Жаңалықтар

Тарихшылар қолдайды

   Елбасы биылғы Жолдауында әлемдік бәсекелестікте дамыған отыз елдің қатарына кірудің айқын жолдарын көрсетіп берді. Жолдаудағы он басымдылық бүкіл Қазақстан халқына еліміздің алдында тұрған және атқарылуға тиісті экономикалық, рухани, технологиялық іс-шараларды нақтылайды.

Қазба байлығы өте мол Қазақ жерінде жаңа технологиялар негізінде индустрияландыру жұмыстарын жаңа сатыға көтеру керек. Оған елімізде барлық мүмкіндіктер барын айтқан Президент кәсіпорындарға цифрландыруға бағытталған жаңа технологияларды кеңінен енгізіп, қазақстандық өнімдерді әлемдік стандартқа сай шығару керектігін ерекше атады. Ол үшін жаңа технологиялармен дайындалған құрал-жабдықтарды әзірлеп, сыннан өткізу міндетінің ерекшелігін көрсетіп берді.

Еліміз ХХІ ғасырдағы әлемнің ресурстарға деген мұқтаждығын тиімді пайдаланып, экономиканы дамытуға барлық жағдайды жасау керек. Осы бағытта табиғи ресурстарды игеру, индустриаландыруды ұйымдастыруды әлемдік талапқа сай құру керек деген ұстанымы біздің еліміз үшін өте маңызды.

Бүкіл әлемге Қазақстанның энергетикалық қуатының мүмкіншілігін көрсеткен «ЭКСПО – 2017» көрмесіндегі баламалы энергия саласын дамытуға ұлттық ғылымды бағыттап, қолдау көрсету керектігі – дер кезінде айтылған терең ойлардың бірі.

Елбасының Жолдауында әлемдегі «жасыл» технология әдіс-тәсілдерін кеңінен пайдалана отырып, әр өңірде экологиялық тазалықты сақтаудың маңызыдылығын көрсете келіп, бүгінгі экологиялық кодекстерге өзгерту енгізуді тапсырды. Бұл міндет Ұлы Дала еліндегі табиғи үйлесімдікті сақтап тұрудың бірден-бір жолы екендігін көрсетті.

Бүгінде кең байтақ қазақ даласында дәнді дақылдардың әр түрлері өсіріледі. Ол өнімдер ішкі тұтынуды барынша қамтиды. Алайда, сол шикізатты ғылыми негізде қайта өңдеп, әлемдік стандартқа сәйкестендіріп, экспортқа шығарса, Қазақстанның әлемдік азық-түлік нарығында лайықты орын алатындығын Президент көрсетіп берді. Ол үшін аграрлық саланы жаңа технологиялар, озық білім мен тәжірибелер және ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау арқылы дамытудың жолдарын айқындады.

Еліміздің шығысы мен батысын, оңтүстігі мен солтүстігін бір-бірімен байланыстырып тұратын «Нұрлы жол» бағдарламасы бүгінде өз нәтижесін беріп келеді. Осы бағдарламаны жетілдіру арқылы көлік, логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру нақтыланды. Ол үшін еліміздің аумағынанан барлық жүк қозғалыстарының кедергісіз өтуіне мүмкіндік жасайтын жаңа технологияларды енгізуді жетілдіру және тездету міндеттерін де түсінікті түрде баяндап берді.

Бұдан 20 жыл бұрын еліміздің астанасын Целиноград қаласына көшіру туралы шешім қабылдауы – Елбасының көрегендік саясатының нәтижесі. Бүгінде Астана қаласы – құрылыс пен коммуналдық сектордың озық заманауи технологияларының негізінде дамып келе жатқан қалалардың бірі. Осындай жетістіктерді Қазақстанның барлық аймағындағы тұрғын үй бағдарламасын іске асыруда пайдаланудың қажеттігін өмірдің өзі талап етуде. Осы идеяны жалғастырудың көрінісі Жолдаудағы халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті болып саналады. Осы орайда, Президент құрылыс салудың жаңа әдістерін, отандық құрылыс материалдарын және жоспарлаудың озық үлгілерін кеңінен пайдалану қажеттілігін атап көрсетті. Мұның өзі Отандық құрылыс материалдарын шығаруға мүмкіндік береді және ұлттық архитектураның дамуына жол ашады.

Жолдаудың халық мүддесін ойлаған тағы бір басым бағыты – қаржы секторына байланысты. Осы тұрғыда банктердің жеке тұлғаларға, кәсіпкерлерге несие берудегі іс-әрекеттерін қадағалау, азаматтардың мүдделерін қорғауға мемлекеттік кепілдік беру мәселесін өте жақсы көрсетіп берген.

Біздің пікірімізше, Жолдаудың барлық басымдылықтары халықтың мүддесіне сай. Соның ішінде, адами капитал – жаңғырудың негізі. Өйткені, білім, өндіріс, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй, көлік, логистика және стратегиялық маңызды барлық салаларды дамытатын адам. Осының мәнін жоғары бағалаған биылғы Жолдауда Елбасы Ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімдік деңгейімен айқындалатындығын атап көрсетті. Мектепке дейінгі білім беру жүйесін жетілдіру үшін жаңартылған бағдарламалар дайындау, орта білім беру саласында бағдарламаның мазмұнын жаңарту және жаңа оқулықтар дайындау. Осының барлығын іске асыратын заманауи технологияны, үш тілді меңгерген ұстаз мамандардың жалақыларын көтеру мәселесі де өз шешімін тапқан. Бүгінде жас ұрпақтың жан-жақты білім алуы үшін мемлекет тарапынан барлық мүмкіншілік жасалып жатыр.

Заман талабына сәйкес, кәсіптік техникалық білім беруді жетілдіру арқылы жастарға өнеркәсіп саласына қажетті мамандықты игеруге мүмкіндік беру үкіметтің басты міндеті деп көрсетілген. Бұл да – жастарға болашақта өз жолдарын табуға мүмкіндік беретін игі бастама.

Президент Жолдауындағы өте қажетті маңызды міндеттердің бірі – барлық қазақстандықтарға, оның ішінде, шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім алуға мүмкіндік беретін іс-шаралардың негізі – үздік оқытушылардың видеосабақтары мен видеолекцияларын интернетке орналастыру арқылы іске асыру. Ол үшін елімізде барлық жағдай жасалған.

Металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және ІТ технологиялар салаларын дамытуға мүмкіндік беретін жоғары оқу орындарындағы ғылымды дамыту керек деген міндеттің маңыздылығы зор деп санаймыз.

Жолдаудағы құнды стратегиялық маңызды міндеттердің ішінде білім беру саласына экономиканың жеке тармағы ретінде қарау керек деген тұжырым өте құнды. Себебі, жоғары оқу орындары инвестициялық жобалар жасай алатын экспорттық әлеуеті бар ғылыми орталық екендігі даусыз. Осы орайда, жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік беру, оқытушылардың біліктіліктерін жетілдіруге күш салып, шетелдік менеджерлерді тарту мәселесі де айқын көрсетілген. Өйткені, жоғары оқу орындарындағы зиялы қауымның, ғалымдардың экономиканы, мәдениетті және идеологиямызды дамытуға, рухани жаңғыруға үлес қоса алатын әлеуеті бар екендігі айтылады.

Дамыған отыз елдің қатарына кіру үшін мемлекеттің барлық саласында ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жетілдіру міндеті де қойылды. Жемқорлыққа жол бермеу және онымен күресу мәселесі де айтылды.

Елбасы өз Жолдауында Астана қаласының 20 жылдығын сөз етіп, бас қаланың әлемдегі мәдени орталықтардың қатарынан табылуы үшін заманауи технологиялар қолданып, мегаполистерді жетілдірудің жаңа тұжырымдамасын жасауды міндеттеді.

Қарағанды мемлекеттік университеті тарих факультетінің ұжымы Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы көрсетілген ұлтымыздың дамуы үшін өте маңызды он міндетін тарихи маңызды құжат деп санайды. Жолдаудың барлық тармақтары қазақстандықтарға елдің болашағы үшін атқарылатын бүгінгі күнгі ауқымды істерге белсенді түрде араласудың қажеттігін көрсетеді.

Н.БЕЙСЕНБЕКОВА,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың

тарих факультетінің доценті,

Т.САҚАБАЙ,

аға оқытушы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button