Талғамы биік тележурналист
Осы уақытқа дейін теледидар көріп келгеніміз рас. Ондағы дикторлар мен тележурналистер біздер үшін бақыт құшағында жүрген адамдар болып көрінетін. Өйткені, олармен жүзбе-жүз көрісу шын мәнінде арман болатын. Солардың бірімен ойда-жоқта Қарағанды қаласында кездестім, кездеспек түгілі қатар отырудың сәті келді.
Қос қолдап амандасып, аса ықыласты екенімді байқатып жатырмын. Ол кісі де сезімтал екен, менің ниетімді қабыл алғандай болды, танымаса да езу тартып, сәлемімді жылы қабылдады. Біраздан кейін ежелгі таныс адамдардай әңгімелесіп, бір-бірімізді бұрыннан танитын адамдай жақындасып кеттік. Келе-келе сапарлас та болдық. Қазір бір ықшамауданда тұрып жатырмыз, таныстығымыз достыққа ұласқандай. Аты-жөнін айтуды кешіктіріп жатырмын, бұл кісі тележурналист, қоғамдық ақпараттық саланың үздік қызметкері Әли Тойжігіт ағамыз болатын. Бүгіндері жетпіс деген жастың желмаясына мініп, алпыс тоғызын артқа тастап, елі күткен ұлан-асыр тойының қамымен жүр.
Сәл шегініс жасайын.
Оңтүстік Қазақстаннан орталыққа арман қуып келген бозбаланың осы елде қалып еңбек етем деген жоспары тіптен болмаған-ды. Бар мақсаты ел қатарлы жоғары білім алып, елге оралу еді. Қарағанды қаласында қалып, Ақпарат саласының үздігі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі атақтарына ие болам деген ой үш ұйықтаса да, ойына келмеген. Қарағанды телевизиясының дамуына өлшеусіз үлес қосып, «Сарыарқа» телеарнасында табан аудармай 43 жыл жемісті еңбек еткені күні кешегідей өте шығыпты. Ниетінің түзулігі, газет-журнал, радиода, теледидарда атқарған шығармашылық қызметі мен еңбегінің өтеуі болар, жұрттың назарын аударарлық жағдайда жұмыс істеді, ерекше танымалдықпен көзге түсті. Ерекшеленейін деген жоқ, жастайынан қалыптасқан шынайы болмысы ел алдында айқын көрінді. Заманның бағытына, уақыттың ағымына ілесе алғандығынан да болар, идеяға толы материалдары көпшіліктің көңілінен шығып Арқа жұртының назарын аударды.
Көрерменнің көзайымына бөленген ағамыз Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде тілшіліктен бастаған. 1978 жылдан бастап, Қарағанды облыстық телерадиокомитетінде редактор, аға редактор, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Облыстың басты арнасында бас редактор болды. Ынтымағы жарасқан ұжымды басқара отырып, көптеген тақырыпты қаузаған бағдарламаларды жүргізді. Әсіресе, оның «Uaqyt.kz» авторлық хабарын қарағандылықтар әлі ұмыта қойған жоқ. Қазіргі кезде өзекті мәселелер туралы ой өрбітетін бұл бағдарламаны шәкірттері одан әрі жалғастырып жүргізіп келеді.
Жақсы бағдарламаны жарыққа шығару үшін білім мен қабілет керек. Қазіргі жұрттың талғамы да бөлек, оның талғамынан ойың озық болып тұрмаса бәрі бекер. Ойыңдағы оқиғаны тапқырлықпен, сенімділікпен айта білуің керек, сол арқылы көзін жеткізіп сендіре алуың қажет. Жұртқа айналада болып жатқан оқиғаны шеберлікпен толғап айта білудің өзі үлкен өнер. Болмашы қателіктен абыройсыздыққа ұрынуың мүмкін.
Әли Тойжігіт тарапынан ондай ағаттықтар болған емес. Оның басты жетістігі тіл байлығында болатын, сөйлеген сөз мәнерінің өзі ән айтып тұрғандай баурап алатын. Тағы бір ана сүтімен берілген ерекше қасиеті, дүниеге деген көзқарасы, ұстанымы, саяси-азаматтық тұрғыдан өсу өресі, өз ісіне деген мейлінше адалдығы бүгінгі дәрежеге жеткізді. Уақытпен санаспады, кемшілікке төзбеді, адам баласына қиянат ойламады, теріс көзқараста болғандарды бауырына тартты, ең бастысы өз ісіне адал болды, не істесе де жанын салып беріле істеді. Жұрттың тілін таба білді, тілін табам деп жарамсақтанбады, қандай қиын жағдайда болсын жұмыс істей алатын іскер маман екенін көрсетті.
Осы материалды жазу барысында мына жайды айта кеткенді жөн көрдім. Ұқыптылығы ма, әлде шын бойтұмардай көрді ме екен, мына бір қызмет куәлігі Әли ағамыздың төсқалтасында жүргеніне 46 жылдың жүзі болыпты. Көркемсөздің шебері, жаныңыздан қыл суырғандай шыныңызды айтқызатын, теледидардан көріп жүрген Әли Тойжігіт жоғары оқу орнын бітіріп, дипломын алғаннан кейін, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне тілші қызметіне жіберіледі. Іссапарға барайын десе, қызметтік куәлік жоқ, редакцияда бітіп қалған. Келесі партиясы келгенше әжептәуір тосуға тура келеді. Кеңсе қызметкерінің ойына таяуда ғана басқа газет редакциясына ауысқан Ақаңның (Сейдімбеков) куәлігін тапсырғаны есіне түсіп, сол куәліктің бетіне жаңадан жапсырма желімдеп, Әлидің суретін қондырып, заңдастырып жасап береді. Ақаң бұл газетте жауапты хатшы болып істеген болатын.
Жылдар бойы Әлекең осы куәлікті бойтұмардай қастерлеп, қалтасынан тастамайды. Өмірде жеткен жетістіктерін Ақаңның қолының табы қалған куәлікпен байланыстырады.
– Қолыма алғанда Ақаң қолының ыстық табы білініп тұрғандай болады, бұл жәдігер мен үшін өте ыстық. Ұлт рухын көтеретін талай көркем, жауһар дүниелердің өмірге келуі Ақаң рухымен байланысты болғанын жан-дүниеммен сезінем. Халықтың қадір-қасиетін терең түсініп, ұлт болмысының тарихи әлеуетін теледидар төріне алып шыға алуым да тектен текке емес. Жаратушым маған осындай сый тарту етті, сол үшін де өміріме ризамын, – дейді Әлекең.
Бір шарапаты тиіп қалар деген сеніммен құнды жәдігерді біз де қолымызбен ұстап көрдік. Үміт дүниесі ғой.
Әли ағамыз әр кездерде хабарға қатысқан танымал тұлғалар жайлы естелік суреттерді әлеуметтік желіде «Бір суреттің сыры» айдарымен беріп жүр. Әлі де беретін болады. Әлекең облыстық және республикалық «Алтын сұңқар», «Нұр Сұңқар», өндіріс саласына арналған «Сарыарқада жасалған» хабарлар топтамасы үшін «Алтын қалам» сыйлықтарының жеңімпазы. Бұдан басқа да мемлекет тарапынан алған марапаттары жетерлік.
Қарымды қаламгер – бірнеше кітаптың авторы. Оның «Сырсандық», «Өнегелі өмір», «Телеарна тынысы» және «Алты атаның ардақтысы» деп аталатын публицистикалық кітаптары қалың оқырманнан өз бағасын алды.
Әли ағамыз – өнегелі отбасының отағасы. Жұбайы Мүслима Қарағанды экономикалық университетінің доценті, ұзақ жылдар бойы студенттерге білім беріп келді.
Қазіргі таңда немере сүйіп, бақытқа бөленіп жүрген, қазақ телевизиясының ардагеріне зор денсаулық, жарасымды отбасылық береке-бірлік тілейміз. Сенімділік, сәттілік пен қуаныш серік болсын! Көңіліңіз қартаймасын, құт-берекеңіз ортаймасын!
Аңғар СМАҒҰЛОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.