Төртінші билікті төрге оздырған

    Қолымда – жасыл кітап. Жастанып жатып, жарты ай оқыдым. Одан да қысқа мер­зімде оқып шығуыма болатын еді… Шындығымды айтайын, автордың шеберлігіне сүйсінумен, кейіпкерлер болмысына терең үңілумен, тың тіркеске тамсанып, жорға стильге таңданумен уақыт өткізіп алдым. Анығында, кітаптың кейбір тұстарын қайталап оқып, рухани тұрғыдан ләззаттанып жүргенде, пікір жазуым кешеуілдеп қалды. Не керек, көптен бері тұщынып оқыған кітабым осы болды.

 

Кітап «Төртінші билік» аталады. Авторы – журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен, мылтықсыз майданның кәнігі сарбазы Бауыржан Омарұлы. Есімін ел білетін әріптес аға, танымал ғалым, көсемсөздің көшелі майталманы… Тели берсең, қыры толып жатыр. Бірақ, Баукеңнің сыры жалқы көрінді маған. Жалқы сыры – журналистикаға адалдығы. Кезінде бірнеше басылымда қалам тербеп, тізгін ұстағанын білеміз. Ақпарат саласының мамандарын даярлайтын оқу орнында ұстаздық етіп, ғылымға олжа салғаны да белгілі. Кейін еліміздің ақпарат саласына жетекшілік ететін мемлекеттік органдарда да «жіліктің майлы басындай» тәп-тәуір лауазымдарда болды. Әлі де мемлекеттік қызметте жүр. Осы тұста ғой, жазарман қауымның қынжылғаны. Ұлт журналистикасының сардарына айналар бір сарбазы шенеунікке айналды деп. Алайда, Бауыржан Омарұлының қолымыздағы «Төртінші билігі» күдігімізді сейілтіп, сөз өнеріне деген адалдығын айшықтады. Қаламын қаңтармағанына қуандық. Баукең кіріп-шығып жүрген кеңсеге де сөздің нарқы мен парқын білетін, сол кеңсенің жабығынан сығалап жүрген қаратабан журналистердің қамын ойлайтын бір адам керек шығар…

Кітаптың соңғы бетін жапқан сәтте ой орманын кезіп кеткенмін. Талғамымның таразысында алған әсерімді салмақтап-саралап жатырмын баяғы. Сол таразының екі басына олжа мен олқылық деген бір-біріне керағар қос ұғымның қонжия кеткені. Таразы теңселіп қоя берген. Мен сезінген олжа мен олқылықтың өлшемін бағамдай алар емес. Бәрібір, олжамның орасан екенін сеземін. Олқылық деп отырғаным – автордың олқылығы емес, тағы да өзіміздікі.

Біз кім туралы, не туралы жазбай жүрміз?! Кеншіні де, емшіні де, қойшыны да, той­шыны жазғанбыз. Әкімдерді мақтап жаздық, ақындарды өлтіріп алып, жоқтап жаздық. Жазып келеміз, жаза береміз де. Қайратымызды жанып, қаламымызды түзеген ағалар мен қапталдас көсілген әріптестер туралы жазуға ғана сараң болыппыз. Міне, біздегі олқылық – осы. Осы олқылығымыздың орнын Бауыржан аға толтырған екен. Қазақ баспасөзінің бұрқ-сарқ қайнаған қара қазанына орасан олжа салды. Ақыры, мендік талғам таразысын Баукеңнің олжасы ең­сер­ді.

…Біздің буынның «бесаспап» мамандарында олқылық та, өкініш те көп. Техника тілін жетік меңгерген біздер әлеуметтік желіге байланғанбыз. Ақпаратқа қолжетімділікті артықшылық санап жүргенімізде, жазған дүниеміздің шынайылықтан алшақ кетіп жатқанын аңғармай жатамыз. Шынайылық жоқ жерде қоғамдық пікіріміздің қоламта күйінде қалатынын сезіне бермейміз. Осының барлығы олқылық емей, немене?

Ал, өкінішіміз не? Өкінішіміз сол, біз – Қожакеевтен дәріс алмақ түгілі, қолын ұс­тамаған, Амандосовпен амандаспаған буын­нанбыз. Қазақ баспасөзінің абыздары Шер­ағаң (Мұртаза), Нұрағаңдардың (Оразбеков) батылдығы бізге аңыз болып қана жеткен.

Қолыңыздағы «Төртінші билікте» қазақ баспасөзінің Әз-Аға (Нұршайықов), Шерағаң, Нұрағаңдар бастаған тарпаңдары мен ұлттық телевизияның негізін қалаушылардың бірі Сұлтан Оразалинов, аудандық баспахананың газет басушысынан Ақпарат министріне дейінгі жолынан өткен қажырлы қайраткер Қуаныш Сұлтанов, қазақ көсемсөзінің көшбасшы тұлғаларының бірегейі Сауытбек Абдрахманов, мылтықсыз майданның бүгінгі майталмандары Қали Сәрсенбай, Нұртілеу Иманғалиұлы секілді һас таланттардың шығармашылық шеберханасына байыпты шолу жасалады. Бас-аяғы 20 эссе мен портреттік мақала топтастырылған. Әр мақала бірінен-бірі өтеді. Өйткені, әрқайсының кейіпкері – жеке бір-бір әлем. Әрқайсысы туралы бір-бір кітап жазуға болады. Әр кейіпкерінің болмысын ашуда боямасыз болмысын, шығармашылық әлеуетін ашудағы автордың ілкімді ізденісі сүйсіндіреді. Детальдар мен штихтар, астарлы әзілдер мен ойнақы қалжыңдар сәтті шендескен. Шәкірттік пейілі – риясыз, бағасы – байыпты һәм шынайы.

Әр кейіпкерін бір-бір мектеп ретінде та­ныта білген Баукең мылтықсыз майдан мүм­кіндіктерін сол тұлғалардың тұғырлы болмысы арқылы мүлтіксіз жапсарластыра суреттейді. Жазбалардағы оқиғаның барлығы – бізге аңыз болып көрінуі мүмкін, автор үшін ақиқат. Барлығы – көзімен көрген, құлағымен естіген, жүрегімен қабылдаған штрихтар. Оны оқырманға оқылымды етіп жеткізуге де көшелі шеберлік керек. Қазақ баспасөзінің жап-жасыл жайлауын аралағандай әсерде қалдыратын жасыл кітаптың өне бойы асқан шеберлікпен әдіптелген.

Бұл жинақтың менің жанымды байырқалатқан тағы бір құндылығы – кейіпкер болмысын келістіре отырып, отандық БАҚ-тың бүгінгі бағын салмақтау, өзекті проблемасын көтеру шеберлігі. Мұның барлығы автордың мамандыққа адалдығының олжасы.

Кітапқа алғы сөз жазған руханият жоқ­шысы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, Мемлекеттік сыйлық­тың иегері Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Автор әр кейіпкерінің шеберлік шыңына жету жо­лындағы өзі жетік білетін құпияларына терең бойлау арқылы қазақ баспасөзінің тұ­тас портреттер галереясын жасаған. Қарапайым деректер мен мәліметтердің өзін шығармашылық шеберлік арқылы ширатып, оқылымды етіп ұсынады. Сәт сайын сәтті деталь тауып, сөз ойната біледі» деген екен. Сол Мұхаңнан асырып айтарымыз болмаса да, алған әсеріммен бөлісіп, олжамды ортаға салғанды парыз санадым. Жақсы кітап оқып шығып, жарты ауыз жақсы лепес айта алмасақ, несіне сөз ұстап жүрміз?!

Ақпарат айдынындағы арзан пікірді тежеп, эфирдегі мүкіс тілімізді жөнге келтіретін бір ғана амал қалғандай сезіндім. Ол амал – осы «Төртінші билік» секілді босағадағы басымызды төрге оздырып, төрелік айтар төрт құбыласы тең дүниелердің жарық көруі. Сөреде сүрленбей, қолдан-қолға өтетін кітап қана ұлтты тәрбиелесе керек. Мына «Төртінші билік» – соның нақ өзі!

Ерсін Мұсабек

One thought on “Төртінші билікті төрге оздырған

  1. Осы кiсiнiн жана кiтапка жазган пiкiрлерiн окысам кiтап жазгым келiп кетедi. Сондай асерлi жазады. Мен де кiтар жазсам, пiкiр бiлдiресiз бе?

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.