Талдау – табыс кілті
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге арналған іс-шаралар кешені аясында әр түрлі жұмыстар атқарылуда. Осы орайда, ғалым-филологтар, мемлекеттік орган өкілдері, докторанттар, магистранттар және студенттердің қатысуымен өткен «Қазақ тілін латын графикасына көшіруді ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде латын әліпбиіне көшудің өзекті мәселелері талқыланды.
Дөңгелек үстелге Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Г.Қаңтарбекова, Қарағанды облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жобалық кеңсе басшысы Г.Құрбанбаева, «Нұр Отан» партиясы Қазыбек би атындағы аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Қ.Кәренов, Қарағанды облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мүшелері Т.Әміртайұлы, ардагер педагогтар О.Сухамберлин, Ғ.Смағұлова және тағы басқалары қатысты. Қарағандылық зиялы қауым өкілдері жаңа графикалық стандарттың енгізілуінің өзектілігі, қазақ тілін латын графикасы негізінде оқыту әдістемесін талқыға салып, баяндамалар тыңдады.
Көптілді оқыту саласында мол тәжірибесі бар, жеткілікті ұйымдық және кадрлық ресурстарға ие аталмыш университет мақалалар жазу, кітаптар басып шығару, лекциялар оқу, көрмелер ұйымдастыру, бағдарламалар жасау арқылы Елбасының мақаласын кеңінен насихаттауға және латын графикасына негізделген мемлекеттік тіл әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізуге тікелей атсалысып келеді. Қазіргі уақытта университет ғалымдары қазақ тілін латын графикасына аударуды ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бойынша жұмыстар атқаруды бастаған.
Тарих факультетінің деканы Г.Смағұлова латын графикасына көшкен елдердің кейбір мәселелеріне тоқталып, мемлекет және қоғам қайреткері Нәзір Төреқұловтың «…қазақ-қырғыз енді терезесі тең ел болам десе, Күнбатыспен жақындасады», «…телеграф, типография, жазу машинасы сықылды нәрселер үшін қолдануға оңай» деп айтқандарын мысал ретінде келтіреді. Демек, сол кездің өзінде-ақ техника талаптарын алдыңғы кезекке шығара сөйлеген дипломаттың латын қарпінің ел дамуындағы ролінің зор екендігін аңғарғанын көрсетеді.
Сонымен қатар, филология ғылымдарының кандидаттары М.Тұрсынова «Латын әліпбиі – болашақ жазуымыз», Ж.Кадина «Жаңа таңба: талдау – табыс кілті», Б.Қалиев «Заман талабы» тақырыптарында, Қазақстан тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының Phd докторы А.Жұманова «Кеңес үкіметінің тілдік дамуды орталықтандырудағы іс-қызметі: латын графикасы» тақырыбында баяндамалар оқыды.
Рымбек ЖҰМАШҰЛЫ, ҚарМУ-дың бірінші проректоры:
– Елбасы қазақ жазуын латын қарпіне ауыстыру туралы ұсыныс жасағаны баршамызға мәлім. Сол кезден бастап университетіміздің ғалымдары мен ұстаздары бұқаралық ақпарат беттерінде өздерінің пікірлерін білдіріп, халыққа ұлы көштің тарихи маңызын түсіндіруде көптеген жұмыстар атқарып келеді. Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалымдары қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру жолдарын, осы жолдағы ғылыми методикалық проблемаларды өзге мемлекеттік мекемелермен бірге талқылап, ортаға салып отыр.
Әрине, қазақ жазуы латын әліпбиіне көшірудің тарихи зор маңызы бар. Ұлы көштің өркениеттік маңызын ескеріп, ғылым және білім саласында латын әліпбиіне көшірудің әр түрлі тиімді жолдарын қарастырып, кейін тиімді ұсыныстарды белгілеу мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Салтанат ИЛЬЯШОВА