Тәуелсіздік. Елбасы Балқаш
Тәуелсіздік деген тәтті ұғым халқымыздың мыңдаған жылдарда үздіктіріп барып басына қонған баға жетпес бағы. Тәуелсіздігіміздің тізгіні қолымызға тигелі, ата-бабаларымыздың арманы болған азаттықты алғалы есімізді жиып, еңсемізді тіктеп, адамзат өркениетінің алдыға озып кеткен көшіне қосылуға жанталаса ұмтылған жайымыз бар. Осы Ұлы көштің басында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ тұрғаны анық. Қазағымның даласы да, қаласы да кемеңгер көшбасшының көрегенділігімен көркейіп, қанат жайғандығын ешкім жоққа шығара алмас. Оның ішінде, Балқаш қаласының бағы да Елбасы болғандығын бүгінгілер айтып та, жазып та келеді. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, елімізді жарқын болашаққа адастырмай алып барар жаңа сипаттағы жол іздеген сарабдал саясаткердің ерен еңбегін балқаштықтар ұмытқан емес.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Балқаш – республиканың мақтанышы, бәрі де осында басталған. Алғашқы зауыт, алғашқы жұмысшы тобы, алғашқы қомақты мыс. Мен де сіздер сияқты Балқашты мақтан тұтамын» деген сөзі балқаштықтарды әлі күнге жігерлендіріп келеді.
Расымен де, Елбасының Балқашқа келген әр сапары ұмытылмас тарих, қала өміріндегі үлкен оқиға еді деп айтсақ, еш артықшылығы бола қоймас. Көреген көшбасшы Балқашқа ат басын бұрған сайын, көптеген кәсіпорындар түбегейлі қайта жарақтандырылды. Өйткені, ол алдымен алып өндірісте еңбек етіп жатқан металлургтермен, кеншілермен жүздесіп, қарапайым халықтың жұмыссыз қалмауына баса назар аударды.
Тарихты парақтасақ, Нұрсұлтан Назарбаев Президент ретінде Балқашқа 1992 жылы қараша айында келген екен. Бұдан кейін Елбасымыз 1995 жылдың маусымында, 1996 жылдың сәуірінде, 1997 жылдың мамырында Балқашқа арнайы келіп, қала тұрғындарының өмірінде жаңа бетбұрыстар басталыпты. Байсалды, сенімді ахуал өріс алыпты. Бұл туралы Елбасы жайлы естелігінде жазушы Жанболат Башарұлы: «1996 жылы Балқаш мыс алыбының жұмысы тоқырап, өндіріс қиын жағдайларды бастан өткерді. Жұмысшылар айлап жалақы алмады. Мұның өзі қала бюджетіне де оңайға соқпағаны белгілі-тін. Қалыптасқан жағдайды оңалту мақсатымен 1997 жылы Елбасының ұйғаруы бойынша Балқаш мыс алыбы шетелдік «Самсунг» фирмасының қанатының астына өтті. Содан бастап Балқаштың бағы қайта өрледі. Мыс алыбының қуаты ай санап арта түсті. Қаланың тынысы кеңіді, халықтың жүзі жарқырап, көңілі тоғайды. 1997 жылы қаламызға келген сапарында Президент Балқаш әуежайынан бірден Қоңырат кенішіне бет түзеді. Онда ол тереңдігі 375 метрлік, еліміздегі ірі кеніштердің бірінен саналатын карьерді көріп, Балқаш кен-металлургия комбинатының басшыларының кеніштің болашағы жайлы айтқан мәліметтерін тыңдады. Елбасы осы сапарында да Балқаш мыс алыбының балқыту цехына келіп еңбекшілердің жағдайымен танысты» деп жазады.
Сол жылдан бастап, іргелі ынтымақ, берекелі бірліктің арқасында қаланың өнеркәсібі өркендеп, жаңа биіктерге көтерілді. Мұның бәрі жоғарыда айтқанымыздай қарапайым халықтың, содан кейін жұртшылықты жаңа да жарқын белестерге ұйымдастыра білген Нұрсұлтан Әбішұлының қажырлы еңбегінің арқасы еді. Өмірдің өскелең талабына қарай адамдар да, сана жағынан өркендеп, ой жағынан биіктей түсті.
2000 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы жаңадан құрылысы басталған мырыш зауытының қазығын қақты. Эмальды сым өндіру цехының тұсаукесер рәсіміне қатысты. Сонымен қатар, афинаж цехынан алынған алғашқы алтын құймасына бірінші болып таңбаны өз қолымен салғаны ел есінде.
2003 жылы 27 қазанда Елбасымыз мырыш зауытының ашылу салтанатына қатысып, қарыштап дамуына кеңінен жол ашты. Арада төрт жыл өткенде Балқаш қаласының 70 жылдық мерейлі мерекесіне құттықтап келді. Бұл сапарында Нұрсұлтан Әбішұлы «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігінде салынған күкіртті ангидридін залалсыздандыруға арналған жаңа зауыттың ашылуына қатысты. Өзінің бастамасымен салынған, жылдық қуаты 1 миллион 200 мың тонна өнім өндіретін жаңа кәсіпорын аймақ экологиясын жақсартуға жасалған жаңа қадам болатын.
Немістің ұлы ақыны Гете: «идеалдықтан шынайылықтың рухын көрем» дейді. Шынайылықтың рухын асқақтатқан Елбасы қаланың мерейтойында Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші тіккенін алға тартып, Кенесары ханның қолбасшысы болған, Тәуелсіздік жолында күрескен Ағыбай батырдың ескерткішінің ашылу салтанатына қатысып, аталы сөзін, баталы тілегін айтып еді. Сонда көпшілік жұмылған шаруа мен тіршілік тиісті қияларға шықпай қоймайтындығын тілге тиек етті. Тәуелсіздіктің арқасында осыншама игілікті өндіріп, қоғам дәулетін еселеп арттырған елге разылығын жеткізген. Бұл бір ғана балқаштықтарға Елбасының төккен шапағаты. Барлық қазаққа төккен тері өлшеусіз. Мысты шаһардың тұрғындары Елбасының әр қадамын құт санайды. Балқаш мысымен, көлімен, еңбекшіл елімен атағы алысқа жайылды. Қазіргі кезде туризмның туын желбіретіп, шетелдіктердің демалыс аймағына деген қызығушылығы артып отыр. Осының барлығының бастауында қасиетті Тәуелсіздік, қадірлі Елбасымыз тұр.
Тәуелсіздікпен қатар, Елбасының есімі қатар аталуы заңдылық. Себебі, нарықтық қатынасқа енген қандай да адам бәсекенің заңдарын білу керек. Ал, ол заңдар өте қатал және ештеңенің бет-жүзіне қарамайды. Бодандықтың бұғауынан босаған еліміздің еңсе тіктеп, халықаралық аренаға шығуы – сол кездегі сұңғыла саясаткер, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ерен ерлігі. Азаттықты әр таңынан күткен ата-бабалар жолын Елбасымыз Темірқазығына санайтындығына көзіміз жетті. Оған «Біз Тәуелсіздікке ата-бабалардың жолымен жүріп, қол жеткіздік деп ойлаймын» деген сөзі дәлел.
Нұрдос КӘРІМ.