Теміртау

Тарих сахнасында – Тәуелсіз Қазақстан

     Жуырда Теміртау қаласының мәдениет үйінде қала әкімі Ғалым ӘШІМОВТІҢ қатысуымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Тұңғыш Президентіміз түлеп ұшқан металлургтер қаласына біз де ат шалдыр­ған едік.

     Еркіндік – ерекше ұғым. Тәу етеріміз Тәуелсіздік болғасын, бабаларымыз аңсап өткен асыл мұра – Азаттықтың алдында бас имейтін Алаш баласы кемде-кем болар. Сақтардың салтын сақтап, ғұндардың ғұрпын ұстанып, түбі бір түркі жұртының түндігін түріп отырған Ұлы Тұран топырағы, сол топырақты ата қоныс еткен қазақ халқы – басынан небір зұлмат жылдарды өткеріп, құрып кету мен іріп кетудің аз-ақ алдында қалды. Қалмақтың қалқанында туралып, отарлау отында күйген, «Қазан төңкерісінде» қазандай төңкеріліп, аштықта азап, соғыста тозақ кешкен қайран қазақ өзі аш-жалаңаш жүргеніне қарамай, саяси қуғын-сүргін жылдары күштеп қоныс аударған келімсектерді қонағындай көріп, бауырына басқаны – адамзатта бол­маған адамгершіліктің үлгісіндей еді. Майдан даласында қан кешкен жауынгерлерді қамтамасыз етуде Қазақстанның атқарған ролі орасан. Барлық кәсіпорындар әскери өнім шығаруға көшкен уақыт. Сөйтіп, 1944 жылы 31 желтоқсанда Теміртау қаласындағы металлургиялық зауытта алғашқы болат балқыды. Араға он төрт жыл салып Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та осы қалаға ат басын бұрды.

     Таптаурын концерттік бағдарламалардан ада, тың соқпақ, өзіндік сүрлеуімен ерекшеленген Теміртау қаласындағы Азат­тық тойынан алған әсеріміз – осы. Ине шаншар орны жоқ кең шаңырақтың киелі сахнасындағы алып экраннан Алаш қайраткерлерінің, «Желтоқсан көтерілісі» боздақтарының ақ жарқын жүзін көріп, Еркіндік жолындағы ерен ерлікті ұсынғанымыз да сонда. Аттан түсіп, азаттығынан айырылған қазақтың бүгінгі бодандықтың қыл бұрауынан босаған бүгінгі ұрпағы қайратына қайта мініп, рухы аспандап әкетті. Жер иесі, ел иесі қазақ екенін ұғындырды.

Аса құрметті жерлестер, қадірлі қонақтар! Сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан экономикасын дамыту жолында халық бірлігіне үлкен назар аударады. Тұңғыш Президентіміздің салиқалы саясаты арқасында біз әлемге танымал ел болдық. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан ретінде тарихта өз орнымызды алдық. Бұл – барша қазақстандықтар үшін үлкен абырой, зор мақтаныш. Құрметті қауым, баршаңызға Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын. Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт және табыс тілеймін. Еліміздің болашағы жарқын болсын, – деді Ғалым Әшімов.

    Сөз соңында Теміртау қаласының әкімі ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, еселі еңбегі мен қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан азаматтарды мерейтойлық медальдармен марапаттады. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button