АймақҚарқаралы

Тарихи ғимарат өртенді

Қарқаралыдағы екі ғасырға жуық тарихы бар көне ғимаратты қызыл жалын шарпыды. Оқыс оқиға сенбі күні, 1 сәуірде тіркелген. Бір шеге қағылмай салынған ғимарат өз алдына ерекше сәулет ескерткіші болған. 1909 жылдары алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі Сәдуақас Чалымбетов те осы үйде тұрған екен. Қазір Қарқаралы аудандық аумақтық инспекциясына берілген тарихи нысан жарамсыз болып қалды.

Қаланың Бөкейханов көшесінің бойындағы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетiнiң Қарқаралы аудандық аумақтық инспекциясының бір қабатты ғимаратында өрт шыққан. Бір шеге қағылмай, толығымен ағаштан салынған ғимараттың төбесі, қаңқалары, терезе және есік блоктары, жалпы алаңы 200 шаршы метр алаңдағы жиһаздар мен кеңсе жабдықтарын жалын шарпып, 85 шаршы метр төбесі құлаған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Аудан әкімі Ерлан Құсайын Facebook парақшасында көне ғимараттағы өрттің тоқ желісіндегі ақаудан тұтанғанын айтты. Осы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізіп, құзырлы мекемелерге тарихи ғимараттардың өртке қауіпсіздік жағдайын тексеру жөнінде тапсырма бергенін хабарлады. Сондай-ақ, тарихи ескерткішке жататын басқа да нысандарда өрт қауіпсіздігін сақтауды және сақтық шараларын пысықтауды, сонымен қатар, қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне өрт қауіпсіздігі бойынша сақтық шараларын түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырғанын атады.

Айта кетейік, Қарқаралы ауданы бойынша мемлекет қорғауына алынған 301 тарихи нысан бар. Оның 15-і Қарқаралы қаласында орналасқан. Аудан әкімінің айтуынша, тарихи ескерткіш ретінде 70 нысанды мемлекет қорғауына алу туралы облысқа ұсыныс жолданған.

Ал, өкініштісі өртенген екі ғасырлық тарихы бар ескерткіш мемлекет қорғауына алынбаған…

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button