Тәртіп сақшыларының тілге құрметі
Қарағанды облыстық полиция Департаментінде «Толерантты тілдік орта – рухани жаңғыру негізі» атты форум өтті. Басқосуға облыстың барлық ІІБ этнос өкілдерінің белсенді полицейлері қатысты. Шараға қатысушылар мемлекеттік тілде өз мамандықтарын, өмір сүру салтын, сондай-ақ, күнделікті жұмыс барысында мемлекеттік тілді дамыту үшін ұстанатын ұстанымдары жайлы сөз қозғады.
– 2011-2020 жылдарға арналған тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы тіл үйренуге ниеті бар азаматтар үшін барлық мүмкіндіктерге жол ашады. Ал, біз Қарағанды облысының полиция басқармасы осы бағдарламаны іске асыруға белсенді түрде атсалысып келеміз, –деді форумды ашқан облыстық полиция Департаменті бастығының орынбасары Қайыркен Әлиев.
Шараға «Халықаралық полиция қауымдастығы» Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, «Қарағанды облысы кәріс этно-мәдени бірлестігі» ҚҚ мүшесі Ася Хегай, ішкі істер қызметінің ардагері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Әзірбайжан ұлттық мәдени орталығы, «Намус» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гюлаға Векил-оглу Рзаев, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясының аға оқытушысы, полиция полковнигі Қанат Абуғалиев, облыстық тіл оқыту орталығының директоры Алмагүл Игенова, Қарағанды облысы әкімі аппараты ҚММ «Қоғамдық келісім» мекемесінің этносаралық қатынастар саласын талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Карина Хасянова мен баспасөз қызметінің басшысы Индира Тоқмурзина қатысты. Шара қонақтары форумда осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап көрсете отырып, келешекте бірлесіп жұмыс істеуді және ішкі істер органы қызметкерлеріне мемлекеттік тілге тегін үйретуді ұсынды.
«Мемлекеттік тілді қазақы, тіл байлығы жоғары, жұмысында, отбасында қазақ тілін еркін қолданатын жандардың ортасында жүріп үйрену әлдеқайда жеңіл» – дейді шараға қатысушы полицейлер. Форум барысында Департаменттің шығармашылық ұжымы мен шақырылған әртістер патриоттық әндер шырқап, ұлттық аспаптарда ойнады. Шараға шақырту алған №21 кадет орта мектебін оқушылары полиция қызметкерлерінің мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі мен біліктіліктеріне таңдай қақты.
– Тіл саясатын жүргізу Қазақстандағы азаматтық келісімнің дамуына, елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы достықты нығайтуға, тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға септігін тигізеді, – деді ардагер полицей Гюлаға Рзаев.
Ал, полиция қызметкері, Бұхар Жырау ауданы, полиция басқармасы жедел кезекшісінің көмекшісі Дмитрий Абермет – неміс ұлтының азаматы болуына қарамастан: «Біздің отбасында қазақ тілі ерекше маңызға ие, себебі мен де, жұбайым да қазақ жерінде туылғанбыз, сол себептен отбасында мемлекеттік тілде сөйлесеміз. Тіпті балаларды да қазақ мектебіне бердік» –дейді.
Шара соңында полиция подполковнигі Қайыркен Әлиев форумның барлық қатысушыларына Қарағанды облысының ПД басшысының міндетін атқарушы Ерлан Файзуллиннің атынан естелік сыйлықтар тапсырып, Алғыс хаттармен марапаттады.
Айта кетейік, бүгінде облыстың ішкі істер органдарының қатарында шамамен 20-ға тарта этнос өкілі жұмыс атқарады.
Жәлел ШАЛҚАР.