Тұлға

ТАБАНДЫЛЫҒЫМЕН ТАНЫЛҒАН

Еңбек десе ерінбейтін Ертекбай Адамбековті Қарағанды жұртшылығы жақсы біледі. Қашан да ақ көңілімен күндей күлімдеп жүретін, жаздай жайдары жан әлі күнге дейін еңбек етіп келеді. Олай дейтініміз – аңқылдаған ағамыз сол ақжарқын қалпымен сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Қарағандының «Болашақ» академиясында еңбек ететін ағамыз осынша жасқа келгеніне қарамастан әлі де тың, әлі де талай жыл қызметін жалғастыра береді деген ойдамыз.

Сонау ойранды отыз жетінші жылы дүниеге келген Ерекеңнің балалық шағы қырғын әкелген Ұлы Отан соғысы жылдарына дөп келген. Сондықтан да, бүгінгінің балаларындай асыр салып ойнау ол кездің балаларының үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Таңертең көзін тырнап ашқан беті бір тілім нанын жеп, бір тостаған айранын іше салып жұмысқа аттанған. Шөп шабатын машинаға жегілген өгіздің басына мініп, олар оқалақтаған кезде ие болмақ былай тұрсын, өздері өгіздің үстінде бірге кетіп жүрген. Қыс бойы сабақ оқығанның орнына қорадағы малдың астын тазалап, оларға шөп салудан көздері ашылмайтын еді. Тарих қойнауына қайырылмастай болып кетіп қалған қайдағы бір қиын жағдайларды айтып отырған себебіміз – сол жылдардың адамдары осындай ауыртпалық арқылы шыңдалған болатын. Ол кісілер әлі де талай қиындықтарға төтеп берері сөзсіз, тек ондайдың бетін аулық қылсын.

Шет ауданында туып-өскен Ерекең қаламыздағы №26 орта мектепті бітірісімен әскер қатарына алынады. Сол жылы егін бітік шығыпты. Жас жауынгерлерді Көкшетау облысының Володар ауданына әкеліп, егін жинау жұмысына салады. Сол жылы Қазақстанда алғаш рет миллиард пұт астық жиналып, Ерекең омырауына «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалін тағып қайтады. Бұдан соң қоңыр күзде бір топ жауынгерді Брест қаласына жібереді, одан Львов қаласына ауыстырады.

Осында әскери борышын өтеп жүрген кезінде жанындағы жауынгер қырғыз жігіті домбыра жасап береді. Сол домбырамен Ерекең әскери слет кезінде сахнаға шығып, «Аққұм», «Қалқа» әндерін шырқап, бұрын қазақ әнін естімек тұрсын, өздерін де жөнді білмейтін украиндықтар дүбірлете қол соғады.

Ерекең үйіндегі жеңгеміз Сырға Мырзаханқызы көп жыл Қарағанды экономикалық университетіндегі әлеуметтік пәндер кафедрасында аға оқытушы болып еңбек етті. Қазір де сонда оқу орны мұражайының жұмысына жетекшілік етеді. Үлгілі, өнегелі отбасында Мұхтар және Дәурен атты екі ұл дүниеге келіп, үлкен азамат болып ер жетті. Қазір екеуі де заңгерлік мамандық алған, тамаша қызмет иелері. Олардан немере көріп отыр.

Әскер қатарынан оралған соң Алматыға барып, ҚазМУ-дың тарих факультетіне барып түсіп, оны тарих және қоғам тану пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Еңбек жолын Сарандағы Абай атындағы педагогикалық училищеде тарих пәнінің оқытушысы болып бастаған. Одан соң бір жылдан кейін сол кездегі Қарағанды педагогикалық институтына ауысады. Осында жүргенде облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне лекторлыққа шақырады. 1973 жылы Мәскеудегі СОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясына жіберіліп, оны бітірген диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алып шығады.

Айтпақшы, Мәскеуде оқып жүргенде Ерекең Қарағандыға ұшамын деп жүріп, байқамай Краснодарға ұшып кетіпті. Ол кезде Қарағандыға Домодедово әуежайынан ұшатын. Әуежайға келсе – Қарағандыға ұшатын ұшаққа отырғызудың аяқталғанын хабарлап жатады. Жүгіріп келіп, билетін тіркетіп, ұшатын жаққа шықса, екі ұшақ қатар тұрып алып қалағын айналдыра бастапты. Есіктің алдында тұрған қыз сілтеген ұшаққа жүгіріп барып отырып алады. Аспанға көтерілген кезде билеттерді тексерген жолсерік қыздың көзі атыздай болыпты. «Бұл ұшақ Қарағандыға бармайды» дейді. Ұшып кетсен соң бір адам үшін қайтадан оралсын ба, еріксіз Краснодарға барады. Ол кезде ұшақтар көп еді ғой. Минеральные воды арқылы Қарағандыға келіпті.

Аңқылдаған ақ жүрек ағамыздың талай қызық оқиғалары бар. Бірде «Волганың» жүк салатын орнында жатқан қой өліп қалған жоқ па екен деп қараған кезде ол қашып кетіп, қуалай-қуалай өкпелері өшеді, ақыры машинамен қағып, зорға дегенде ұстайды. Біржолата бауыздап алмақ болғанда, аяғындағы жібі үзіліп кетіп, тағы да қашады. Ақыры үсті-бастары қан-жын болып, зорға дегенде ұстайды ғой. Тағы бірде ағамыз «ішек-қарынның керегі жоқ» деп жылқының қарыны мен қартасын алмай кетіпті.

Айта берсек бұл кісінің адам айтса, нанғысыз аңқаулық қылықтары толып жатыр. Бұл ешкімге жамандық ойламайтын, аңқылдаған адалдықтың айғағы болса керек.

Бүгінде Ерекең «Болашақ» академиясындағы жалпы білім беретін пәндер кафедрасының профессоры, студенттеріне заманаға лайық білім беріп жатқан, өз пәнінің білгірі. Сондықтан да, Ерекең туралы «Болашақ» академиясының ректоры, профессор Құралбай Меңлібаев:

– Ермекбай Адамбеков өте сауатты, тарих пәнін оқытудың әдістемесін жан-жақты меңгерген, дәрісті орыс тілінде және мемлекеттік тілде оқитын білікті маман. Көп жылдан бері Қазақстан тарихы пәні бойынша мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болып келеді, – деп жоғары баға берді.

Ерекең әлі де болса ғылыми жұмыстармен айналысуды бір сәтке де тоқтатқан емес. Ол кісі 50-ден астам жарияланымның авторы, қазақ халқының тарихы мен этнографиясы мәселелеріне арналған көптеген ғылыми маңызды мақалалар, Қазақстан тарихынан екі оқу-әдістемелік оқу құралын жазған және «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясы авторларының бірі. Соның ішінде жуырда ғана жарық көрген «Тарихи және саяси-әлеуметтік ой-пікірлер тарихына қосымша оқу-әдістемелік құралы» студенттердің өз бетінше дайындалуына арналған ерекше еңбек екендігі сөзсіз.

Кафедра меңгерушісі, доцент Еламан Қасенов.

– Ермекбай Көпбайұлы кафедрада көптеген ғылыми-әдістемелік жұмыстар атқарады, жас оқытушылардың ғылыми мақалаларына жүйелі түрде пікір білдіріп отырады. Ұжымда бірқалыпты, әріптестеріне қарапайым қатынасымен ерекшеленеді. Сол арқылы оңтайлы психологиялық ахуал орнатып, қалыпты қызмет етуге ықпал етеді. Оқытушылар мен студенттер арасында сыйлы, жастардың тәлімгері. Кейінгі кезде қазақ ұлтының рухани дамуының тарихы, ұлттық тәрбие мен құқықтық тәрбие, құқық мәдениеті тақырыптарына арналған мақалалары ерекше көңіл аударарлық, – десе, бұл пікірді профессорлар Нәби Елікбаев, Яков Трофимов, Сайра Диқанбаева, доценттер Балқия Рысбекова, Тамара Құлпейісовалар да қолдады. Ерекеңнің адамгершілік, ұжымшылдық, білім мен тәрбиенің сәйкестігі, жастарға деген қамқорлығы және басқа да тамаша қасиеттері жайлы зор ыждаһаттылықпен әңгімелеп берді.

Бір сөзбен айтқанда, Ермек Адамбековке зор денсаулық, алдағы уақытта да атқаратын еңбегіне жеміс тілейміз.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстанның Мәдениет қайраткері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button