Пікірлер

Тағылымы терең дүние

«Егемен Қазақстан» газетінің биылғы алғашқы санынан Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тағылымы терең, аса мағыналы мақаласын оқып, кәдімгідей көңілім толқыды. Шынымен де, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат». Мемлекет басшысының ұлт ұлағаты мен ұлттық ұстанымынан бастау алатын салмақты сөздері ешкімді де бейжай қалдырмасы анық.

Бүкіл әлемді қатерлі індет пен оның салдары дағдарысқа тіреген сәтте ел тұтқасын ұстаған азаматтың айтар сөзі осылай болса керек-ті. «Экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді. Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден-бір кепілі» дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бұдан асырып, не айтуға болады?!

Ендеше, Президенттің парасатты дүниесін дүйім ел болып парықтай білуіміз керек. Бұл – ұлағат ұстыны, демек, келер күндердің келісті бағдары. Осыны үнемі есте сақтау – шарт!

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Back to top button