Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

“Тәуелсіздік лентасы” – тарих таспасы

Қарағанды қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-колледж-интернатында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай республикалық «Тәуелсіздік лентасы» акциясы қайта бастау алды. «Тәуелсіздік лентасының» тұсауы былтыр 12 желтоқсанда кесілген болатын.

Биылғы жылы ұйымдастырушылар акцияны ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнады. Сонымен бірге, лентаны Түркі қағанатының билеушісі Білге қағанның туғанына – 1340 жыл, Абылай ханның туғанына – 310 жыл, Әлихан Бөкейханның туғанына – 155 жыл, Әлімхан Ермековтің туғанына – 130 жыл, барлығы 20-ға жуық тарихи даталарға орайластырылып жасады. Акция Қарағанды облысы мен ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласын қамтиды деп жоспарланған. Акция барысында ұйымдастырушылар жастармен кездесіп, «Тәуелсіздік лентасында» таспаланған тарихи тұлғалар туралы айтып беруді және таратуды мақсат етіп отыр.

– Лентаның астыңғы жағында бірінші болып еліміздің қазіргі жер аумағын бейнелейтін карта көрініс тапқан. Одан кейін осы аумақта мекен еткен сақтардың Есік қорғанынан табылған Алтын адамы қойылған. Бұл біздің тарихымыздың сонау сақтар заманынан басталатынын меңзейді. Сонымен қатар, биылғы атаулы даталарды қамтыдық. Ал, лентаны көмкеріп тұрған ұлттық ою-өрнек біздің ұлттық мәдениетіміз бен болмысымызды әр уақытта көздің қарашығындай сақтауға үндейді, – дейді «Тәуелсіздік лентасының» авторы Нұржан Сұршаұлы. Акция барысында барлығы 1000-нан аса лента таратылатын болады. Аталған акция Тәуелсіздік күні мерекесіне дейін жалғасады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button