Түзелу жолындағы талпыныс
Бұрын-соңды бұл жерге ат ізін салмағанның бойын үрей билейді. Жаның қалтырап, жан-жағыңа жатсына қарайсың. Әр жақтағы өмір – беймәлім. Қалай екенін, тіпті, елестету мүмкін емес. Сарт-сұрт еткен темір есіктің бірінен өтіп, екіншісіне келіп тоқтайсың. Тағы тексеріс, бітпейтін тексеріс. Заңы солай. Бірақ, ішке кіргеннен көз алдыңда мүлдем басқа көрініс ашылып жүре береді. Тап-тұйнақтай айнала, көлденең жатқан бір шөп көзге көрінсеші. Темір қоршау мен темір есікті айналып өтіп, дәл осы жерге кездейсоқ тап келсең, «түрме» деп әсте ойламайсың. Формадағы қызметкерден бастап, арнайы киімдегі жазасын өтеушілердің өзі тоқтаусыз қайнаған тіршіліктің қазанында өзіне тиесілі істі атқарып жатыр. Қарап тұрған ешқайсысы жоқ. Қызу еңбек. Бұл – Қазақстан бойынша колониясы ең көп облыс – Қарағандыдағы қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №32 түзету мекемесі. Түсінікті тілмен айтқанда, әйелдер колониясы. Жасы бар, жасамысы бар, егде тартқаны бар, осы жерде 400-ге тарта жолы жіңішке жан жазасын өтеуде.
Басты мақсат – дұрыс жолға бағыттау
Бұған дейін Қарағанды облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің АК-159/9 мекемесі аталып келген әйелдер колониясының бүгінгі атауы – Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «№32 мекеме» республикалық мемлекеттік мекемесі. Абай ауданы, Көксу кентінің Северное ауылында орналасқан 600 орындық колонияда 400-ге тарта әйел бостандыққа шығатын күнін күтіп отыр.
«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Өмірдің өзі ақ пен қарадан тұрады десек, қай күні және қашан басымызға қайғының қара бұлты үйірілеріне ешқайсымыз кепілдік бере алмаймыз. Кең дүниені тар етіп, қапасқа қамаламын деп те әсте ойламаған жазасын өтеуші әр әйелдің дәл осы жерге түсу тағдырлары да әр алуан. Бірі – жастықпен жүріп от басса, біріне жоқшылық әсер еткен. Бірі – алданса, ал, келесі бірі өзін қорғаймын деп, жаза арқалаған. Бірақ, қалай болғанда да, әйел жүрген жердің ерекше құбылып, ерекше бір реңкке ие болатыны тәрізді, сырттағы өмірден бөліп тұрған темір қоршау мен тікенді сым болмаса, №32 түзету мекемесінде өмір өзінше жалғасуда. Өзінше де емес, өзгеше жалғасуда. Себебі, дәл осы қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінің басты ұстанымы – дұрыс жолға бағыттау.
– Атауы айтып тұрғандай, мекеменің мақсаты – сотталғандардың түзелу жолына түсуіне үлес қосу. Түзеу жолына қоюдың бір бағыты – сотталғандарды жұмыспен қамту, кәсіби білім алуына қолдау көрсету. Осы бағытта біраз жұмыстар атқарылуда, – дейді №32 мекеме бастығының орынбасары, әділет полковнигі Нұржан Әбдіров.
Сондай-ақ, полковник өндірістік жұмысқа тартылғандар еңбек дағдысын қалыптастырып қана қоймай, қылмыс жасау арқылы мемлекетке және жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеу мүмкіндігін алатынын айтады. Яғни, жалақы алатын сотталушылар жазасын өтей жүріп, азық-түлікпен қатар, күнделікті тұрмысқа қажетті заттарын алады. Тіпті, темір тордың әр жағында отырып, отбасына көмек көрсететіндері де бар. Ал, жиналған жалақысы жазасын өтеп шыққаннан кейінгі алғашқы кезеңде материалдық жағдайын реттеуге мүмкіндік береді.
Темір тордағы тіршілік
Мекеме түзетіп қана қоймай, білім берумен де айналысатынын айттық жоғарыда. Нұржан Шынарұлы 1 қыркүйекте салтанатты түрде қоңырау соғылып, әйелдер сынып парталарына да отыратынын айтады.
– Сотталғандар мектеп қабырғасынан білім алып қана қоймай, түрлі мамандықтарды игереді. Мәселен, өткен жылы облыстың білім басқармасының қолдауымен мекеме жанында ашылған колледжде «тігінші», «құрылысшы» мамандықтары бойынша мемлекеттік үлгідегі диплом алады. Бітіргеннен кейін осы жерде жұмыстарын жалғастырады. Негізгі жұмыспен қамтушы – Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі «Еңбек» кәсіпорны. Атап айтқанда, «Еңбек-Қарағанды» филиалының №9 өндірістік учаскесінің тігін цехы, – дейді Нұржан Әбдіров.
Цехта 130 адам жұмыс жасайды. Негізінен арнайы киімдер, күш құрылымдарының нысанды киімдері, көрпе-жастық, төсек орын жабдықтарын, медицина саласының киімдерін тігеді.
– Жасаған қателігімнің салдарынан қазір осы жерде жазамды өтеп жатырмын. Бірақ, өкінгенмен еш қайран жоқ. Көнесің, көндігесің, әрі қарай өміріңді жалғастырасың. Тігін цехында жұмыс істеп жүрмін. Жалақымды аламын. Ауылда өскен баланың қолы әр нәрсеге епті келетіні бар емес пе?! Бұған дейін тігін тікпесем де, осы жерде үйрендім. Бұл да бір кәсіп. Темір торға түскеніммен, өмір тоқтап қалмайды, жалғаса береді. Бостандыққа шыққаннан кейін де өмір сүру керек. Жақсы маманға қайдан болсын жұмыс табылады. Сол кезде осында үйренген кәсібімнің керек болатыны сөзсіз, – дейді аты-жөнін жасыруды сұраған жазасын өтеуші.
№9 өндірістік учаскесінің тігін цехының басшысы Сергей Ткачевтың айтуынша, осы жерде тігілетін арнайы киімдерге кіші және орта бизнес өкілдері қызығушылық танытып, тапсырыс беруге ниетті. Себебі, сапасы да жоғары.
Етікші де – өзі, шаштараз да – өзі
№32 мекемесінде алдағы уақытта кіші және орта бизнес құрылымдарын арттыру арқылы сотталғандарды толық жұмыспен қамту мүмкіндігі қарастыруда. Ол үшін тоқсан сайын мекемеде бизнес өкілдеріне экскурсия да ұйымдастырылатынын айтады Нұржан Әбдіров. Осы мақсатта мекеме аумағында бірлескен шарт негізінде 3 бизнес субъектісі сотталғандарды жұмыспен қамтуға ниетті.
– Болашақта осы жерде үйге, балабақша мен кеңсеге арналған жұмсақ және корпустық жиhаз өндіріледі. Одан бөлек, ескі жиhаздарды қайта өңдеу жұмыстары атқарылады. Тіпті, ұлттық нақыштағы кәдесый шығаратын боламыз. Арнайы киім тігетін жеке кәсіпкер де осы жерде сотталғандарды жұмыспен қамтуға мүдделі, – дейді Нұржан Шынарұлы.
Тігін цехынан бөлек, сотталғандар мекеменің шаруашылық-лимиттеу қызметінде жұмыс істейді. Атап айтқанда, аспазшы да, шаштараз да, етікші де әйелдердің өздері. Ал, алимент төлеушілер және мемлекеттің кірістер және жәбірленушілер қорына атқару парақтары бойынша төлемақылары барлар бірінші кезекте жұмысқа орналастырылады.
– Сотталғандардың көбі мекемеден босап шыққан соң өмірлерін жаңадан бастайды. Босап шығар алдында қызметкерлер олармен жұмыс жасап, «Қақпа алдындағы кездесу» жобасы бойынша бостандыққа шығатын азаматшаның отбасы жағдайын біліп, мүмкіндігінше еңбекпен қамтылуын ұйымдастырып, қоғамға қалыпты адам ретінде оралуына мүмкіндік жасайды, – дейді Нұржан Әбдіров.
Әділет полковнигі бостандыққа шыққаннан кейін өмірлері өз қолдарында дейді. Бұдан кейін теріс жолға түспесе екен деген ниетте…
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz