МәселеРесми

Тарифті өсіру апатты азайта ма?

Өткен жылы энергетика саласында бірнеше апат орын алғанын көпшілік біледі. Жақын болашақта оның алдын алған маңызды. Энергетика министрлігінің сараптамасы көрсеткендей, жылу желілері жабдықтарының тозуы көңілді күпті қылып тұр. Республика бойынша барлық ЖЭС-тің орташа тозу деңгейі 60%-дан асып кеткен…

Желілердегі энергия шығындарын азайту үшін электр және жылу жүйелерін жаңалау едәуір қаражат құрайтыны аян. Бұл саладағы олқылықтың орнын толтыру үшін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта «Инвестиция орнына Тариф» жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді көздейтін жаңа тарифтік саясатқа көшу бойынша іс-шаралар қолға алынды. «Коммуналдық желілердің жай-күйі – бұл жылдар бойы қордаланған кері тарифтік саясаттың салдарын көрген жүйелік проблема. Жалпы, тарифтерді ауыздықтау қажеттілігі мен инфрақұрылымға инвестициялау маңызы арасындағы тепе-теңдікті табу керек. Бұл – негізгі қағида», – деді Президент.

Тұжырымдама шеңберінде салаға жаңа инвестицияларды ынталандыру жолымен коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту көзделеді. Құжат 2029 жылға қарай тозуды 15%-ға төмендетуді діттеп тұр. Облыста 7 жылу көзі бар, оның тек біреуі ғана – мемлекеттік. Сондықтан, тарифтік реттеу жолындағы игі көрсеткіштерге қол жеткізу монополистердің міндеттемелерін айқындауға негізделмек. Бұл дегеніміз жылумен үздіксіз қамтамасыз етудің алғышарты. Көрсетілер қызметтің сапасы. Тозу мен шығынның төмендігі.

– Ендігі бір мәселе – иесіз желілер. Енді әкімдікке қараусыз желі атаулысын сақтап қалу үшін монополист балансына беруге немесе басқармаға сеніп тапсыруға рұқсат берілмек. «Инвестиция орнына тарифы» тұжырымдамасының өзі және заңнамадағы өзгерістер тек жылу энергетикасына ғана емес, сонымен қатар электр энергетикасына, сумен жабдықтауға, кәрізге де тікелей қатысты болады, – деп хабарлады табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысы Арман Өтегенов БАҚ өкілдеріне.

P.S.: «Тарифтің тарихындағы үздіксіз өсу халықтың шымбайына батады» деген журналистер назына Арман Тұрсынұлы «жыл сайынғы өсу болғанмен, шарықтау болмайды» деген сөзімен жұбатты. Шамамен жыл сайын 7-10 пайыз көлемін монополист еншілеп отыратындай…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button