Бас тақырып

Тағдыр тоғыстырғандар

Өзге ұлт өкілдерінің түрлі себеппен қазақ топырағына табаны тиіп, тұрақтап қалғанына аз уақыт болған жоқ. Содан бері олардың Қазақстанды туған жерім деп санайтын бірнеше ұрпағы өсіп жетілгеніне тарих парақтары куә.

Қарағанды қаласының қалыптасу тарихына үңілсек те XІX ғасырдың аяғында сайын далада көмір өндіруді бастаған орыс көпестері мен француз, ағылшын кәсіпкерлерінің ізін көреміз. Тағдыр талайы олардың кейбірінің  ұрпағына Тәуелсіз Қазақстанның азаматы болып өмір сүруді нәсіп етіпті. Қатпарлы шежіре одан бергі жылдарда орталық Қазақстанға украин, белорус, кәріс, татар, неміс ұлтының дәм айдаған өкілдері келгенін баяндайды. Байыппен үңіліп қарар болсақ, әр ұлт қана емес, әр адамның Арқа жеріне келген себебі әрқилы. «Адамның басы Алланың добы» деген тәмсілді еске алсақ, ол себептің ар жағында бір әулеттің, жеке-жеке адамның тағдыры жатыр. Әрқайсысы бір-бір көркем шығармаға жүк. Талайлы тағдырлардың символындай болған кейіпкердің бірі – Арқа жеріндегі аядай ауыл Ақтастың атын Жапония мен Қазақстан арасына паш еткен Ахико Тецуро.

Ахико ҚарЛАГ-тың тар қапасына бар болғаны 15 жасында түсіп, он жылдан соң түр­ме­ден шыққанда 24 келі ғана болған екен. Көрер жарығы бар жігітті боздалада боз­да­ғынан айырылған Ақтамақ есімді қа­зақ ана­сы бағып-қағып өсіріпті. Есейіп неміс қызымен отау құрып, балалы-шағалы болып, жігіт ағасының жасына жеткенде Жа­по­ниядағы әкесі мен бауырларын тауып, еліне көшіп те кеткен. Са­ры да­ла бойына сіңірген қасиет оны жа­пон елінде қалдырмапты. Бі­раз жыл­дан соң Қазақстанға, өзін есейт­кен Ақтасына қайтып ора­лыпты. Бұл оқиға негізінде көркем шығарма жазу туралы идеяны Ұлттық құрылтайдың мүшесі, ҰҒА корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков ұсынып, жазушы Мадина Омарова пьеса жазып, Асхат Маемиров Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академия­лық драма театрында «Ақтастағы Ахико» деген атпен сахналады. Ахи­ко­ның тағдыры еріксіз жат елге келіп, сол елде өсіп-өнген еліміздегі әр этнос өкілінің ата тарихынан хабар береді. Ал, Ахикоға ме­кен болған қазақ даласы, оның осы елге бауыр басуына сеп болған қазақ хал­қының кеңдігі – Абай айтқан «Адам­заттың бәрін сүй, бауырым деп» деген ракурсқа толық сыйып тұр. Мейірім мен тағдыр секілді бірлік те ұлт таң­дамайды. 

Кешегі көмір табылған қазақ даласының орталығы мен ҚарЛаг орналасқан мекен бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның кенді аймағы ретінде өндірістің күретамыры болып республика бюджетіне қомақты қаржы салып, ел дамуына үлес қосып отыр. Оның ар жағында Қарағанды өңірін мекен еткен әр этнос өкілінің қажырлы еңбегі, қазақ халқының кең пейілі, жан баласын жатырқамайтын толеранттылығы жатыр.

Кеше ғана Қазақстан халқы Ассамблея­сының алқалы жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлты әртүрлі азаматтарымыздың өзара достығы мен татулығы туралы мысалдардың көп екенін  көрсетуміз қажет, – деген   еді. Қазақстанның орталығы, түрлі ұлт ұйысып еңбек етіп жатқан Қарағанды өңірінде ондай мысал өте көп. 

Оларды «Ortalyq Qazaqstan» газеті ұдайы түрлі жанрда жазып, оқырманға баяндап жүр. Бүгінгі номердегі мақалаларға да бірлік пен ынтымақтың қазақстандық үлгісі арқау болды.

Назым ДҮТБАЙ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button