Тас жол тайғақ кештірмес үшін

Қыс уақытында жергілікті атқарушы мекемелердің республикалық күрежолдар мен облыстық маңызы бар жолдарға қатысты жауапкершілігі арта түседі. Бұл – қар үйінділерінен қорғау; қардан тазарту; жол жамылғысындағы көктайғақпен күресуді қамтитын тұтас жұмыстар кешені. Бастысы, мұның бәрі көлік біткеннің үздіксіз және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуі шарт.

Биыл облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына 13 мердігер ұйым жұмылдырылыпты. 42 ұйым – аудандық маңызы бар жолдарға жауапты. 289 адам, 266 бірлік жол-пайдалану техникасы сақадай сай. Бұл турасында Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік алаңында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Сабит Оспанов пен «ҚазАвтоЖол» АҚ Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Айбол Түсіпбаев толығырақ баян етті.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан кенді өңірде қыс мезгілі жан баласын еркелетпейді. Мезгіл қаталдығы жолаушыларға ыңғайсыздық туғызып, автокөліктердің қар құрсауында қалуына себепкер болып жатады. Жол бойындағы тік асулар, өрлер, бұралаңдар мұндайда тіпті тәжірибелі көлік жүргізушілерінің өзіне қауіпті сынақ.

Қарағанды облысы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1854 шақырымды құрайды.

Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 2 566,1 шақырым.

– Облыстың барлық өңірлерінде мердігер ұйымдар қысқы кезеңге 18 жылыту пунктін даярлады. Арнайы қосындар қар құрсауында қалған, яки, жолда көлігі сынған жандар үшін тұрғызылды. Жолдардың анағұрлым қарлы аумақтарында жылдамдықты тежеу, көктайғақты білдіретін уақытша жол белгілерін орнатудамыз. «Тар жол, тайғақ кешу» – апат атаулының алды. Көлік иелері жол ережелері мен қауіпсіздік шараларын ұстанып, темір тұлпарларын қысқа мықтап дайындағаны ләзім, – деп ескертті Сабит Темешұлы.

Облыс орталығының автожолдарын күтіп ұстау Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан аудандарына бөлінген. Бұл аймақта 9 мердігерлік ұйым қызмет көрсетпек. Бұл кәсіпорындарда барлығы 535 адам жұмыс істейді және 447 бірлік арнайы техникалары бар.

Автожолдарды қысқы кезеңге дайындау мақсатында жол жиектерін қалпына келтіру, жер төсемінің жиектері мен беткейлеріндегі бұталар мен жабайы өскіндерді кес мыстары, сондай-ақ жол-пайдалану техникасына оңдау жүргізіліпті.

Осы күні жол бойына себілетін құм, тұз қоспасының көлемі жеткілікті. Жолдардың қауіпті аумақтары жедел өңделіп келеді. Құзыретті орган өкілдерінің мәлімдеуінше, облыс жолдарында ұзындығы 180 шақырымдай 78 қарлы жер аумағы бақылауға алынған. Төтенше жағдай туындаған жағдайда қала мен аудан әкімдіктерін, облыстық төтенше жағдай департаментін, әкімшілік полиция және жол қызметтері басқармасын хабардар ету кестесі қолданылады. Басқарма мердігерлік ұйымдардың іс-қимылын үйлестіру, тосын жайттарға жол бермеу үшін тиісті мекемелермен қажетті шаралар жедел қабылданатын WhatsApp тобын құрды. Ауа райының нашарлауы және автожолдардың жабылуы туралы ақпарат уақытылы БАҚ-да, әлеуметтік желілерде, ғаламтор айдынында және «Дәрмен» қосымшасында жарияланып тұрады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы күн сайын жолдардағы қар тазалау барысына бақылау жүргізуде. Айбол Амангелдіұлы тұрғындар назарын ауа райы нашарлаған кезде жол қозғалысын шектеу туралы талаптарға құлақ түруге үндеді.

– Күн суытуына байланысты республикалық маңызы бар жолдардың қысқа дайындығы «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның ерекше бақылауында, – деп хабарлады спикер.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Ortalyq.kz