Руханият

Тарихи тұлғалар тасада қалмасын

 (Біләл Сүлеевтің туғанына 125 жыл толуына орнай)

«Қапал – Жетісу жерінің асыл қазынасы» – деп, Дінмұхамед Қонаев атамыз бекер айтпаса керек. Тарихтың небір қилы кезеңін өткеріп, сырларын сұлу көркіне жасырған бұл киелі жерден небір батырлар, ақын-жазушылар, шешендер мен игі жақсылар шыққан ғой. Сондай ел үшін еңбек етіп, халыққа білім нәрін берген, алаштың біртуар ардақты азаматы – Біләл Сүлеев. Биыл Біләл Сүлеевтің туғанына 125 жыл толып отыр.

Ол 1983 жылы Қапал уезі, Баянжүрек тауының баурайында дүниеге келген. Өзінің білімге деген құштарлығы мен талабы оны биік деңгейге жетеледі. Біләл Сүлеев сонымен қатар: драматург, ақын, сатирик, журналист. Орынборда семинарияда оқып жүріп, сол жерде шығатын «қазақ» газетінде істейді. Газет беттеріне «Матай», «Қаптағай» деген бүркеншек атпен бірнеше өлеңдер мен мақалалары шығады. Біләл Сүлеевтің «Қартаға салынған қатын» комедиялық шығармасы бірнеше рет Алматы сахнасында қойылады. Сонымен қатар халыққа танымал, белгілі шығармалары: «Қайтсең көсем боласың», «Нақысбек», «Қабанбай мен Сазанбай», «Жұт жеті ағайынды», «Қазақ мұғаліміне». Оның шығармалары қоғамға ұнамсыз жайттар мен оқиғаларды сатира жанры арқылы сынап жазылған. Бұдан бөлек те көптеген шығармалары бар.

Біләлдің жары да белгілі ағартушы, ақын – Фатима Ғабитова, өзінің естеліктерінде: «Біләл – асқан ақылды, келешекті терең болжай алатын ардақты азамат еді» – дей келе, Біләлдің ағарту ісіне де айрықша еңбегі сіңген қайраткер екенін келтіреді. Біләл 1928-1929 жылдары Ақтөбе облыстық білім бөлімін басқарған. 1930 жылдары жер бөлініп, Ташкент Өзбекстанға, Орынбор Ресейдің Орталық Волга өлкесінің құрамына кеткенде, сол қалалардағы оқу орнындарын Орал мен Семейге көшіруге жұмыстар атқарған. Өзі Семейге көшіріп әкелген институттың ректоры болып тағайындалып, оқытушыларды іріктеу жұмысын жүргізіп жүргенде НКВД тұтқынға алады. Екі жыл отырып шыққан соң Мәскеуге кетеді. 1934 жылы Қарақалпақ НарКомПросына Мәскеуден жіберіледі. 1937 жылы сол жақта жоғары оқу орындарын басқарып тұрған кезінде НКВД қамауға алып, жоқ қылады.

Фатима Ғабитованың Біләл Сүлеев жайлы келтірген деректерін оқысақ: ол жерде Біләлдың ер азаматқа тән болмысына, еңбекқорлығы мен ел үшін атқарған істеріне ерекше тоқталады. Алашқа адал қызмет еткен, көрнекті қоғам қайтаркері, ақын, сатирик, журналист, ағартушы – Біләл Сүлеев жайлы көптеген зерттеу жұмыстары керек-ақ. Біләл жайлы әлі де тың деректер табылып, жазылады деп үміттенеміз. Осындай киелі өңірден шыққан алаштың ардақтыларын мақтан тұтамыз.

Қалқаман Абдрахманұлы,

Ақын Сараның мемориалды музейінің қызметкері.

Қапал ауылы. 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button