Тағдыр табыстырған дос едік
Әр адам тағдырына біреудің ерекше әсер етіп, бүкіл өміріңде өшпестей із қалдыратыны сөзсіз. Менің де достарым көп болды. Сол жақын туысымдай аяулы достарымның бірі Зкен Игенбайұлы еді. Ол мамандығына адал берілген құрылысшы болатын. Жаны жайдары Зкен еңбек жолын бастамай тұрып-ақ іні-қарындастарына, кішілерге, тіпті, қатар жүрген біздерге де көмектесуге дайын тұратын. Тұла бойы тұнған үлгі-өнеге. Бұндайда еріксіз Қаражалдың құрылып жатқан шағы, қысы-жазы бой көтеріліп жатқан үйлер, әртүрлі өндірістік және әлеуметтік объектілер, мемлекеттік мекемелер, білім және денсаулық саласының ғимараттары, сутартқыш мұнаралар біртіндеп көз алдыңа келе бастайды. Солардың арасынан ағыл-тегіл қара терге малынып жүрген Зкен досымды, інім Түйтебай бауырымды көргендей боламын. Басқасын айтпағанда, Түйтебай інімнің арнаулы құрылыс бригадасын басқара жүріп, Қаражал шағын аудандарының түйіскен жеріндегі әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған су мұнарасы сонадайдан менмұндалап тұратыны оған орнатылған ескерткіштей боп көрінеді маған. Әңгіме достығын сатпаған әрі құрдас, мансапқа беріліп, лауазым қумаған Зкен жайлы болғандықтан, сағынышқа айналған оның адамгершілігі, бауырмалдылығы, бірімізді біріміз іздеп топтанып жүретін шақтар еске түседі.
Аралас-құралас өскен Зкеннің де достары көп болды – Қалиақпар, Әби, Әбсейіт, Айкен, Қыдырбай, Әуезхан, Қоңырбай, Мейрам, Жанбек, Мықтыбек тағы басқалары жетіп артылады. Мен Зкенмен сыйлас та, сырлас та болдым. Зкеннің маған деген ерекше ілтипаты 1949 жылдан 6-шы сыныпта оқып жүргенімізде басталып еді. Сабаққа бірге дайындалып жүргеніміз болмаса, басқа жақындығымыз жоқ, рулас ағайын да емеспіз. Қысқы каникулда көлік болса, ауылға баратынбыз. Сондай бір күні Зкен мені ауылына бірге баруға шақырды. Тартып кеттік. Стансадан бізді тосып тұрған әлді ат жегілген жайдақ шанаға мініп, даланың қарын бұрқыратып, күпіге оранып алған бір топ бала лезде мал бордақылау пунктіндегі ауылға жетіп келдік. Зкеннің шешесі Бағдат асты-үстімізге түсіп, құрақ ұшып жүр. Шаруашылыққа атасы Көзжан басшылық жасайды екен. Қар тазалап, үлкендердің айтқанын істейміз. Кешке мал қамасамыз. Каникулға келген балалар кезек-кезек әр үйде 1-2 сағат бас қосып, өлең айтып, ұлттық ойындармен (Орамал тастау, Хан жақсы ма? Көрші т.б.) көңіл көтеріп, жиналған үлкен кісілерге өнерімізді көрсетеміз. Батасын алып тараймыз. Біздің басымызды қосуға ұйытқы болатын да солар еді. Балалардың басын қосып, ұйымшылдыққа баулып отырған үлкендердің осындай кішкентай іс-әрекеттерінде қаншама өнеге, үлгі тәлім жатқанын кезінде аңдай бермеппіз. Қазір сағынышпен еске аламыз. Өстіп каникулды бітіріп, интернатқа ораламыз. Осылайша достық атты киелі сезім, түйсік, өмір өрнегінде өзінің жалғасын тауып жатты. Зкеннің іні, қарындастары туғандарымдай болып кетті. Аманкүл қарындасы мені бүгінге дейін ағам десе, шешесі Бағдат Зкенімнің сыңары деп аялап жүрді.
Орта мектеп бітірген тұста біз ЖОО-ны іздеп жүрсек, Зкен бірден тау-кен техникумына құжаттарын тапсырды. «Емтихандарын жақсы тапсырдым, тек орыс тілінен қиналғаным болмаса» дейді өзі. Сөйтіп техникумның студенті болып шыға келді. Студенттік өмірдің дәмін татпай жатып Зкенді әскерге алып кетті. Деңсаулығының, дене бітімінің тағы басқа көрсеткіштері бойынша Ригадағы подводник-водолаздар бөлімшесінен бір-ақ шықты. Теңізшілердің киімдері керемет, әп-әдемі. Демалысқа келгенде бір байып қаламыз. 1959 жылы мамыр мерекесіне арналған «Индустриальная Караганда» газетінде Зкен туралы оның командирінің жазған мақаласы шығып, біздің Қарағандының абыройын бір көтеріп тастады. Әскери міндетін өтеп, Ақмоладағы өлкелік атқару комитетінің төрағасы болып істейтін Балатай дейтін ағасының ақылымен сол жердегі құрылыс техникумына түсіп, оны ойдағыдай бітіріп, Целиноград құрылыс объектілерінде, одан кейін Жаңаарқада, Қаражалда жалғастырды. Қаражалдың Бүкілодақтың құрылыс алаңына айналып тұрған кезі. Құрылысшылар Қаражалдағы алғашқы мерекесін 1959 жылы 9 тамыз күні мәдениет сарайын пайдалануға беруден бастады. Шынында кино көрсететін барақтан басқа ештеңесі жоқ Қаражал үшін бұл айтулы, үлкен мереке болды.
Зкен әскерде жүріп әлдеқайда саяси сауатты болып келді. Табақтай-табақтай мақтау қағаздары мен Алғыс хаттарынан басқа жетістігі партияға өткендігі. Бізді мәжбүрлеп жаздыратын «Правда», «Известия», «Труд» газеттері Зкеннін қолынан түспейтін. Бұрын олардың атын естіп, затын көрмеген Зкен қып-қызыл коммунист. Өзі адал адамға бұның пайдасы тиді. Кейін сырттай ҚарМУ-дің экономика факультетін бітіріп, экономист мамандығын алып шықты.
Сол тұста Қаражалға бірінші хатшы болып келген Қаратай Тұрысов қазақ жастарының жоғары білімді мамандарын басшылық қызметтерге, партиялық жұмыстарға тарта бастады. Осындай сенімнен шыға бастағандардың бірі – Зкен Игенбайұлы «ШахтаҚұрылыс» тресінің учаске шебері, бастығы болып ұйымдастырушылық, іскерлік қасиеттерімен көріне бастады. Көп кешікпей қалалық партия комитетінің өндіріс-транспорт бөлімін басқарды. Партия қайда жіберсе, сонда барып жұмыс істейтін уақыт. Талап солай. Зкенді Ұлытауға Халық депутаттары аудандық Советінің атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары етіп жіберді. Одан Ұлытау аудандық Халықтық бақылау комитетін басқарды. Одан кейінгі жылдары Қаражал қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, жалпы бөлім меңгерушісі, Қалалық атқару комтитетінің Жоспарлау комиссиясының төрағасы сияқты қызметтерді атқарды. Зейнеткерлікке шығар алдында «Жезқазған жолдары» Акционерлік қоғамының Қаражал №40 ДЭУ бөлімшесінің бастығы болып істеді. Жұмыс істеген уақыттарының барлығында да аудандық, қалалық Советтердің депутаты болып бірнеше дүркін сайланған. Зейнеткерлікке біржола кеткенінше қалалық Ардагерлер кеңесінің қоғамдық негіздегі төрағасы болып істеді. Ол өзінің еңбек жолында қоғамдық қайраткерлікке дейін көтерілді.
Өсек-аяң, біреудің сыртынан ғайбат сөз айту, өз мүддесін ойлау, тәккаппарсыну Зкенге жат. Біреудің осындай іс-әрекетін көрсе, бетің бар, жүзің бар демей айтып салады. Өзіне сөйтіп дұшпан тауып алады. Бәрібір әділдігінен тайған емес.
Адамгершілігі, бауырмалдығы жанда жоқ. Әке-шешесі де керемет ақылды, кемеңгер кісілер болатын. Зкеннің өз әкесі Игенбай Отан соғысында қаза болған. Екінші әкесі Көзжан өз әкесінен кем болған жоқ. Қолынан келген бар жақсылығын үйіп-төкті. Бетінен қақпай өсірді. Зкеннің қарындасы Аманкүл күйеуге шығып, құдалардың тойына мені алып барып, қолға түсе бермейтін, бізше «дефицит» керемет костюм-шалбар кигізді. Мен онда күнкөріс деңгейі стипендиямен шектелген студентпін. Сонда бір көңілім өсіп, марқайып қалдым. Достықтың бұдан асқан үлгісі бола қояр ма екен? Содан былай Зкенді рухани бауырым деп кеттім. Көкірекпен, лауазыммен, байлықпен өлшенбейтін достықтың жөні бір бөлек екендігін сезіну қандай ғанибет!
Зкен өте жайдары, әзіл әңгімеге де жеткізбейтін. Ол отырған дастарқан басында риясыз күлкі, қалжың тоқтамайды. Оның «Сиыр сауу», «Бақытты үш әйел», «Менің 25-ді көре алмады ғой», «Адам екен десем, Қыдырбай екен ғой» деген қалжыңдары Қожанасырдікінен бірде-бір кем емес. Ел арасында әлі айтылып жүр. Қарағандыға келгенде, баратын үйлері толып жатса да біздің үйге келіп қонатын еді. «Қысылып, қымтырылмай, көсіліп жататын сендердікі жақсы» дейді. Зкеннің отбасында шырайлы дастарқандары жиналмайтын. Қонақ үзілмейді. Отанасы Сәтира бірнеше жыл ұстаз болған, қазір еңбек ардагері, зейнеткер, немерелерін бағып отырған ақ жаулықты әже.
Қаражалдың қала болып қалыптасуына, оның тарихында айшықты із қалдырып, елеулі үлес қосқан Зкеннің Ұлытау мен Астананың арасында сайраған ізі жатыр.
Ошақбай СУХАНБЕРЛИН.