Жаңалықтар

Тәжірибе алмасқан кездесу

Жаһандану заманында, әсіресе, білім беру жүйесіндегі өзгерістер дәуірінде мұғалім алдында тұрған мақсат-міндеттердің салмағы орасан зор. Мұғалім ендігі кезекте ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болуы керек және озық әдіс-тәсілдері арқылы оқушыларды біліммен қаруландыруы керек. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университетінің мамандары қаламыздағы М.Жұмабаев атындағы гимназияға келіп, өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісті.

Адамзат тарихында ұлт та, ұлыс та, жеке тұлға да тек білім арқылы өзінің діттеген мақсатына жете алады. Сондықтан да ұстаз алдынан өтетін әр оқушы – ел ертеңі болып, болашақтың жүгін арқалайды. Еліміздің өсіп-өркендеуі саналы ұрпақпен байланысты. «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?» деген сұрақ қазіргі таңда мектептер үшін ең басты мәселе болып отыр.

2021 жылдың қараша айында үштілді білім беруде тәжірибе алмасу бойынша озық әдістерді жетілдіру мақсатында Назарбаев университетінің мамандары мектебімізге келді. Қаламыздың барлық мектептері іс-шараға онлайн режимде қатысты. Назарбаев университетінен келген профессор Сайед Абдул Манан «Үштілде білім берудің мәселелері мен болашағы», Сабина Тенбай «CLIL сабақтарының тәжірибесі» және Сымбат Мұхамедиева «Кәсіби дамудағы тенденция» тақырыбында авторлық оқулықтарымен таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті. Жаңа дәуірдің оқу ордасы білім беруде қандай әдіс-тәсілдерді пайдалану керегін айтты.

Бүгінгі таңда білім беру парадигмасының өзгеруіне байланысты дайын ақпаратты баяндаудан гөрі сын тұрғысынан ойлауға жетелейтін тапсырмалар арқылы сабақ меңгертудің тиімділігі зор. Сол себепті, түрлі интербелсенді әдіс-тәсілдер негізінде сабақ тақырыбын оқушылардың өздеріне анықтатуға болады. Осы орайда гимназия мұғалімдері интеграцияланған панорамалық сабақтың таныстырылымын көрсетті. «Ұйымдастыру» бөлімінде информатика пәні мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Сәтжан Омаров «Random team generation» онлайн топқа бөлу қосымшасын пайдалана отырып, «Voki. com» ұйымдастырушы робот мұғалім әдісімен таныстырды. Ал, «Жаңа сабақ» бөлімінде биология пәні мұғалімі Айнұр Қордабаева «STEM қалдықтары» әдісі арқылы тақырыпты оқушылардың өзіне ашқызып, «LearningApps» қосымшасы арқылы жаңа сабақтың терминдерін сәйкестендіріп, «Learnis.ru» ресурсы арқылы сабақ бөлімін бекітті. «Тәжірибе» бөлімінде жаратылыстану пәні мұғалімі Бауыржан Тұрар 3D гербаримен деңгейлік тапсырмалар орындатты. «Бекіту» бөлімі бойынша Жанар Дошакова «Plickers.com» QR код арқылы жаңа білімді қорытындылап, оқушыларды бағалады. «Кері байланыс» бөлімінде химия пәні мұғалімі Нұрбақыт Сайлау «Jamboard» электронды стикерлермен рефлекция жасады. Мұғалімдер үш тілде берілетін әдісті жаңа формацияда топтамалық әдістер мен заманауи ресурстарға сүйене отырып, өткен сабақ барысында орындалған жұмыстарды бөлім-бөлім бойынша ыждағаттылықпен таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті.

Кездесу нәтижесінде Назарбаев университетінің мамандары болашақта гимназия ұстаздарын өз оқу орнында өтетін іс-шараларға қонақ ретінде шақырып, тәжірибе алаңында көргісі келетінін атап өтті. Сонымен қатар, олар мектепке оқулықтары мен әдіс-тәсілдер топтамасын қалдырды. Гимназия ұстаздарының еңбегін жоғары бағалап, университет сертификаттарын табыстады.

Қорыта келгенде, Қазақстанның тілдер саясатындағы басты бағыты – тілдердің үштұғырлылығы. Бұл заман талап етіп отырған жағдай. Ел ертеңі айқын болуы үшін, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтардың өсуі үшін бүгінгі ұрпаққа әлемнің озық ой-пікірімен ұштасқан сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет.

Сәтжан ОМАРОВ, Мағжан Жұмабаев атындағы гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button