағылымды тарихқа толы. Телеарна ұжымы әр тәуліктің жаңалығын жұртшылыққа жедел әрі шынайы жеткізуімен қатар, өткен күннің де өшпес оқиғаларын тарихқа таңбалауды ұмытқан емес. Бұған телеарнаның алтын қорында сақталған алпыс бес жылдық бейнематериалдар жиынтығы дәлел. Ең басты талап – баға жетпес телешежірені замана талабына сай сақтап, сұрыптап кейінгі ұрпаққа қалдыру. Сөз жоқ, мұндай мол мұра тележурналистердің күнделікті ілкімді ізденісінен жинақталатыны белгілі. Яғни, телеарнадағы «түсіру», «көшіру» «монтаждау» процесін қамтитын үздіксіз әрі ұдайы жұмыс ырғағының ңәтижесі. Көп қырлы шығармашылық еңбекте оймақтай ойдың өрісі бірнеше адамның өресіне тікелей қатысты. Сайып келгенде, телеөнімнің тірегі ұжымдық еңбектің жауапкершілігі. Ал, Қарағанды облыстық телеарнасында өз ісіне адал, бесаспап мамандар жеткілікті. Оның себебі де жоқ емес. «SARYARQA» телеарнасы – аймақтың тележурналистика әлемінде өзгеше қолтаңбасы бар, отандық телеиндустрия саласында өзіндік орнын қалыптастырған үлкен шеберлік мектебі. Міне, осындай машақаты мен марқабаты қатар жүретін теледидардың тереңіне бойлай түскен сайын, өзге дүниені ойлауға мүмкіндік болмай да қалады. Осылайша, «түсірілім» сүрлеуі, «монтаждың» мақамымен кассеталарды айналдырып жүргенде, талай уақыттың айналып өткенін байқамай да қаласың. Бұл сірә осы салаға ғұмырын арнаған барлық жандардың тағдырына таңылған «сырқат» секілді. Өйткені, телеэфир түпсіз тұңғиық айдын – телеөнімдерді жұтады да жатады. Уақыт үстемдігі әрбір әрекет, әрбір қадам минут-секундтармен өлшенетін жерде үнемі сергек, үнемі жинақы болуың шарт. Қазір ойлап отырсам, сол тынымсыз айналып жатқан таспадағы өмір тағылымға толы екен…

Әрине, қоғам дамуының заңдылықтарына сәйкес, телевизия әлемі де өз ережелерін өмірге енгізетіні белгілі. Мәселен, 2000 жылдардың басында аймақтық, жергілікті телеарналар ресейлік телеарналардың телеөнімдерін малданып күн көретін. Қазір талап пен талғам өзгеше. Нарық заңы мен халық қалауы әр телеарнаның өзіндік өнімдерін таңдайды әрі қалайды. Осы тұрғыдан алғанда аймақтың басты телеарнасы телеэфир саясатын уақыт ырғағына сай жоспарлауды күн тәртібінен түсірген емес. Жыл сайынғы жаңа маусымда тың тележобалармен эфирге шығу ертеден қалыптасқан дәстүр. Бұл тұрғыда ақпаратты-ағартушылық, сараптамалық телетуындыларға күш салудың маңызы зор.

Теледидар – қоғам мен замана дидары, бүгін жаңарған елдің айнасы. Тәуелсіздік бұқаралық ақпарат құралдарына сөз бостандығымен қатар БАҚ-тың бақталастығын да өмірге әкелді. Міне, осындай әрі еркін, әрі жауапты ақпарат кеңістігіндегі «SARYARQA» телеарнасының орны әр кезде маңызды әрі айшықты. Өйткені, дәстүр сабақтастығы, шеберлік мектебі сияқты құндылықтармен қатар отаншылдық ойсана, мемлекеттік мүдде талаптары – 65 жылдық тарихы бар «SARYARQA» телеарнасының түпкілікті темірқазығы.

Әшімхан ЖӘМПЕЙІСОВ,
«SARYARQA» телеарнасының редакторы,
ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button