Руханият

Тай жарыстың дүбірі

Бұқар жырау аудандық мәдениет үйінде «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының бастамасы һәм аудандық білім бөлімінің қолдауымен аймақтық «Туған жерім – мақтанышым!» тақырыбында аймақтық айтыс өтті. Жыр сайысы «Руханият» қосымша білім беру орталығының «Төрт тоқсан – төрт өнер» Ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында ұйымдастырылған.

Шараны облыстық білім басқармасы «Сарыарқа дарыны» қосымша білім беру орталығының басшысы Нұркен Ашықбаев пен аудандық білім бөлімінің басшысы Қаламқас Оспанова құттықтау сөзімен ашты.

– Мұнда оқушылар арасында айтыс өнеріне икемі бар жастарға өз мүмкіндігін көрсетіп, талантын дамыта түсуді көздедік. Көрермен де қалың болды. Оқушылардың айтысқанын тамашалау­дың өзі бір ғанибет екен. Арасында сөзден кідіру немесе керісінше, тоқтамай жырлай жөнелу сынды қызықты тұстар да болды. Есесіне, әр бала өз мүмкіндігін паш етті. Сасқалақтамай ұтымды сөз айтып, мәселе көтере білген қатысушылар ақтық сынға өткізілді. Қыз бен жігіттің айтысы да әсерлі өрбіді. Жыр, дастан жаттап сайысқа қатысып жүрген айтыс­керлер сөз саптауынан аңғарылып тұрды. Бұл жоба әлі жалғасын табады, – деп атап өтті «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының маманы Серікжан Дамысханұлы.

Ауқымды шараны ақын Айтбай Жұмағұл тізгіндеді. «Айтыстың ақтаңгері» Дидар Қами арнау айтты. Ағаларының ізін жалғаудан үмітті 20 жас айтыскер өнерін ортаға салды. Ақтық сынға суырылып, алты үміткер шықты.

Айтысқа қатысқан өрендер шамасы келгенше шапты. Балақайлардың аяқ алысы жаман емес. Мақтай жөнелуден аулақпыз. Кей тұста буын саны жетпей қалса, кей-кейде ұйқастан сүрініп жатты. Әрине, көш жүре түзеледі. Осылардың арасынан айтыстың дүлдүлдері шығуы әбден мүмкін. Ол үшін сөз аламанына жиі түсіп, ысылу керек.

Айтыс қорытындысында, жүлделі III орынға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептен Аңсар Әбдірахман, Көкпекті орта мектебінен Асылнұр Сайлау, «Руханият» орталығынан Ұлан Қазыл ие болды.

Ал, II орын жүлдесін «Мирас» өнер мектебінен келген қос өнерпаз Аружан Коля мен Дарын Дәулен жеңіп алды. I орын биігінен сөз саптауы мен өлең өруі бөлектеу болған Тілек Мәлік көрінді. Тынбай ізденсе, жұлдызы жанайын деп тұр екен.

– Кейінгі жылдары айтыстан оқушылар көрінбей кетті. «Төрт тоқсан – төрт өнер» жобасы жақсы мүмкіндік болып отыр. Бірінші тоқсанды айтысқа арнап, тапсырма бердік. Тапсырманы үздік орындаған оқушылар осы айтысқа шақырылды. Бастамасы жаман емес. Ақтық сынға өзіне сенімді балалар шықты. Тілек Мәлік пен Дарын Дәулен көзге түсіп жүрген талапты өрендер. Десе де, ойланғаннан жоғары деңгей көрдік. Аружан Коляның өнерін арынды ақын Мақсат Аханов жақсы бағалады, – дейді Дидар Қами.

С.Торайғыров атындағы тірек мектебінің оқушысы Ерасыл Игілікке, «Руханият» орталығының шәкірттері Аружан Берікбаева мен Виктория Аленинаға, Үштөбе тірек мектебінен қатысқан Әділ Әбдірахманға арнайы сыйлық табысталды.

Қыз бен жігіт айтысының көркін келтірген қатысушыға облыстық оқу әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Әбдікерова өзінің арнайы сыйлығын тарту етті.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button