Тәуелсіздікке – тәбәрік

    Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі журналист Төлен ТІЛЕУБАЙДЫҢ «Тәуелсіздік – тұмарым» кітабының таныстырылымы өтті. Онда автордың өзі қатысып, оқырмандарымен ой бөлісті.

Аталған еңбекте қазақ баспасөзінде кейінгі 15 жылда жарық көрген сұхбат, сараптамалық мақала, репортаж, жур­налистік зерттеу, шағын ой-толғаулар, сондай-ақ, публицистикалық шығар­ма­лар топтастырылған. Бұған дейін «Аласапыран Америка» (2006 жылы) атты тұңғыш кітабы жарық көрген автор бір жазбасында: «Алаш аңсаған азаттықты, Тәңір сыйлаған Тәуелсіздікті тұғырына қондыруға, өз дәрежесінде ұлықтауға қазақ баспасөзінің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Жиырма бес жылда қазақ баспасөзі қара халықтың мұңын мұңдады, жоғын жоқтады. Ар-намысына араша түсті. Ұлтқа, ұлттық мүддеге «тас лақтырғандарға» сөзбен «соғыс ашты». Ел қуанғанда шаттанды, ел мұңайғанда жұбатты. Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздіктің таңы атқаннан бері елдік, мемлекеттік мүдделерге жан-тәнімен қызмет етті. Сол себептен кітапты шығаруда қазақ қоғамында айтылған өткір пікір, тұшымды ой, парасатты сын, жанашыр тілекті таспаға бастырып, тарихтың парағында қалдыруды мұрат еттім», – дейді.

Кітап Тәуелсіздік жылдарында қазақ баспасөзіндегі сөз бостандығы мен пікір алуандығының жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетуімен де қызықты. «Саясаттанушы Ерлан Қаринның: «Тәу­елсіз мемлекетті тек азат ойлы азамат­тар құрады» деген сөзі бар. Азат ойлы қоғамға айналамыз десек, сұхбат бе­ретін адам да, оны жазатын адам да оқырманның ақиқатты білу, азат ойды жеткізу құқын қастерлеуі керек», – дейді журналист. Жаңа кітап Астанадағы «Bagorda» баспасынан басылып шықты.

Жәнібек ӘЛИМАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.