Бас тақырыпМәселе

Тарифті инвестицияға айырбастау тиімді ме?

Екібастұз қатып қалмағанда елдегі жылу электр орталықтарының жайы әлі де жабулы қазан жабуымен қалар ма еді, қайтер еді? Еліміздегі жылу энергетикасындағы апаттар біраз ақиқаттың бетін ашты. Енді қаннен-қаперсіз қол қусырып отыру – қисынсыз. Оның соңы ауыр салдарға апаратынын биліктің де, бұқараның да іші сезеді. Салынғанына жарты ғасыр, тіпті, жетпіс, сексен жыл болған. Моральдық әрі техникалық жағынан әбден қалжыраған, қажыған. Әйтеуір терісін сүйретіп, «шықпа, жаным, шықпамен» келе жатқаны өтірік емес. Теміртаудың соңғы жылдарда тісі-тісіне тимей қалтырауы соның бір дәлелі.

Энергетика министрлігінің талдауы елдегі энергетика жүйесінің 60 пайызы тозғанын көрсетті. Кей өңірлерде, тіпті, ол 80 пайыз шамасында. Оңтүстік секілді күні жиі күлген өңір емес, қысы қатал Арқада жылу орталығы сыр берсе, мұз дәуірінің орнауы көзді ашып-жұмғанша. Ал, қысы қытымыр Қарағанды облысында жылу энергетикасының 50-70 пайызы тозып тұр.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Шақырымдап жөндеуден жағдай түзеле ме?

Жылдар бойы жамаумен ғана күнелткен энергетиканың ел кешкен проблемасы Қарағандының да басында жоқ емес. Ресми мәліметтер аталған жүйелердің жағдайы жетісіп кете қоймағанын соңғы кезде жиі айтады.

Жалпы, кеншілер аймағында 7 жылу, әрі энергия өндіретін орталық бар. Осыдан елу-алпыс жыл бұрын салынған. Жарты ғасырдан астам уақыт жасап келе жатқан олар аз-маз қаржымен жаңарып кете қоймасы баяғыда белгілі болған. Миллиардтаған қаржы құйғанның өзінде жылына бірнеше шақырымы ғана жөнделеді.

Қарағандыны жылумен жабдықтаушы «Қарағанды-Теплотранзит» компаниясының жылу құбырының ұзындығы 450 шақырым. Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Өтегеновтің айтуынша, компанияның шамасы оның жыл сайын 8 шақырымын ғана жөндеуге жетеді. Жылу құбырларының бүгінде 70 пайызының тозығы жеткен.

Жалпы елдегі энергетикалық дағдарысты шешу үшін Президент «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатын ұсынғаны белгілі. Ол саясат қажыған жүйені қалпына келтіруге тырысады.

– Осыған орай осы саладағы қауіпті ескере отырып, Мемлекет басшысы тапсырмасымен жаңа тарифтік саясатқа көшу жөнінде шаралар қабылдануда. Тарифті инвестицияға айырбастау тұжырымдамасын іске асыруға қатысты жұмыстар қолға алынады. Тұжырымдама жаңа инвестиялар тарту арқылы коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуды көздейді.

Монополистердің инвестициялық бағдарламалары бар. Тариф те сол инвестиция құрамына кіреді. Алайда, тарифтің бірден өсуіне жол бермеу үшін олардың инвестициялық бағдарламаларын азайтамыз, – дейді Арман Өтегенов.

 

Тарифтерді күрт өсіруге жол берілмейді

Расында, жоғарыда айтқанымыздай, энергетика саласына инвестиция зор капиталды талап етеді. Ол үшін миллиардтаған қаржы қажет. Мәселен, жергілікті жылу электр орталығы тозуын жылына 2-3 пайызға кеміту үшін жылына 5-10 миллиард теңге инвестиция керек етеді.

«Қарағанды Су» он жыл ішінде сумен жабдықтауға 10 млрд.теңге инвестиция құяды. Бұл ретте тозуды 60 пайызға азайту көзделген.

Жартылай мемлекеттік компания «Қарағанды-Теплотранзит» болса, он жыл ішінде тариф есебінен 1,5 млрд.теңге инвестиция құю арқылы тозуды 2 пайызға ғана төмендете алады екен. Тарифті инвестицияға айырбастау тұжырымдамасы негізінде 2029 жылға дейін тозуды 15 пайызға төмендету жоспарда.

– Тариф арқылы инвестиция дегенде, оның күрт өсуі туралы түсінік қалыптасуы мүмкін. Бірақ кілт өсімге жол бермес үшін министрлікте пысықталуда. Мәселе әлі шешілген жоқ, – дейді Арман Өтегенов.

Дегенмен, тек тариф арқылы жүйе толық жаңара алмақ емес. Өзіміздің қарабайыр есебіміз солай дейді. Бір жылда қазіргі ахуалмен жылына 2-3 пайыз ғана жаңарғанда 20 жылда 40 әрі кетсе, 60 пайыз ғана жөнделеді екен. Яғни, монополистердің жүйені жаңартуды жеделдету үшін өзге де қадамдар жасауы тиістігі осыдан соң өз-өзінен көрініп-ақ тұр.

 

Монополистке мемлекет нені міндеттеді?

Тұжырымдама монополистерді нақты көрсеткіштерге жетуге міндеттейді. Атап айтқанда, үздіксіз қамтамасыз ету сенімділік, сапалы қызмет, тозуды және ысырапты азайтуды жүктейді. Бұл орайда заңнамаға өзгерістер енеді.

– Мысалы апат деңгейіне әсер ететін мәселенің бірі – адам факторы. Яғни, жалақы. Ол бекітілген тарифтерде төмен. Осыған байланысты білікті кадрлардың жұмыстан кетуі байқалады. Бұрын жалақы өсімі жылына төрт пайыздан аспаса, қазір заңнама өзгерді. Енді жалақы статистикалық деректер деңгейіне көтеріледі. Айталық, өндірістік персоналдың жалақысы ЖЭО тарифі бойынша 154 мың, Шахтинск қаласында 115 мың. Статистикалық деректерде бұлар 266 және 181 мың теңге. Ал, «Қарағанды Суда» кәріз бойынша 150 мың, статистикада 213 мың теңге, – дейді департамент басшысы.

Бұған қоса, иесі жоқ желілер де проблема. Олар да егесіз болғандықтан жылдам тозады, ысыраптар орын алады. Бұдан былай әкімдік оларды монополист балансына береді деп күтілуде.

Негізі тарифті инвестицияға айырбастау саясаты жылу, жарық, суға да қатысты. Өйткені, бұл үштіктің ешқайсының қағанағы қарқ емес. Бұл саясат жедел іске аспаса, жағдай мәз еместігін жасырмайды құзырлы орындар. Оны жалпақ жұртшылық та көріп, біліп отыр.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button