Жаңалықтар

Тасқынға қамданыс – ойдағыдай

     Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ алғашқы жұмыс сапарын Бұқар жырау ауданынан бастады. Сапар барысында аймақ басшысы көктемгі су тасқынына дайындық барысымен танысты.

Қарағанды облысында көктемгі су тасқынына қамданыс қарқынды. Ерлан Жақанұлы даярлық деңгейін пысықтау мақсатында алдымен Көкпекті бөгетіне барды. Бұдан кейін Байқадам ауылын қардан тазалау шараларына назар аударып, Петровский селолық округінде Нұра өзені жағасындағы ағаштарды қию жұмысымен танысты.

Аудан орталығы Ботақара кентінде облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшылығы облыс әкіміне су тасқынына әзірлік барысы туралы есеп берді.

Бұқар жырау ауданында Нұра өзенінің бойында орналасқан 15 елдімекенді су басу қаупі бар. Бүгінде ауданда тұрғындарды, шаруашылық аумақтары мен нысандарын судан қорғау бағытында іс-шаралар жоспары түзіліп, жүзеге асырылуда. Бұл үшін аудандық жедел штаб құрылды.

Табиғи және техногенді төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін биыл аудан бюджетінде 34,5 млн. теңге қарастырылып отыр. Бүгінгі таңда елдімекендердегі қарды аршып, шығару жұмыстарына резерв қорынан 10,5 млн. теңге жұмсалуда. Ғ.Мұстафин, Ботақара кенттері мен Сарытөбе ауылындағы бөгеттерді нығайтуға 13 млн. теңге бөлінді. Қазір әзірлік қызу жүргізілуде. 385 арнайы техника, 800-ден астам адам күші жұмылдырылуда, – деді өз сөзінде Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Сапар Сатаев.

Өңірдегі 24 елдімекенде дабыл қондырғылары орнатылды. Сондай-ақ, ауданда 14 мыңнан аса адамды қабылдай алатын 76 эвакуациялау нысаны ұйымдастырылды.

Жергілікті биліктің мәліметінше, 1500 тонна инертті материал қоры жасақталады. Су өткізу құбырлары мен арықтар тазартылуда. Ботақара кенті мен Доскей ауылы тұсында қосымша бес су өткізгіш орнатылады. Сонымен қатар, аудандағы елдімекендерден мың текше метрден астам қар тысқа шығарылған.

Биыл «Қарағанды – Тоғызқұдық – Ботақара» бағытындағы күрежол бойында жаңа көпірдің құрылысы басталады. Естеріңізде болса, 2015 жылғы су тасқыны кезінде көне көпір қирап қалған-ды.

Жобалық-сметалық құжаттар дайын. Біз төрт жолақты көпір сызбасын әзірледік. Ұзындығы – 132 метр. Бұрынғыға қарағанда 1 метр биік болады. Биылғы жылға көпір құрылысына 540 млн. теңге бөлінді. Конкурстық процедуралар басталды. Сәуір айының ортасында құрылысты бастау жоспарлануда. 2018 жылы жалғасады, – деді облыс әкіміне есеп берген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Абай Санаубаров.

Нұра өзені бойындағы ағаштарды кесу жұмыстары атқарылуда. Себебі, бұл ағаштар мұз көшуіне кедергі келтіруі мүмкін. Және арнаны аршу шаруасы қолға алынбақ. «Қазгидромет» мекемесінің болжамынша, облыстағы өзендер наурыз айының аяғынан сәуір айының орта шеніне дейін тасиды деп күтілуде.

3 наурыздан бастап аймақтық азаматтық қорғаныс ішкі жүйесі жоғары әзірлік режиміне көшірілді. Тасқынға қарсы қосымша штабтар құрылды. Күн сайын су тасқыны ахуалына қатысты ақпараттар жиналады. Ғарыштық мониторинг жасалуда. Тәулігіне екі мәрте ғарыштық түсірілімдер алып отырмыз. Әзірге, облыстың барлық аумағында қар жатыр. Өзендер мен көлдердегі мұз жібіген жоқ, – деді облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы Ибрагим Күлшімбаев.

Қазіргі уақытта негізгі су қоймаларындағы суды азайту шаралары атқарылуда. Мамандардың айтуынша, қар суын қабылдауға орын жетерлік.

Сапар қорытындысында Ерлан Қошанов өңірдегі су тасқыны жағдайымен танысу үшін ұшу бағдарын ұйымдастыруды тапсырды. Осыдан кейін облыстық штаб отырысында мәселенің мән-жайы егжей-тегжейлі қаралатын болады.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button