Руханият

Тарихқа енген тың дерек

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ғалымдарының «Орталық Қазақстандағы ашаршылық 1931-1933 жылдары мұрағаттық құжаттар мен естеліктер жинағын» Palgrave Macmillan халықаралық ғылыми кітап-журнал баспасы сонау Ұлыбританияда басылды. Қазір аталған жинақ электронды түрде қол жетімді. Ал, кейінірек баспа нұсқасы да шығарылады.

Бұл кітаптың материалдарын жинақтауға жыл бойы Зәуреш Сақтағанова бастаған ғалымдар тобы Айнаш Мұстояпова, Лариса Харитонова, Қымбат Әбдірахманова, Жеңісгүл Ибраимова және Альфия Кітібаева жұмыс істеді. Жобаны ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков басқарды.

– Біздің мақсатымыз 30-шы жылдары болған жағдайға саяси баға беру емес. Ғалым болған соң бәрінен бұрын нақты фактілер турасында сөз қозғалды. Біз үшін ең бастысы – сол оқиғалардың куәгерлерімен, ата-аналары мен туыстары туралы айтқан аға буынмен сөйлесіп үлгеру. Лондон баспасының өзі бізге байланысқа шықты. Ал, кітапты біздің шет тілдер факультетінің оқытушылары аударды, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Жинақта Орталық Қазақстанда 1931- 1933 жылдары ашаршылықты бастан кешкен жандардың жақын туыстарының мұрағаттық құжаттары мен естеліктерінен тұратын маңызды мәліметтер бар. Тіпті, кітаптың жартысынан көбі мұрағаттық материалдар. Мұндай үлкен зерттеу алғаш рет аймақтық бөлімде жүргізілді.

– Осы кітаппен қатар «Ашаршылық. Аштық. 1928-1934» сияқты тағы бес томдық жарық көрді. Бірақ, онда да Орталық Қазақстан туралы материалдар аз. Себебі, ол кезде бұл мекен қазақтардың көшпелі және жартылай көшпелі өңірі болған. Қарағанды 1934 жылы қала статусын алды. Бұл туралы құжаттар бар болғанымен өте аз. Біздің тарихшылар аудандық мұрағаттарды зерттеуді әлі де жалғастырады. Көз майын тауысып зерттеу негізі көп жылдық жұмыс, – дейді тарих ғылымдарының докторы Зауреш Сақтағанова.

Дәл сол кезеңдегі қазақ отбасылары мен арнайы қоныс аударушылардың түпкі тарихын жазу үшін ғалымдар Балқаш, Осакаров және Шет аудандарына арнайы барған. Олар тарих куәгерлерін іздеуге ғана емес, материалды өңдеуге де көп уақыт кеткенін алға тартады.

– Осакаров ауданына ат басын тіреп, бірнеше ауылдарды араладым. Бетпе-бет куәгерлермен сөйлесе алмадым. Дегенмен, ата-аналары аштықтан аман қалған сол кезеңнің балаларымен сұхбаттастым. Олар есте қалған ескі естеліктерін ықыласпен айтып берді. Сондай-ақ, тар замандағы тар жол тайғақ кешкен адамдардың аты-жөнін тәптіштеп, туған күніне дейін жіпке тізіп, толық мәлімет берген жандар да табылды. Ол ақпараттың барлығы еліміз үшін құнды екенін атап өту керек, – дейді филология ғылымдарының кандидаты Лариса Харитонова.

Осынау тарихи фактілерге сүйене отырып зерттелген жинақты ағылшын тілінде шығару оқырман аудиториясының географиясын кеңейтуге мүмкіндік бермек. Алдағы уақытта Palgrave Macmillan халықаралық ғылыми кітап-журнал баспасы Қарағанды ЖОО-мен ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті.

Жан АМАНТАЙ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button