Covid-19

Таңдауда – төртінші вакцина

Ел Үкіметі күзге дейін Қазақстан халқының 10 миллионы вакцина алуы тиіс екенін сәуірдің басында айтып еді. Сол арқылы ұжымдық иммунитет үшін қажет вакцина алған халықтың 60%-ы қалыптасады. Вакцина алушылардың қатарын арттыру үшін таңдауға тағы бір вакцина қосылды. Ол қазақстандықтарды вакциналау үшін қолжетімді төртінші препарат болады.

Коронавирусты таратпау жөніндегі комиссияаралық ведомство Қытай Халық Республикасымен жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша, арнайы бортпен Алматыға «CoronaVac» вакцинасының алғашқы партиясы келгенін мәлімдеді. Оны қытайлық «Sinovac Biotech Ltd» биофармацевтикалық компаниясы шығарады.

Қытайлық «CoronaVac» вакцинасының алғашқы партиясы – 500 мың доза.

Денсаулық сақтау министрлігінде атап өткендей, келіп түскен вакцинаның партиясы қазақстандық және ресейлік қолда бар вакциналарымен қатар, елдің барлық егу орындарына жақын күндері жеткізілетін болады. Аталған вакцинаны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан аумағында қолдануға мақұлдады. Ол елде қолданылатын «QazVac», «Спутник V» және «Hayat-Vax» вакциналарының тізбесін толықтырады. Қазіргі уақытта «CoronaVac» препараты әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылады.

«CoronaVac» вакцинасының құрамында белсенді зат – SARS-CoV-2 антигені бар. Бір құтыда 0.5 мл/доза болады. Екпені 14-28 күн аралығында екі рет алу қажет. Оны 18 жастан асқан кез келген адам ала алады. Мамандар қытайлық вакцинаның ерекшелігі ретінде оны +2+8 градус температурада сақтауға болатындығын айтады.

Облыстың денсаулық сақтау басқармасы мәлімдегендей, бүгінде облыс көлемінде «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентінен – 990, екіншісінен – 11 215 доза бар. Қазақстандық «QazVacтың» 1800 доза – бірінші компоненті, 2737 доза – екінші компоненті бар. Сондай-ақ, Біріккен Араб Әмірлігінде шығарылған «Hayat-Vax» вакцинасының бірінші компонентінен 13 690 доза және екінші компонентінен 18 908 доза қалды. Басқарма мамандары вакцина орталықтарында вакцинаның бар-жоғын білу үшін 8(7212)955-559 телефон номеріне хабарласуға болатынын ескертеді.

Кешегі күнгі мәлімет бойынша Қазақстанда 2 145 688 адам вакцина алды.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button