Мәселе

Тарифтің өсуі сапаны арттыра ма?

Тарифтің қаншалықты өсетіні – халықты толғандырған мәселенің бірі. Ол облыстық мәслихат депутаттарының аймақтарға жасайтын сапары қарсаңында өткен дөңгелек үстелде талқыланды. Себебі, коммуналдық қызметтердің бағасы туралы халық жиі сұрайды. Оны облыстық мәслихат төрағасы Нүркен Қобжанов та кіріспе сөзінде айтты. Сондықтан, бұл мәселені алдын ала қарастырып алмақшы. Тарифтің көтерілетіні анық. Алайда, оның бірден емес, жайлап өсуі үшін қандай шаралар қолдану керек, жалпы жоспар қандай деген сауалдар аясында ой бөлісті. «Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет» деген тапсырма берген-ді Президент Қасым-Жомарт ­Тоқа­ев. Оны орындауда халық мойнына ауыр салмақ түспеуін қадағалайтын осы депутаттар болмақ.

Монополистер де жылайды

Модератор Нүркен Қобжанов айт­қандай, аймақта жылу және электр энергиясы саласында қызмет ететін 60 табиғи монополия субъектісі бар. Басқосуда олардың негізгілері жиналды.

Қарағандыдағы электр және жылу энергиясының негізгі өндірушісі болып «Караганда Энергоцентр» ЖШС саналады. Оның бас директоры Сабыр­ғали Ыдырысов тариф көтеруге түрткі болатын негізгі себептерді атады.

– Былтыр энергия өндіруші кәсіпорындар тарифті көтеруге өтінім берді. Сол кездегі деректер бойынша тариф 10-нан 30 пайызға өсті. Тарифті көтеру алдағы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындықты көздейді. Индексация қызметкерлердің еңбекақысын көтеру, материалдар бағасының қымбаттауын, тасымалдау шығындарын компенсациялауға бағытталады, – деді ол.

Қарағандыдағы жылыту маусымы 10 күн бұрын ғана аяқталғаны мәлім. Десе де мекеме жөндеу жұмыстарын 1 сәуірден бастап кетіпті. Оған шамамен 13 млрд. теңге жұмсамақ.

– Бұл негізгі деген жабдықтарға ғана есептелген. Жөндеу жұмыстары барысында біз жөндеу, құрылыс материалдарының қымбатшылығына тап болдық. Соның салдарынан қаражат жүйені модернизациялауға жеткіліксіз болып шықты. Былтыр көмірдің өзі жеті рет қымбаттады. Тарифтің бірінші маусымнан көтерілуі біздің бірінші жартыжылдыққа жоспарлаған жұмыстарымыздың толық орындалмауына да әсер етеді. Тозығы жеткен құрылғыларды жөндеу қажетті мөлшерде емес, тарифтің шеңберінде ғана жүргізіледі. Сондықтан, ол толық қамтылмайды. Былтыр Президент айтқан тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту тапсырмасы бойынша біз 2029 жылға дейін бағдарлама әзірледік. Ол – жалпы сомасы 100 млрд. теңгені құрайтын ауқымды жоба, – деген ­Сабырғали Ыдырысов турбиналық қазандық қажет екенін де айтты.

Оның сөзіне сенсек, биылғы жылыту маусымы жақсы өтті.

– Қолға алынған шаралардың нәтижесінде тұрғындарға берілетін температура бірдейленді. Бұрын Пришахтинск, Сұрыптау станциясы, Майқұдықтың төменгі жағында тұратын тұрғындардан шағым көп болатын. Биыл 110-115 градусты ұстап тұрды. Биыл алғаш рет қыс ішінде бойлерді тазалауға қол жетті. Жалпы, биыл Энергетика министрлігі осы салада ірі реформаны бастамақ. 1 шілдеден бастап барлық электр энергиясы «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС арқылы өтетін болады. Ол бірыңғай сатып алушы ретінде кейін энергияны бөледі. Бұл жоба қазір талқыланып жатыр, – деді ол.

 

Жылуға да тариф өседі

Жылу шығындарын азайту турасында «Теплотранзит Караганда» ЖШС бас директоры Андрей Ляпунов сөйледі. Айтуынша, жылу энергиясын беру тарифі – 2818 теңге. Олар да 1 қыркүйектен бастап тарифті 5,7 пайызға өсірмек.

– «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына сәйкес, биыл Сатыбалдин көшесі бойындағы жылу жүйесін жөндейміз. Былтыр жартысы жасалған, биыл жалғастырамыз. 2020 жылу жүйелерін зерттеу нәтижесі бар. Ол бойынша тозу 70,2 пайызды құрайды. Жылу жүйелерін қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін жылына 50-60 шақырым желіні жөндеу керек. Бірақ, факті бойынша біз 8-12 шақырым ғана ауыстырамыз. Тарифтік сметада жөндеу жұмыстарына көрсетілген 500 млн. теңге жеті жылдан бері өзгерген жоқ. Бұл қаражатқа жеті жыл бұрын 20-22 шақырым ауыстыру мүмкін болса, былтыр біз 8 шақырым ғана жөндедік. Жаңарту 3 есе кеміді. Бұл да тозған жүйенің көлемін арттыра береді. Біздің есептеуімізше, 2029 жылға қарай тозуды 15 пайызға төмендету үшін бізге 400 млрд. теңге қажет. «Гүлдер» шағын ауданында мектеп салынып жатыр, тұрғын үйлер, сол жердегі 23 шақырым желіге 5 млрд. теңге кетті. Баға қазір осындай, біз одан қашып құтыла алмаймыз. Сондықтан, осы жағдайға икемделу керек, – деп түйіндеді сөзін Андрей Васильевич.

Шынымен де, қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды, халық саны да өсіп жатыр. Сәйкесінше, тұтынушылар да, электр желілеріне деген жүктеме де артуда. «Қарағанды Жарық» ЖШС бас директоры Нұржан Иманов тарифтің көтерілуі станция іске қосылғаннан кейін жасалатынын жеткізді.

– Біз үшін электр энергиясы – стратегиялық тауар. Біз техникалық шығынды сатып аламыз. Тарифтің өсуі электр энергияны сатып алуға, еңбекақыны көтеруге және қосымша инвестиция үшін қажет. Өсім 20 пайыздың шамасында болады. Инвестицияны біз кейінгі 3 жылға 8,8 млрд. теңге көлемінде есептеп отырмыз. Инвестициялық бағдарламаның басым бөлігі Қарағанды қаласына арналған. Себебі, тұтынушылардың көбі осында. Мұның алдындағы 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламаның қоры әлі бар. Тек біреуі – Жаңа Майқұдық подстанциясы ғана барлық қуатында жұмыс істеп тұр. Ол жерге біз қосымша қуат бере алмаймыз. Сондықтан, ол маңай дамымай тұр. Жаңа бағдарламада бұл ескеріледі. Жалпы айтқанда «Қарағанды Жарық» қаланы 90 пайыз электр энергиясымен қамтып тұр, – деді.

Жылу энергиясымен қамту бойынша табиғи монополия субъектісі болып табылатын «ҚарағандыЖылуСбыт» ЖШС басшысы ­Алдияр­ Серікбайдың айтуынша, тарифтік смета бойынша еңбекақы көлемі 90 мыңның айналасында. Бұл – аталған сала бойынша орташа еңбекақыдан 3 есе аз.

– Тарифті бекіту жұмыстары тамызда немесе қыркүйекте нақтыланады. Себебі, басқа 10-11 мекеме бар. Олардың тарифтерін білмегендіктен, тіпті, есептей де алмай отырмыз. Электр энергиясын жеткізуге кепілдендірілген тасымалдаушы болғандықтан, барлық бюджеттік мекемелер бізбен келісім жасауы шарт. Бұл заңда көрсетілген. Алайда, келесі жылдың басынан бастап, бұл норма алынып тасталады. Яғни, бәсекелестікке беріледі. Мұның несі қауіп? Бүгінде халық үшін тариф мекемелер төлейтін тарифтен екі есе аз. Тұрғындардан түсетін төлем 5 млрд. теңгеге кем. Бюджеттік мекемелер келетін болса, бұл айырмашылық «ҚарағандыЖылуСбыт»-тың немесе тұрғындардың мойнына түседі. Бұл 1 маусымнан басталатын тарифтік өсімсіз-ақ 64 пайызға көтерілетінін білдіреді, – деді Алдияр Серікбайұлы.

 

Мамандар кетіп жатыр

Тағы бір қарастыратын мәселе – кадр тапшылығы. Былтыр «Караганда Энергоцентр» ЖШС-дан 230 адам шығып кетіпті.

– Жұмыстан шықпау үшін еңбек­ақыны былтыр да, биыл да көтердік. Мамандарды ұстап қалуымыз керек. Наурыздан бастап өз мамандарымызды оқытуды қолға алдық, бүгінде 190 адам оқып жатыр, – деді мекеме басшысы Сабырғали Мұхаметқалиұлы.

Бұл мәселенің өткір тұрғанын «Қарағанды аймақтық энергетикалық компания» ЖШС Сергей Ибраев та айтты.

– Кәсіпорында штат бойынша 750 адам болуы тиіс, іс жүзінде 380 адам жұмыс істеп жатыр. Еңбекақы өте төмен. Тарифтік сметада еңбекақы 117 мың теңге көлемінде бекітілген. Былтыр құрылтайшылар өз есебінен еңбекақыны екі рет көтерді. Қазір орташа еңбекақы – 157 мың. Облыс бойынша біздің салада орташа еңбекақы 345 мың екенін ескерсек, бұл да – аз, – деді ол.

Алшақтық та – кедергі

«Қарағанды аймақтық энергетикалық компания» ЖШС бірнеше өңірге электр энергиясын тасымалдайды. Оның ішінде Осакаров, Абай, Нұра, Қарқаралы аудандары мен Шахан, Долинка, Новодолинка бар. Кәсіпорын директоры Сергей Ибраевтың айтуынша, аймақтардың арақашықтығы – негізгі мәселе.

– Бізде 7 мың шақырым желі бар. Тарифті қалыптастырғанда көрсетілген қызмет көлеміне қарайды. Бізде ол аз. 15 жылдан бері біздің субъект шығынға жұмыс істеп келеді. Барлық шығынды есептегенде тарифтік өсімі – 85 пайыз болуы тиіс. Бұл – біздің болжам. Бұл тарифті бекіте ме, бекітпей ме белгісіз. Желінің ұзақтығы мен қызмет көрсететін аудандардың арақашықтығына қарамастан, қызмет көлемі өте аз. «Қарағанды Жарық» инвестициялық жобаларды жасай алады, біз үшін бұл мүмкін емес, – деді Сергей Оразұлы.

Бұл үлкен мәселе екенін Нүркен Сайфиддинұлы да қостады.

– Сәл жел тұрса, боран болса, ауылдарда жарықтың сөніп қалатыны жасырын емес. Бұл өте үлкен мәселе, – деді ол.

 

«Қойшы көп болса…»

– Депутаттар халық арасында көп болады. Сонда айтылатын сұрақтың бірі – тарифтің әртүрлілігі. Мәселен, білуімше, Қарағандыда бір киловатт электр энергиясы – 14 теңге, Осакаров ауданында – 21,6, Бұқар жырауда – 19. Жылу мен электр энергиясын тасымалдайтын компаниялардың шарттары әртүрлі. Содан сапа да дұрыс болмайды, – дейді Нүркен Қобжанов.

Мұны Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаменті директоры Арман Өтегенов түсіндірді. Оның айтуынша, регистрде 103 субъект тіркелген.

– Тасымалдаушылардың көптігі – бұл мәселенің себебінің бірі. Жаңа айтылғандай, әр өңірде тариф әртүрлі. Неге? Энергияны жеткізушілер көп. Бір «Қарағанды Жарық» немесе «Қарағанды аймақтық энергетикалық компания» отырса, өздерінің 6 теңгесін қойса. Бірақ, оған тағы бірнешеуі қосылады, олардың да 3-4 теңге қосатыны бар. Тариф жеткенше солай өсе береді. Осыдан бірнеше жыл бұрын «100 нақты қадам» деген бағдарлама болды. Оның 51 қадамы біздің облысқа арнайы жасалған еді. Онда өңірлік энергетикалық компанияларды ірілендіру туралы айтылды. Үш жылдың ішінде талаптарға сәйкес келмейтін компания­лар жұмыс істемеуі керек еді. Алайда, заңнама оларға жұмыс істеп кетті. Бұл жерде заңның осалдығы тұр, – деді Арман Тұрсынұлы.

Сонымен бірге, ол биыл да тарифтің көтерілуі күтілетінін айтты.

– Энергетика министрлігі тариф көтерсе, тізбек бойынша барлығы да өседі. Екінші көтерілуі «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының аясында жүргізіледі. Дегенмен, бұл жерде тарифтің көтерілуі кәсіпорындардың өз есебінен де жүргізілгені дұрыс. Тариф жеке тұлғаларға, заңды тұлғаларға және бюджеттік мекемелерге бөлек есептеледі. Біз халыққа салық салмай, бар жүкті бюджеттік мекемелерге артып қойдық, – деді департамент директоры.

Бұл ретте Нүркен Сайфиддинұлы бөлінген инвестициялардың қаншалықты бақыланатынын сұрады. Арман Тұрсынұлының айтуынша, қаражат тексеріледі. Алайда, қағаз жүзінде.

– Бізге тапсырылған құжат негізінде барлығы тексеріліп, қабылданады. Алайда, оның іс жүзінде іске асуы жергілікті билікте. Мына көшеде құбыр ауысты ма, бағаны жаңарды ма, оны біз тексермейміз, – дейді ол.

Бақылау жұмыстарын құқық қорғау органдары да жүргізеді. Олар тоқсанына бір смета бойынша, құжат жағын, нақты нысанға барып, тексере алатынын айта кеткен жөн.

 

Өңірлер не дейді?

Бұқар жырау аудандық мәслихатының төрағасы Асхат Әли өңірлер бойынша сауал жолдады.

– Қарағанды мен Бұқар жырау ауданы арасында электр энергиясымен қамтитын бір мекеме бар. Сонда да тарифтегі айырмашылық – 25 пайыз. Тіпті, облыс орталығына тиіп тұрған Үштөбе, Доскей, Көкпекті сияқты елді мекендер де аудандық мөлшерде төлейді. Одан бөлек, салынған инвес­тициялық ақпарат та айтылмайды. Жасалса, біз халыққа жеткізуіміз керек жасалған жұмыс жайлы. Бірақ, бізге ақпарат берілмейді, – деді Асхат Сағадиұлы.

Облыстық мәслихат төрағасы Нүркен Қобжанов аталған мәселелер барлық аудандарға ортақ екенін жеткізді.

– Барлығында тепе-теңдік болуы керек екенін барлығымыз түсінеміз. Кәсіпорындар да үздіксіз жұмыс жасауы керек, тұтынушылар да сапалы қызмет көруі керек. Құзырлы орган сол тепе-теңдікті сақтауға шаралар қабылдауы қажет. Халыққа ақпаратты қалай жеткіземіз? Бұл ретте «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» шешім болуы тиіс, – деді Нүркен Сайфиддинұлы.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button