Басты тақырыпПрезидент

Тарихи құжатқа қол қойылды

      Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 10 наурызда «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға жария түрде қол қою рәсімінде сөз сөйледі,- деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Қадірлі қауым!

Құрметті қазақстандықтар!

Біз бүгін мемлекетіміз үшін мәні зор тарихи шешімнің жүзеге асатын сәтіне куә боламыз. Мен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға жария түрде қол қойғалы тұрмын.

Бұл – қазіргі басқару жүйесін жаңғыртуға бастайтын маңызды қадам.

Заң билік тармақтары ара­сындағы қарым-қатынасты конс­ти­туциялық деңгейде тең­герімді етуге бағытталған. Оның жобасы бір ай бойы қызу қоғамдық талқылаудан өткенін білесіздер. Соның нәтижесінде жұртшылық тарапынан 6 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті.

Арнайы құрылған жұмыс тобы бұл ұсыныстардың барлы­ғын сараптап қарап, бір тұжы­рымға келді.

Біз көпшіліктің Ата Заңдағы 26-бапқа өзгеріс енгізу жөніндегі ұсынысқа қатысты пікіріне ерекше мән бердік. Ұсыныстардың бәрі мұқият қаралған соң мен түп­кілікті жобаны Парламент қарауына енгіздім.

Парламенттің бірлескен оты­рысында екі рет қаралып, қабыл­данған бұл заң билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қай­та бөледі. Сол арқылы заң шыға­рушы билік пен Үкіметтің мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа рөлі айқындалады.

Біз өкілді органның құзырын кеңейтіп, Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін арттырдық.

Мен қоғамдық талқылауға белсене атсалысқан ел азамат­тарының бәріне шынайы риза­шы­лығымды білдіремін. Сон­дай-ақ, жұмыс тобына зор алғыс айтамын. Жұмыс тобына мемле­кеттік қызметшілер, Пар­ламент депутаттары, заң­герлер, уни­вер­ситеттер басшы­лары қатысты. Пар­ламент депутаттары көп ұсы­ныс енгі­зіп, нақты жұмыс істе­ді. Барлық шаралар үшін рах­мет айтамын. Заңмен жұмыс жүр­гізіп, маңызды міндет атқарған Пар­­ламент депутаттарына да көп рахмет. Осылайша, Отаны­мыз­дың басты құжаты кемелдене түсті.

Конституциядан кейін қол­даныстағы заңдарға өзгерістер енгізіледі. Осыған орай тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Енгізілген заңды мен Конс­титуцияның талабы бойынша Конституциялық Кеңес­ке жіберіп, бұл заңның Конституцияға және Қазақстанның заңдарына сай екені жөнінде тағы да дәлелдеме алдым.

Енді заңға қол қойып, іске асыруға болады.

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгінгі реформа – мем­ле­ке­тіміз да­муы­ның заңды нә­ти­жесі. Біз – өз мемлекеттілігін құру үстіндегі жас елміз. Бізге өзгеріс үстіндегі дүние талаптарына экономикада да, сондай-ақ, сая­сат­та да жауап беруіміз қажет.

Президент өкілеттіктерінің бірқатары биліктің басқа тар­мақ­тарына беріледі. Үкі­мет қабыл­дайтын шешімдері үшін өзі­нің жауапкершілігін күшей­теді. Парламент Үкімет пен атқа­рушы органдардың қызмет­терін бақылау үшін жаңа өкілет­тік­терге ие болады. Еліміздің конс­ти­туциялық құрылысы, егемен­дігі мен тәуелсіздігі мыз­ғымастығының кепілдігі нығая түсетін болады.

Саяси жүйе демократиялылық пен орнықтылықтың үлкен дең­гейіне қол жеткізеді. Сонымен бір мезгілде, басқарудың прези­денттік формасы Қазақстан Респуб­ликасының базалық ірге­тасы болып қа­лады. Заң жобасын талқылау барысында жұртшылық президенттік биліктің әл­­сі­реуіне қатысты өздерінің алаң­дау­­шылықтарын білдірді. Бар­шаны еліміздің тұтастығы, мемле­кетіміздің тұрақтылығы, халқы­мыздың бірлігі мен досты­ғы толғандырады. Билік теңгерім­ділірек, икемдірек және тиімдірек бола түседі. Қабылданатын өзге­рістер өзінің мәні жөнінен жүйе­лі, олар кең қоғамдық резонанс туғызып, қолдауға ие болды.

Жұмыс тобының мүшелеріне, Парламент депутаттары мен барша қазақстандықтарға конс­титу­циялық реформаларды жүзеге асырудағы қолдауы мен баға жеткізгісіз үлестері үшін шын көңілден шыққан ризашы­лығым мен құрметімді білдіре­мін. Мен сондай-ақ, Отан игілігі жолындағы еңбегімді халық қалау­лыларының Конституцияға ерекше түзетумен атап өтуді ұсын­ғанын оң бағалаймын. Бұл хал­қымыздың мүддесі үшін ре­формаларды әрі қарай жүргізуге ынталандырып, сенімділік пен күш-қуат береді.

Жолдауда айтылғанындай, бүгінгі күнгі жедел техно­ло­гия­лық революция жаһандық эконо­микада жаңа шынайы өмір қа­лып­тастырып отыр. Жаңар­тылған Конституция – бұл уақыт сын-тегеурініне біздің жауа­бымыз. Стратегиялық мақсат – әлемдегі аса дамыған 30 елдің қата­рына енуге қол жеткізу үшін Қазақстанның барлық азамат­тарына өздерінің күш-жігерлерін біріктіру маңызды.

Бәріміз бірге ХХІ ғасырда елі­міздің табысты дамуын, хал­қы­мыздың өсіп-өркендеуін қам­тамасыз ете алатынымызға сенім­­дімін. Реформаның негіз­гі мақ­саты да осы – бірлігі­міз­ді, достығымызды, өзара түсі­­ніс­­­тігімізді, азаматтардың эт­нос­тық, тілдік және конфес­сиялық қағидаттар бойынша тең­­дігін сақтау. Осы топтасқан­дығы­мыз­дың арқасында біз талай мәрте жеңістерге жеттік. Осы посту­латтарға сүйене отырып, біз жаңа жеңістерге жететін бола­мыз.

Барлық қазақстандықтарды біздің еге­менді саяси тари­хы­мызда жаңа кезең ашатын Негізгі Заңға өзгерістер қабылдануымен құттықтаймын.

(«Егемен Қазақстан» газетінен).

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button