Басты тақырыпЖезқазғанРуханият

ТАҒДЫР ШЫРҒАЛАҢЫ

Қазақ кино өнеріндегі әдеттегі туындылардан бөлек, айтары астарлы, арқауы — психологиялық ішкі ой иірімдеріне құрылған бір жаңа фильм Жезқазғанда дүниеге келді. «Наза» деп аталатын бұл фильмнің авторы — Қазақстан Театр қайраткерлері одағының және Жазушылар одағының мүшесі Кенжебай АХМЕТОВ.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, ақын, жазушы, әдебиеттанушы ғалым, драматург, аудармашы ретінде көпшілікке кеңінен танымал Кенжебайдың кино өнеріне «түрен» салуына таңғалуға болмас. Тегінде, ол көп жылдар бойы кенжелеп қалған осы бір өміршең саланың өлшемдерін байқап, өз қолтаңбасын танытуға бекініп жүрсе керек. С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалы-драма театрында драматург К.Ахметовтың бірнеше туындылары қойылып, сахна саңлақтары мен өнертанушылардың жақсы бағасын алғанын көзіқарақты жандар жақсы білуге тиіс. Айталық, оның «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым» тарихи драмасын сахнаға шығарған жезқазғандық өнер ұжымы 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына арналған республикалық театрлар фестивалінде Гран-приді жеңіп алған болатын. Сондай-ақ, драматург Кенжебай Ахметовтың «Қанда бар ғой, қанда…», «Құданың өзі, құдайдың «көзі» келгенде» спектакльдері де театр репертуарындағы шоқтықты дүниелерге айналған. Әлбетте, театр мен кино бір-бірімен онша қабыспайтын, екі сала екені белгілі. Тәуекелге бел буған Кенжебай енді кино түсіруді қолға алыпты.

«Наза» фильмінің негізгі оқиғасы өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап, шамамен, бүгінге дейінгі аралықты қамтиды. Алайда, мұнда қазіргі сериалдар сияқты «бұдан әрі не болар екен» дейтіндей, өрбіген көп оқиғалар да жоқ. Фильм желісі ішкі толғаныс, психологиялық иірімдер арқылы өріс алады. Басты кейіпкері Асанбектің образын артист Жұмағазы Бірмұқанов сомдайды. Тағдыр шырғалаңына ұшыраған ол бір жұмбақ жан сияқты. Ал, зер салып көрсеңіз Асанбектің жеке өмірінде де, қызмет пен мансабында да сәтті кездері болған. Сүйген жарынан ажал айырса, жалғыз ұлдан тірідей айрылған. Еркетотай қызынан да сүйеу таба алмай, жар басында қалғандай жалғызілікті күй кешуде. Отбасылық бақыттан қалайша айрылып қалғанын өзі де байыптап түсінбейді-ау. Өзгелерге жұғыспайтын оның кісікиік жүріс-тұрысының өзі сырт көзге оғаш көрінеді. Танымайтын жандар мен көрші-қолаң да оған тіксіне қарайды. Күні-түні баз кешіп, зілмауыр ой құрсауына қамалған ол жан күйзелісіне ұшырайды. Соның салдарынан жүйке ауруларын емдейтін жерден бір-ақ шығатын кезі де бар. Алайда, жанын жегідей жеген ой азабының ұшығына жете алмай жүргенінде бала кезден бірге өсіп, кейін алыс­тап кеткен Шора досы Ресей жерінен іздеп келеді. Досымен шер тарқатысқан әңгіме барысында талай жылғы қажыған ойдың елестері мен әркез түнде көретін түстерінің астарында жатқан тылсым сырдың түйінін түсінгендей болады. Осы сәттен бастап Асанбек бір күрт шешімге келеді. Оның бәрін енді егжей-тегжейлі айтпай-ақ қояйық. Негізінен, ойлануға құрылған кино.

Фильмдегі қырықтан аса үлкенді-кішілі рольдерді Қазақстанның халық артисі Дос­жан Жанботаев бастаған С.Қожамқұлов атындағы музыкалы-драма театрының бір топ сахна шеберлерімен қатар, Жезқазған қаласы мен Жаңаарқа ауданындағы қарапайым адамдар да ойнайды. Кинодағы көріністің біраз жерлері Қарағаш орманы мен Иманақ тауының баурайында, Ұлытау ауданының Алғабас ауылы мен Жезді кентінде түсірілген көрінеді. Қазірде киноның толық монтаждалған нұсқасы дайын. Сәтін салса, шырғалаң тағдырды арқау еткен фильмді көрермен қауым биылғы жазға қарай тамашалай алады.

Амандық РАХҰЛЫ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Суреттерде: кинодан көріністер.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button