Жаңалықтар

Табақ тарта білесіз бе?

Сыйлы мейманға қазан көтеріп, ет асу – қазақтың қанында бар дәстүр. Сондықтан, табақ тартудың өзіндік тәртібі мен ретінің сақталуына ерекше мән береді. Еліміздің әр аймағына тән ерекшеліктері болғанымен, қонақтың жасына, туыстық жақындығына қарай тартатын табақтардың көптеген түрі бар.

Бас табақ – қазақтың ата салтында үйге сыйлы адам келгенде, не алыстан қадірлі кісі келгенде не арнайы шақырғанда ұсынылатын табақ түрі. Қойдың басын, жамбасын, ортан жілігін, арқасын, сүбе қабырғасын, жаурынын, белдемесін, кәрі жілігін, тоқ ішегін, жүрегін, бүйрегін, екі сирағын түгел табаққа салып, қонаққа тартады.

Орта табақ – бас табақтан қалған еттердің кәделі жіліктерінен жамбас, ортан жілік, жауырын, қабырға, белдеме, кәрі жілік сынды сүбелісін төрдегілерден кейін отырған жасы кішілеу қонақтарға тартады.

Кіші табақ – төменгі жақта отырғандарға тартылады. Оған асық жілік, төс, құйымшақ, қабырға, арқа, белдеме сынды кәделі жіліктер салынады.

Сый табақ – сыйлы қонаққа, жасы үлкен қарияларға, құда-құдағиларға арнап тартылады. Бас, жамбас, жылқы еті асылса жал-жаясын, қазы- қартасын ортан жілік пен белдеме, омыртқа сынды кәделі бөліктерін асады. Сиыр-түйе сынды ірі қара болғанда, белдеме, жая, өркеш, омыртқа, қарын, асылады. Ұсақ мал сойылса бас, жамбас, белдеме, арқа, жауырын, ортан жілік, қабырға және сүбе қабырға, кәрі жілік, тоқ ішек, жүрек салынады.

Құда табақ – қойды арнап сойған болса, табаққа басын, жамбасын, кәрі жілігін, ортан жілігін, жауырынын, сүбе қабырғасын, арқасын, белдемесін, қарнын, тоқ ішегін, құйрық-бауырын салады. Жылқы болса, шекесін, жал- жаясын, қазы-қартасын, омыртқасын, ортан жілігін асады. Сиыр болса, омыртқа, арқа, ортан жілік, қарын, қимай, белдемесін асады.

Құдағи табаққа ері қайтыс болған, не құдағи өзі ғана келгенде, «құданың жолы» деп бас, жамбас, омыртқа, белдеме, қазы-қарта, жал-жая, қарын, ортан жілік, жауырын, құйрық-бауыр салынған үлкен сый табақ тартады.

Күйеу табаққа – асық жілікті, төсті, ортан жілікті, сүбе қабырғаны, белдемені, қарын мен тоқ ішекті салады.

Қыз табақ – бұл төркіндеп келген қызына көрсетілетін құрмет. Жамбасты, асық жілікті, жауырынды, белдемені, тіл-жақты, қарынды, сүбе қабырғаны, жүрек-бауырды, бүйрегін салады.

Жезде табақ – бұл табақты балдыз қыздар дайындайды. Ортан жілік, жауырынын, белдеме, қарын, тоқ ішек, бауыр, жүрек, бүйрек, құймышақ салынады. Жезде табаққа салынатын сый-сыбаға негізінен жеңге табақтағымен бірдей болады.

Бұдан басқа келін табақ, жеңге табақ, құрдас табақ сынды түрлері бар.

Әзірлеген Дана РАҚЫМТАЙ,

ҚарУ-дің IV курс студенті.

Басқа материалдар

Back to top button