Руханият

Тарихы терең телеарна

«Saryarqa» – ақпарат саласының айнасы, облыстың басты арнасы. Тарихы тереңде жатыр. Көрерменнің көзайымына бөленген Қарағанды телевизиясына биыл – 65 жыл толып отыр. Менің өмір жолым осы цифрдың соңғы 43 жылымен тікелей байланысты. Яғни, тележурналист ретінде қасиетті қарашаңырақтың қазығына байланып, қазанында қайнап шықтым. Телеарнаның тарихына бір сәт үңілсек, алдымен есімізге алғашқы төраға Құрманғали Қасымжанов оралады. Ол журналистиканың мектебінен өтіп, «Советтік Қарағанды» (қазіргі «Орталық Қазақстан») газетінің жауапты хатшысы болған. 1958 жылдың 1 наурызы күні, облыстық радио хабарларын тарату және телевидение комитетінің басшысы болып қызметке кірісті. Қажетті мамандарды жинап, дайындық жұмыстарын бастап жіберді.

Телеспектакль. «Сарыарқа» телеарнасының мұрағатынан

Қарағанды телевидениесі 31 тамыз күні тұңғыш рет тікелей эфирден хабар таратты. Мұның да өзіндік сыры бар. Өйткені, сол күні Кеншілер мерекесі болатын. Көрермендер көк жәшіктен шахтерлерге арналған хабарды тамашалады. Содан соң, 30 күн бойы жаңа техникалар мен құрал-жабдық­тар сынақтан өтті.

Сол жылдың 11 қазанында Азия мен Африка жазушыларының кезекті съезі жайлы түсірілген алғашқы студиялық хабар көрермендер назарына ұсынылды. Оның авторы журналист Амантай Сатаев еді. Кейін ол қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алды, танымал жазушы, драматург атанды. Хабардың режиссері Өксікбай (Өмкен) Тойбаев болды. Бұл бағдарламаны телестудияның тұңғыш дикторы Майра Ахметова жүргізді. Алғашқы журналистер қатарында В.Ярошилов, А.Ким, Л.Маркман, А.Әлғожин, Базарбай Мұстафин, (кейіннен «Орталық Қазақстан» газетінде істеді) Қыздарбек Әкімбеков және В.Татенко сияқты азаматтар еңбек етті. Режиссерлік қызметке театр мамандары мен Алматы өнер институтының түлектері Айтуған Салықов, Құтпан Ералин, Хафиза Ысқақова, А.Гарин, А.Штейнбрехт, К.Багровалар келе бастады.

Комитет пен студия басшылығы бола­шақ дикторларды конкурстық негізде таң­­дап алды. Галина Рахимова, Ескендір Тишмағанбетов, Светлана Тарасова, Л.Маркман, А.Лариналар іріктеліп, сыннан сүрінбей өтті. Сондай-ақ, сол кездерде дыбыс операторы О.Бункин, режиссерлер К.Шилова, А.Га­рин, А.Тәжібаев, Р.Жаба­ева, Р.Смағұлова, бас редакторлар Қ.Қаюпов, М.Халиоллин, С.Брандорф, А.Хамидуллин, В.Татенко, дыбыс режиссері А.Леташ, редакторлар Л.Диккельбойм, Ж.Мұзапаров, Ш.Қалмағамбетов, бас кинооператор В.Воробьев, телеоператорлар ағайынды Виктор мен Владимир Холодков, Борис пен Юрий Лелюх және И.Шарий жұмысқа қабылданды. Олар Қарағанды телеарнасының қалыптасуына мол үлес қосып, ұзақ жыл еңбек етті. Өз басым осы кісілерден көп нәрсені үйрендім.

Ол жылдары телевизиялық хабарларды техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету ісі телевизиялық орталыққа жүктелген еді. Оның алғашқы әкімшілік-техникалық жетекшілері Н.Ковалев, К.Савин, В.Гаряга, А.Вабель, С.Малай, Т.Иванова, В.Хименко, Н.Петлюк, Е.Ермоленко болатын. Осындай іскер де, білікті басшылардың арқасында теледидар ұжымы көрермендеріне үздіксіз телеөнімдер ұсына бастады. Алғашқы жарты жылда Қарағанды телевизиясының алуан тақырыптарды қамтыған хабарлары аптасына үш рет эфирге шығып тұрды. Оларды жал­пы қоғамдық-саяси, әдеби-драмалық және балалар мен жастар редакцияларының шы­ғармашылық ұжымы дайындайтын. Кейінірек көрсетілім уақыты артып, музыкалық хабарлар редакциясымен толықты.

65 жылдық тарихы бар телевизия Арқа өмірінің шежіресі деуге тұрарлық. Өйткені, Қарағанды облысының барлық саласынан түсірілген материалдар саны қазір 7 мыңнан асып жығылады. Телестудия 60-тан астам телевизиялық фильмдер түсірді. Олардың арасында республикалық және бүкілодақ­тық телебайқаулардың жеңімпазы атанып, арнайы сыйлықтармен марапатталған: «Через годы», «Ленинград – Қарағанды», «Я варю сталь», «Қарқаралы қарлығаштары», «Битва за хлеб», «Сарыарқаның саңлағы» – деп аталатын туындылар бар.

1975 жылы бейнемагнитофондар мен біраз телекамера сатып алынды. Жылжымалы телевизиялық станцияға, яғни, ПТС-ке қолымыз жетті. Соның арқасында Теміртау, Шахтинск, Абай, Саран сияқты қанаттас қалалар мен ауылдық жерлерден арнайы хабарлар дайындап, тікелей репортаждар жүргізілді. Біз Қазақстандағы Алматы мен Өскеменнен кейінгі алғашқы телестудиялардың бірі екенімізді мақтан тұтамыз.

Телеарнаның фонотекасында 150 дана «MAXIM» кассетасы сақтаулы. Ол 1970-1980 жылдардағы облыстың бейне шежіресінен сыр шертеді. Кезінде телевизияның техникалық жағдайына және жазып алу кассеталарының тапшы болуына байланысты хабарлардың түпнұсқасын сақтап қалу мүмкін болмады. Кейіннен шығармашылық ұжым «S-VHS» кассетасымен жұмыс істеді. Қазір оның 1800 данасы фонотекада тұр. Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысына дейін пайдаланылған бұл бейнетаспада облысымызда өткен даталы мәдени шаралар және жекелеген хабарлар қамтылған. 2000 жылдардан бері журналистер «DVCPRO», «DVCAM» кассеталарымен жұмыс істеуге көшті. Бұл таспалардың сапасы әлдеқайда мықты, әрі жазылым көлемі ұзақ.

Теміртаудағы Металлургтер мәдениет үйі орналасқан көше көрінісі

Қазір алтын қорда сақтаулы материалдар жетерлік. Әр жылдары көрермендердің көңілінен шыққан «Жас қанат», «Біз жанбасақ», «Ойлан-тап», «Шахтерский канал», «Айтыс», «Қонақкәде», «Жансарай», «Өнерлі өрендер», «Ауыл тынысы», «Житейские историй», «Үт», «Сіз бен біз», «Ғибрат», «Арайлы Астана», «Дат», «Сарыарка – колыбель дружбы» атты хабарлар бейнеқорымыздың қатарын толықтыра түсті. Олардың арасында, журналист Гүлнар Бұхарбаеваның 100-ден астам («Әйел әлемі», «Руханият», «Парасат») тарихи, танымдық хабары бар.

Бұл бағдарламаларды дайындаған: Әшім­хан Жанпейісов, осы жолдардың авторы және әр жылдарда қызмет атқарған Шәмшит Қалмағанбетов, Масғұт Халиоллин, Садық Таласбаев, Хамза Ахметов, Дәния Омашева, Сағат Батырханова, Галина Балбекова, Майя Привалова, Насыр Әуез­ов, Мартбек Тоқмырза, Айтбала Сүлейменова, Ерлан Төлеутай, Жеңіс Сармурзин, Меруерт Әбдәлиева сияқты редакторлар. Сондай-ақ, алтын қорда штаттан тыс хабар жүргізуші: Теміртай Хамзабаев, Ризалық Өкпенов, Тілеуғалы Әміртаев, Зарқын Тайшыбаев, Өмірзақ Амантаев, Сламбек Жұмағалиевтің әзірлеген бағдарламалары сақталған.

Телевидение – ұжымдасып жұмыс істеу­ді қажет етеді. Эфирге шыққан кез келген материалда редактор мен режиссердің, кинооператор мен монтажердің және дыбыс режиссері мен телеоператордың қолтаңбасы бар. Осы мамандық иелері: С.Жанысбаев, К.Құдабаева, М.Байжанова, Ю.Лелюх, Ә.Сексенбаев, М.Сүлейменов, Ә.Айтымбетов, Қ.Әлиев, М.Ғабдулин, А.Упашева, Р.Әпсалямова, Р.Ысқақова, О.Кузменко, С.Мұс­­тафина, Н.Метелов, Г.Шилляева, В.Мар­­тюшина, Н.Әліпбекова, Қ.Таңатова және бас инженер В.Амочаев, суретші-декоратор О.Безуглова, бағдарламаның жауапты шығарушысы К.Темірбаевалардың қосқан үлесі қомақты.

Бұл күндері кеншілер қаласында жергілікті жекеменшік телеарналар жетерлік. Бірақ, солардың ішінде «Saryarqa» телеарнасының шоқтығы биік, мәртебесі жоғары. Еліміздің ең ірі медиахолдингі «Қазақстан» ұлттық арнасының филиалы болып саналады. Мемлекеттік арна болғандықтан, түрлі жанрдағы қоғамдық-саяси бағдарламаларға ерекше басымдық берілген. Тәулігіне 14 сағат бойы, аптасына 7 күн эфирге шығатын хабарларға жоғарыдағыдай міндеттер жүктеліп отыр. Бұған дейін әр жылдар «Қарағанды», «КарТВ-3», «Қазақстан-Қарағанды» – деп аталып келген, бүгінгі «Saryarqa» («Сарыарқа») теледидарының ұжымы сан алуан тақырып пен жанрды қамтитын 30-дан астам өз бағдарламасын дайындайды.

Әсіресе, аймақ айнасына айналған қазақ және орыс тіліндегі «Жаңалықтар» ре­дакция­сының қызметін ерекше айтқан жөн. Кезінде қолына қаламсабы мен микрофонын қоса ұстаған Шәмшит Қалмағанбетов, Садық Таласбаев, Клара Долдинова, Миртай Ақшолақов, Владимир Дайко сияқты әріптестеріміз жаңалықтың жаршысы бола білді. Қазіргі кезде журналистер облыс көлеміндегі күнделікті соңғы жаңалықтарды әр үш сағат сайын көрерменге жеткізіп отырады. Заманауи техниканың жетістіктерін пайдалану үшін оларға барынша жағдай жасалған. Тілшілер дайындаған жаңалықтар бір рет қазақ және орыс тілдерінде сурдо­аударма арқылы беріледі. Облыс тұрғындарының 100 пайызы «Жаңалықтар» бағдарламасын «Спутниктік» жүйе арқылы көре алады. Өңірде тек біздің жаңалықтарымыз тікелей эфирге шығады. Сондай-ақ, бізді «Отау ТВ» арқылы немесе арнайы ашылған www.sarуаrqatv.kz сайты арқылы Республика көрермендері де тамашалайды.

Осы күнге дейін облыстық телеарнаның төріне шығып, төраға болғандардың саны онға жетіпті. «Жақсы адамдар ғана, жақсы басшы бола алады», – деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, олардың да өзіне тән қолтаңбасы қалды. Атап айтсақ, Қали Аманбаев, Қасымжановтан кейін он жылға тарта ұжымды басқарып, мол еңбек сіңірді. Енді ғана өз сүрлеуі қалыптаса бастаған Қарағанды теледидарының проблемалары ол кезде жетерлік еді. Оның оңтайлы жолдарын қарас­тырып, Қалекең қиындықтан шыға білді.

Әлжан Кенжебаев үш жылдың ішінде бағдарламалардың санын арттырып, хабарлардың таралымын ұлғайтты. Жастарды көбірек жұмысқа тартты. Он жыл төрағалық тізгінді ұстаған Степан Тимофеевич Путиев те жайлы креслоға жайғасып, құр қарап отырмады. Алдымен, кадр мәселесін қолға алды. Телестудияның ішкі құрылымын жаңартып, бірнеше жаңа автокөлікке қол жеткізді. Бұдан соң, ұжымды басқарған Димитрий Павлович Телегин жеті жыл тер төкті. Нәтижесінде, редакторларға жақсы жұмыс істеу үшін, жағдайлар жасады. Ол кездерде кинопленкалар мен кассеталар және телекамералар жетіспейтін. Басшылармен тіл табысып, олардың санын көбейтті. Тіпті, орынбасары В.Курилов екеуі Қытай еліне барып, біраз техникалық жабдықтарды алып келгені есімде.

Бақытжан Мұқұшев небәрі екі жыл ғана еңбек етті. Аз уақыттың ішінде қолбайлау болған өзекті мәселелерді шешіп берді. Мысалы, телестудиядағы хабар жазатын барлық техникалық қондырғылар, кино түсіретін камералар, тіпті, күнделікті қажетімізге жарап жүрген автокөліктер «Телеорталық» деген дербес мекемеге қарайтын. Түрлі себептермен хабарлар белгіленген уақытынан кешігіп жазылса, қаржылай қомақты айып салатын. Бұл дегеніңіз – шығармашылық ұжымның жалақысына қол салу! Осы мәселені шешу үшін министрлікке дейін барды. Ақыры әлгі мекеменің көзін құртып, телевидениенің қарамағына кіргізді. Сол жылдары өзге облыстағы әріптестері арнайы келіп, тың дүниенің тылсым «сырымен» танысып қайтқан еді. Өйткені, олар да жоғарыдағыдай қиындықты бастан өткізетін. Бақытжанның кезінде телеарнаның беделі бірден көтерілді. Сын материалдар жиі берілді. Ешқандай басшылықтан қаймықпады. Демократиялық үрдіс қалыптасты. Ақыры жоғары шенділер оның соңына түсіп, қызметтен кетірді.

Жазушы-журналист Өтен Ахметов – төрт жыл төраға тағына отырды. Алдымен, «Жаңалықтар» редакциясына көңіл бөліп, жұмысын барынша жандандырды. Көлемді бейнесюжет пен шұбалаңқы сөз тіркес­терін қысқартып, мәтіннің сапалы болуын талап етті. Қызметкерлердің қордаланып қалған тұрғын үй мәселесін шешіп, үш жылдың ішінде 10 адамға тегін үй әперді. Жыл соңында барлық қызметкер алғаш рет қаржылай көтерме сыйақы алып тұрды.

Бұрынғы Жезқазған облыстық теледидарының директоры болған, Сәбит Байдалы 1997 жылы Қарағандыға келіп, телеарнаның тізгінін ұстады. Тәжірибелі басшы, барлық мәселе қаржыға тіреліп тұрғанын, ол үшін демеушілер керектігін еске салды. Өзі бастап, журналистер қостап, «Валют-Транзит», «Испат-Кармет», «Қазақмыс» сияқты алпауыт кәсіпорындармен сөз байласты. Нәтижесінде, аталмыш компаниялар туралы хабарлар мен жарнамалық бейнесюжеттер ұдайы берілді. Одан түскен ақшаға екі киловаттық телехабар тарататын қуатты қондырғы, бірнеше компьютер және үш кинокамера сатып алынды. Солардың арқасында телехабарларымызды шалғайдағы ауыл тұр­ғындары көре бастады.

Әбдіжапар Әбдәкімов бес жылдай бас­қарған кезде, телекомпанияның 3 жылға арналған концепциясы қабылданды. Ғаламтор жүйесі іске қосылды. Әр жексенбі күні кешке «Апта» атты қорытынды ақпараттық бағдарлама шығып тұрды. Бұдан басқа да ұлттық рухымызды ұлықтап, тіліміз бен тарихымызды және салт-дәстүрімізді насихаттауға арналған бағдарламалар саны көбейді. Ол жылдары еліміздегі экономикалық жағдайлардың қиындығына қарамастан, Әбекең телеарна ұжымының ай сайынғы еңбек жалақысын уақытында алуына мүмкіндік жасады. Қаржы тапшылығына қарамастан журналистер іссапарға уақытылы шығып тұрды.

Қазіргі телеарна басшысы Берік Дүйсетаев көптен бері жемісті еңбек етіп келеді. Атқарған істері – ауқымды. Алдымен, тұралап қалған филиалдың материалдық-техникалық базасын барынша жаңартты. Бағдарламалардың көрсетілу сапасын жақсарту үшін, бірнеше шетелдік қондырғы сатып алды. Қаражат табудың механизмін дұрыс пайдалана білді. Осындай мүмкіндіктерден соң, шығармашылық ұжымға талапты барынша күшейтті. Ол өз нәтижесін берді. Бір сөзбен айтқанда, республика филиалдарының арасында соңында келе жатқан телеарнамызды көш басына шығарды. Қазір біздің арна он жылдан бері Ұлттық корпорация бойынша үздіктер қатарынан түскен емес.

Білікті басшы кадр мәселесін де дұрыс іріктеп, кәсіби мамандардың қатарын бі­лімді жастармен толықтырды. Осында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған 24 журналисіміз республикалық газеттер мен жетекші арналарда, тіпті, шет елдерде меншікті тілші болып істеп жүр. Бекең келгелі бері 32 қыз­меткер облыс әкімінің «Алтын Сұңқар» сыйлығына ие болды. Тұңғыш рет телеарна тарихынан сыр шертетін мұражай ашылды. Автокөліктер жаңартылып, еңселі ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Мыңдаған ескі кассеталардағы материалдар көшіріліп, цифрлық жүйеге енгізілді. Айта берсек, жетістіктер жетерлік…

Жалпы, телевизия – үлкен идеология­лық күш, стратегиялық маңызы зор құрал. Біздің басты міндетіміз – мемлекеттің сындарлы саясатын ақпараттық жағынан объективті қамтамасыз ету. Қорыта айтқанда, 65 жылдан бері көрерменнен көз жазбай келе жатқан Қарағанды облыстық телекомпания­сы – қазір республикамыздағы алдыңғы қатарлы қарашаңырақтың бірі.

Әли ТОЙЖІГІТОВ,
облыстық «Saryarqa» телеарнасының ардагері, Қазақстанның Құрметті
журналисі, ақпарат саласының үздігі,
ҚР Мәдениет қайраткері

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button