Жаңалықтар

Тарих бұрмаланбаса екен

Күштеп ұжымдастыру қазақ үшін жер аударумен шектелген жоқ. Асыра сілтеп, аша тұяқ қалдырмаған кезеңде Қазақстанда 265 мың орта шаруа отбасы Сібірге, Солтүстік Оралға, Қиыр Шығысқа жер аударылды. Отызыншы жылдардың ойранын көзімен көріп, нәубетін бастан кешкендердің бірі – Қоспан Қалиев. Ол – Қарқаралыдағы «Қараағаш» колхозында (кейінгі «Еңбек» кеңшары) елдің сауатын ашып, өңірде алғаш «Абылан» жеті жылдық мектебін салдырған азамат.

Бүгінгі мектеп

Атам Қоспан Қалиев 1924 жылы Үкіметтің «Халық арасында сауатсыздықты жою туралы» Қаулысына сәйкес, Қалықберген сайы №10 ауылда сауатсыздықты жою мектебін ашып, балаларға өз үйінің төргі бөлмесін босатып берген. «Мектеп болып ашылуына себепші болған, сол Қоспанның өзі еді» деп ауыл үлкендері айтатын. Алғашқы ұстаз – Бостан Әлжанов болса, кейіннен Қамаш Шаймағанбетов келген.

Тарихшы Жолкен Тайтөлеу («Қарқаралы» газеті. 21 қараша 1998 жыл). «Күштеп ұжымдастырудың шегіне жеткен кезінде күн көрістік малдарын сыпырып алуға наразылық білдіргендердің бірі атам Тайтөлеуді де түрмеге қамап, ақыры Қиыр Шығысқа үш жыл мерзімге жер аударды. Жұбайы Күлжікен екеуін қинағаны едел-жедел өсіп келе жатқан 4-5 жастағы екі баланың тағдыры еді. Үлкендері Кәкіжан (менің әкем-Ж.Т) ол кезде 15-16 жас шамасындағы естияр жасөспірім болатын. Сондықтан оны дос-жар қарым-қатынаста жүретін, сол жылы ұйымдастырылған «Қараағаш» артелінің (кейін Қараағаш колхозы болған) бастығы Қоспан Қалиевтің қолында қалдыратын болып келісті. Ал, кішкентай екі баланы өздерімен бірге ала кетуге тура келді» деп жазады.

Қоспан Қалиевті де алғаш тізімге іліккендермен жер аударды. Төрт баласымен жазықсыз итжеккенге айдалғандар қатарында кете барған.

«Атам жан жолдасы мен бір баласының сүйегін жат жерде сонау Қиыр Шығыста қалдырып, тірі қалған бес жасар ұлын жетелеп, туған еліне оралды. Амал қанша алдынан тағы жайсыз хабар қарсы алды. Тұңғыш ұлын аманат етіп қалдырып кеткен Қоспан досы да жергілікті жандайшаптардың жаласына ұшырапты. Күн көріс малынан айырылып, «құлаққа» тартылған біреулерге қол ұшын беремін деп басы пәлеге қалыпты. Ақырында он жылды арқалап итжеккенге кете барған.

Қоспан Қалиұлы сол кеткеннен қайтып оралмаған. Хабар-ошар болмаған. Ауыл ақсақалдары әлі күнге «Қайран, Қоспан! Азамат еді-ау, өзінен бұрын елдің қамын жейтін есіл ердің сүйегі қайда қалды? Топырағы торқа болғыр, жігіттің төресі еді» деп отырады екен»,– деп жазады Жолкен Тайтөлеу.

Тарихи деректер Қоспан Қалиевтің азғантай ғұмырында ауылға сіңірген еңбегі аз болмағанын алға тартады. 1930 жылы артель болып ұйымдастырылған «Қараағаш» колхозының алғаш басшысы болған шақта, істің басын елді сауаттандырудан бастапты. «Қараағаш» артелінің орталығы болған «Абылан» жеті жылдық мектеп құрылысын салдырған. Ауыл балаларының тұрақты білім алуына жол ашып, мұғалімдер әкеліп, балаларға қамқорлық жасаған.

«Еңбек» кеңшарында «Абыланнан» екі шақырымдай жердегі Қалықберген сайында (тау қойнауы) Қоспан ақсақал салдырған асты-үсті тақтайланған там үй болған. Ауыл халқы «мектеп құрылысы тез аяқтала қоймай, осы үйді бала оқытуға босатып берген еді» дегенді әлі айтады. Сол кезде тау қойнауындағы тақтайланған там үй – «Қоспан үйі» деп аталған.

Мектеп ұжымы

Көзі ашық, көкірегі ояу Қоспан өзі туып өскен Темірші болысында алғаш артельді ұйымдастырып, әрі басқарған. Айнабұлақта (қазіргі Мереке қыстағында) май-ірімшік зауытын салдырған. Алайда, Семейдегі «Жарма» ауданына қай жылы келгені белгісіз. Сол уақытта «Бірлікші» ұжымшарын құруға атсалысады. Жергілікті халықты егін шаруашылығымен қатар, мал өсіруге баулыған. Өкінішке қарай 1943 жылы қудалауға ұшырап, Жарма ауданынан соғысқа аттаныпты. Сол кеткеннен із-түзсіз жоғалған.

2021 жылы бізге Белгоградтағы бауырластар зиратында №39 қабірде жерленгені жайлы ақпарат жетті.

Кейінде Қоспан Қалиұлы жайлы тағы бір дерек қолыма түсті. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы кезінде ««Еңбек» совхозындағы 8 жылдық Темірші мектебінің ашылғанына 1969 жылдың қазан айында 45 жыл толатыны туралы мәлімет бар екенін мұрағат құжаттары растады. Құжатта Қоспан Қалиұлы Халықбергеновтің ауылдық мектепті қалай ашқанын баяндай отырып, мерейтойымен құттықтағаны жазылған. Хатта: «Осы мектептің алғашқы оқушысы ретінде, 1924 жылы құрылған мектебімді қырық бес жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, ауылдық мектептің құрылу тарихы жайлы баяндау қуаныш сыйлайды.

Кеңес өкіметі орнап, жеті жылдан кейінгі жазда біздің №10 ауылға Қарқаралы округінен жіберілген Сәкен Сәтбаев пен Хамаш Тиленшин келді. Ауыл кеңесінде жаңадан ашылатын мектептің орнына №10 ауыл кеңесінің хатшысы Қоспан Қалиұлы Халықбергеновтің үйін белгілеу туралы шешім қабылданды.

Оқушыларды іріктеуге және мектеп ғимаратын дайындауға байланысты мектептегі сабақтар кештетіп, 1924 жылы қазан айының алғашқы күндерінде басталды.

Барлық ауылдардан оқуға құштар жүзден астам қазақ жастары мен балалары келе бастады. Оқуға ниет білдірген жасөспірімдерді екі бөлмесі бар пешпен қоршалған Қоспан Халықбергеновтің саман үйіне орналастыру мүмкін болмады.

Оқығысы келетіндер ішінен елуге жуық ұл бала іріктеліп алынды, қыздар болмады. Жетіқара ауылынан шыққан Сәкен Сәтбаев оларды екі топқа бөліп, оқыта бастады» делінген.

Биыл Қарқаралыдағы «Қараағаш» ауылындағы №28 орта мектептің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Бүгінде 41 оқушы тәрбиелеп отырған білім ошағы мерейтойын атап өтпек. Мерейтой қарсаңында талай шәкірттерді қанаттандырған білімнің қара шаңырағына қарыштау тілеймін.

Жұбайыммен «Еңбек» кеңшарында өніп-өсіп, елдің қамын өтей жүріп 10 бала тәрбиелеп өсірдік. Біздің мақсат – үлкендердің айтқанын еске түсіріп, мектептің тарихына осылайша үлес қосу. Аумалы төкпелі кезеңдегі әкеміздің бала оқыту ісіне қосқан ерекше еңбегі бұрмаланбаса екен деген ниет.

Қамза ХАСЕНОВ,
Қоспан Қалиевтің ұрпағы.
Суреттер: автордан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button