Жаңалықтар

Тасқын қаупі  сейілер емес

14.04.2017

Бұқар жырау ауданындағы Тұзды ауылдық округінің 1 ма­мыр елді мекенінде 247 адам эвакуацияланды. Олардың 1-еуі Тұзды орта мектебінің эвакуациялық пунктіне, 236-сы туысқандарына орналастырылды. Төрт түлік қауіпсіз аймаққа шығарылды. Жұмыс барысында 50 адам және 10 техника жұмылдырылды.

15.04.2017

Бұқар жырау ауданында Самарқанд су қоймасынан су ағызу көлемі ұлғайып, Чкалово ауылында 48 үйді, 70 ауланы су басты, 137 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді.

Сонымен қатар, 466 мал қауіпсіз жерге шығарылды. Садовое ауылында 21 үй, 31 ауланы су басып, 308 адам эвакуацияланды, 1065 мал қауіпсіз жерге шығарылды. Сарытөбеде 1 үйді, 5 ауланы су басты. 110 адам эвакуацияланып, 918 мал қауіпсіз жерге шығарылды.

Нұра өзенінде су деңгейі көтеріліп, Андрейниковкада 2 ауланы су басты. 14 адам туыстарына, 10 мал дер уақытында қауіпсіз жерге орналастырылды.

16.04.2017

Тұзды ауылдық округінің 1 мамыр бөлімшесінде тұрғындар эвакуацияланып, 190 мал қауіпсіз жерге жеткізілді. Нұра өзенінің арнасына қорғаныс бөгеттерін қою жұмыстары атқарылды.

Шет ауданы, Красная поляна ауылында 1 үй мен 5 ауланы су басып, 7 адам қонысын ауыстырды.

Сондай-ақ, «Қарамұрын» стансасында 5 ауланы су басып, 25 адам эвакуацияланды.

17.04.2017

Самарқанд су қоймасының көлемі 800 текше метрге ұлғайды. Арнайы мамандардың көмегімен суды ағызу жұмыстары атқарылды.

Бұқар жырау ауданында 190 адам мен 20 техника жұмылдырылып, 2,5 шақырымға 7900 құм толтырылған қаппен қосымша бөгет орнатылды.

Су тасқынына байланысты Қарағанды облысы аумағындағы бірнеше бағыттағы күре жолдар жабылды.

Әзірлеген Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button