Бас тақырып

Тәуелсіздіктің тірегі

Ел ордасының Алатау баурайынан Арқа төріне көшуі Тәуелсіздік алғаннан кейінгі елеулі тарихи оқиға болғаны рас. Ал, мұндай шешім Қазақстанға не үшін керек еді? Әлемдік тарих не дейді?

Елбасы «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінде Ақмола қаласы тарихының өрлеу кезеңдеріне тоқталған. Бірінші өрлеу кезеңін қазіргі Нұр-Сұлтан қаласынан бес шақырым жерде орналасқан ортағасырлық Бозоқ қаласының гүлдену кезеңімен байланыстырыпты. Бозоқ – Қыпшақ хандығының астанасы болып, осы аумақ арқылы ХVІ ғасырда Сібір – Орта Азия керуен жолы өткенін айтқан.

Сондай-ақ, Н.Назарбаев өз еңбектерінде «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал, оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы» деп жазды.

Бұл деректер арқылы Нұр-Сұлтан қаласының елорда ретінде таңдалуының тарихи мәні бар екеніне көз жеткіземіз. Ел ордасын мұнда көшірудің басқа да себептері бар.

Ел астанасының солтүстікке қарай ауыстырылуы геосаяси, нақтылап айтсақ, этносаяси негізде болды. Яғни, еліміздің өндірістік орыс тілді солтүстік пен аграрлы қазақ тілді оңтүстік болып бөлінудің алдын алу. Мысалы, Тәуелсіздік алған жылдары Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстарының 45-65 пайызы өзге этнос өкілдері болса, 17- 28 пайызын ғана қазақтар құраған. Демек, тыныштықты сақтау мақсатында, ұлтаралық байланыстың тұрақты болуына, аймақты қазақыландыра түсуге негізделген басты жоба болды.

Бас қаланың өзгертілуіне сыртқы саясаттың да белгілі бір ықпалы бар. Нақтылай кетсек, Алматы қаласы көрші Қытай елімен шекаралас территориялық аймақта орын тепкен. Қытайдың бізбен шектесетін аумағында, яғни, Синьцзян-Ұйғыр автономиясындағы үздіксіз саяси толқулардың қаупі де ескерілген.

Көшу туралы бұйрық 1995 жылы шығып, екі жыл бойы жаңа астананың инфрақұрылымы салынған. Ал, 1997 жылы Ақмола қаласы Ақмола экономикалық аймағы ретінде құрылып, содан кейін Елбасының қаулысымен мемлекеттік мекемелер жаңа Астана қаласына көшіріле бастаған. Міне, содан бері 23 жыл өтіп, қазіргі ел ордасының қай деңгейге жеткені әлемге мәлім.

Ел астанасын бір қаладан екінші қалаға көшіру әлемдік мемлекеттер тарихында да болған.

Мәселен, 1959 жылы Пәкістанның астанасын оңтүстіктегі Карачи қаласынан елдің солтүстігіндегі Исламабадқа көшіру себебі қала халқының тығыздығы, теңіз жағалауы мен әскери қаланың қасында орналасуы болды. Бұл қала бүгінде өте дамыған.

Ел ордасын мемлекеттің орталық аймағынан таңдап ауыстырған Испания сияқты елдер де бар. Испанияның сол кездегі королі ІІ Филипп қиын жағдайға қарамастан, ел астанасын Толедодан елдің орталығындағы Мадридке көшірген. Бұл бастама да біздегі сияқты сынның астында қалыпты. Дегенмен, екі елдің бұл мәселеде адаспағанын уақыт көрсетті.

Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында «Қазақстанның жаңа астанасы жобасы кездейсоқ пайда болған жоқ. Тәуелсіздік алған күннен бастап жаңа жағдай ерекшеліктерін көлденең тартқан мүлде басқа мемлекеттік ахуал қалыптасты. Қазіргі уақыттың шындығы мен бірқатар геостратегиялық факторлар бізді өз геосаяси кеңістігімізді қайтадан қалыптастыру процесіне жаңа көзқараспен қарауға мәжбүрледі» деп жазған еді.

Мамандардың айтуынша алдағы онжылдықта үш миллион тұрғыны бар қалаға айналады.

Біз қазақ әр істе «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп алдағы күнге үміт артамыз. Адам не ойласа, сол болады дейді психолог мамандар.

Біз астанамызды Алатау баурайынан Арқа төсіне көшіріп қателескен жоқпыз. Алла алқап, ендігі жағында да Нұр-Сұлтан қаласы әлемге нұрын шаша бергей!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button