Теміртау

Табиғатқа қалай көмектесеміз?

Теміртау қаласындағы №16 мектепте Халықаралық жер күні аясында «Балалар және климат» тақырыбында экологиялық конференция өтті. Оқушылар қоршаған ортаны қорғау төңірегіндегі күрделі мәселелерді талдап, баламалы энергия көздерінің тиімділігін тәжірибеде сынап көрді. Ілкімді шараның мақсаты – оқушыларды табиғатты қорғауға, жерін сүюге, мейірімділікке және ізгілікке тәрбиелеу.

Конференцияның басты қонақтары және қатысушылары – оқушылар. Қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша ақпарат алмасып, білгендерімен бөліскен оқушылар дәл қазіргідей күрделі кезеңде табиғатқа көмек көрсетудің жолын іздеді. Адамзат жер бетіндегі табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіру үшін «жасыл технологияға» көшуі тиіс. Баламалы энергия көздері қоршаған ортаға зиян тигізбейді. Әрі, ол – сарқылмайтын энергия көзі. Бұл ұғымның шынайылығы экологиялық конференцияның қатысушылары арнайы шеберханалар мен зертханалар жүргізген сынақ нәтижесінде нақтыланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның ойын және тәжірибе форматында өтуі оқушылардың тақырыпқа деген қызығушылығын арттыруға оң ықпал етеді.

  • Әу баста оқушылардың экологиялық үйірмесі біздің мектепте ғана болған еді. Кейін өзге мектептермен де байланыс орнатып, достық қарым-қатынас қалыптастырдық. Қазір қаладағы 5 мектепте экологиялық үйірмелер бар. Балалар табиғатты қорғау, жасыл желек отырғызу, қоршаған ортаға зиянсыз энергия өндіру жолдарын қарастырады,дейді экология пәнінің мұғалімі Елена Варганова.

Шараны ұйымдастыруға – АҚШ елшілігі мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қолдау көрсеткен. Демеушілер ұсынған қаражатқа зертханалық жабдықтар, қажетті құрылғылар сатып алынған екен. Балалар ауаның сапасын, судың тазалығын және түрлі химикаттардың қоршаған ортаға тигізетін әсерін мектепте қабырғасында жүріп-ақ тексере алады. Әрі экологиялық ахуалды арттыру амалдарын қарастырады.

  • Көптеген факторлардың әсерінен экологиялық мәселелердің өзектілігі арта түсті. Мәселен, өзен арнасын бөгеп, судың табиғи ағысын өзгертудің салдарынан Арал теңізі тартылып қалды, кәсіпорындардың түтіні ауа сапасының нашарлап, адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Біз осы мәселелерді көтеріп, табиғатты қорғауға үлес қосқымыз келеді. Ол үшін қарапайым физика заңдарына сүйеніп, баламалы энергияның тиімділігін түсіндіреміз, дейді №16 мектептің 8 сынып оқушысы Карина Ворочушкина.

Қазіргі таңда экологиялық ахуалдың күрт төмендеп кетуі әлемдік мәселеге айналды. Өндіріс ошақтарының, жеңіл автокөліктердің түтіні ауаны ластап, табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына алып келді. Экологтардың пайымдауынша, тығырықтан шығу үшін жасыл желекті көптеп отырғызып, баламалы энергия көздеріне ауысу қажет. Жер – адамзаттың ортақ үйі. Оның тазалығын сақтаужекелеген адамдарға ғана емес барша халыққа ортақ міндет.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button