Басты тақырыпҚарағанды

Тәттімбет колледжі – тұрақты ғимаратта

   Тәттімбет атындағы өнер колледжіне үш қабатты жеке ғимарат берілді. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр. Бірнеше жылдар бойы ғимараттан ғимаратқа көшіп-қонып жүрген оқу орнының баспаналы болғанына – бәрекелді дегеннен басқа жоқ.

Иә, күй атасы Тәттімбет атындағы колледжді тентіретіп не көрініпті?! Жақында ғана облыс әкімі Ерлан Қошанов бұрынғы қан орталығының ғимаратында отырған оқу орнына арнайы ат басын бұрып, білім мекемесінің аянышты халін көріп қайтқан. Одан бұрын бұл мәселені ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков мырза көтерген болатын. Нәтижесінде, аталған колледж Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 10-шы корпусын иеленді. Мұнда бұрын оқып келген әлеуметтік-педагогикалық факультеттің студенттері былтыр факультеттер біріктірілгенде, 11-ші корпусқа көшкен-ді. Енді, міне, Қарағандыдағы өнер адамдарын тәрбиелейтін жалғыз оқу орнының айы оңынан туып шыға келді.

Тәттімбет колледжінің меншігіне өткен ғимараттың жалпы ауданы – 5,5 мың шаршы метр. Үш қабатты ғимаратта асхана, кітапхана, спорт және акт залы мен хореографиялық зал болады. «Жеке ғимаратқа 27 жылдан соң ие болып отырмыз! Бұл – біз үшін үлкен сыйлық!» – дейді фортепиано ПЦК төрағасы Олег Плицын.

Колледж иелігіне өткен ғимаратқа жөндеу жұмыстары керек. Барлық терезелерді, санитарлық тораптарды ауыстырып, асхана мен кітапхананы жабдықтау керек, хореографиялық кабинеттерге линолеум төсеп, сахна шеберлігі аудиторияларында сахналар орнатып, музыкалық аспаптар сатып алу керек. Қарапайым есептеулер бойынша, колледжге ондаған рояль, бірнеше фортепиано, үрмелі және ішекті аспаптар, сондай-ақ, дыбыс жазу студиясы қажет екен.

Білім басқармасы осының бәрін сатып әперуге уәде берген. Бізге он рояль, ұлттық оркестрге арналған костюмдер, компьютерлер, мультимедиялық тақта, дыбыс жазу студиясы керек, – дейді колледж директоры Мейірхан Адамбеков.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button