Табыс көзі – тігіншілік
Ел экономикасының даму деңгейін көрсететін шағын бизнестің індет кезінде тынысы тарылып, біраз кедергілерге ұшырағаны рас. Тіпті, табысынан айырылған бірқатары жабылып та қалды. Дегенмен, соған қарамастан облысымызда шағын кәсіпкерлікті қолдау тетіктері арқылы бүгінгі таңда талай жан табыс тауып, отбасын асырап отыр. Жұмыс орындарын ұсынатындары да жоқ емес. «Қалауын тапса – қар жанады» демекші, табыссыз қалдым деп налымай, керісінше, қалаған ісімен айналысып, масылдыққа бой алдырмаған кәсіп иелерінің саны арта түскенін көрсетеді деректер. Жасын да, жасамысын да таңдамайтын шағын кәсіпкерлік бірқатар әлеуметтік проблемаларды шешумен қатар, болашақта ірі бизнеске айналу мүмкіндігі де жоқ емес. Сондай жандардың бірі – тігін ательесін ашқан қарағандылық Салтанат ШАЙХОВА.
Салтанат Қазанқызының мамандығы мұғалім болғанымен, бұған дейін типографияда дизайнер ретінде жұмыс жасаған. Бірақ, індеттің салдарынан жұмыс тоқтағанда, еріксіз жұмыссыздардың қатарынан бір-ақ шығыпты. Оның үстіне 3-топтағы мүгедектігі тағы бар. Білекті сыбанып, кез келген жұмысқа кірісіп кеткісі-ақ келгенімен, денсаулығы тағы келмейді.
– Мүгедектігіме байланысты көп қимылды қажет ететін жұмыстарды атқара алмаймын. Пандемия кезінде жұмыссыз қалып, бір жылдай жұмыссыз отырдым. Кейіннен жұмыспен қамту орталығына тіркелдім, – дейді Салтанат Шайхова.
Салтанаттың тігінші ретіндегі кәсібі осы кезден басталды. Орталыққа тіркелгеннен кейін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша тігіншілік курсына ұсыныс түскенде абдырап қалмай, бірден баруға шешім қабылдаған. Бес ай оқу курсында жүргенде алдында оқып кеткендер мемлекеттен грант алып, өз істерін бастағанын естігенін айтады Салтанат Қазанқызы. Осы сәттен грантқа тапсыру идеясы пайда болып, бизнес-жоспарды дайындауға кірісіп те кеткен.
– Грант алуда қиындық болған жоқ. Бастысы – көп құжатты талап етпейтіндігі. Бұл, әлбетте, мүлдем бейтаныс кәсіп әлеміне аяқ басқан біз сияқтыларға көп көмек. Курстан өткені жайлы сертификат, жеке басты куәландыратын құжат пен бизнес-жоспарың болса болғаны. Комиссия маған грант беруге шешім қабылдағанда қуанышымда шек болмады, – дейді кәсіпкер.
Салтанат Қазанқызы 583 400 теңге грант қаражатына тігіншіге қажетті құрал-жабдықтарды алып, жұмысына кірісіп те кеткен.
«Айлық табысым жақсы. Отбасымды асырауға жетеді» дейді кәсіпкер.
Жұмыссыз қалса да мойымай, мүгедектігіне қарамастан бұрын мүлдем көрмеген басқа салаға бет бұрған Салтанат Шайхованың бұл әрекеті, әлбетте ерлікке пара-пар. Бұл – мемлекеттен грант алып, әуелден маңдайына жазылған ризығына қол жеткізіп отырған жандардың бір ғана мысалы.
«Бизнес бастау қиын, ол үшін қомақты қаржы керек» деген кереғар пікірді бұзып, қолдан келсе қалаған кәсіппен айналысамын дегеннің мемлекет те бетінен қағып жатқан жоқ. Керісінше қолтығынан демеп, барынша қолдау көрсетуде. Ендеше, кедергі де болмаса керек. Жаның қалаған жұмысты тапсырыс берушінің қалауындай жасап отырсаң, әрі – табыс, әрі – көңіл азығы емес пе?!
Салтанат ІЛИЯШ.