Түркістан легионы. Мұстафа Шоқай. Түркішілдік
Екінші дүниежүзілік соғысына қатысты ақиқаты ашылмай жүрген бір ақтаңдақ – «Түркістан легионы». Әлі күнге дейін қараша халық, ғалымдар мен зерттеушілер бір байламға келмеген ақтаңдақ. Тарап-тарапқа бөлініп, легионерлердің тұтқындағы тірлігін таразыға тартып әлек. Біреу – сатқын дейді. Енді бірі – түркіге адал дейді. Сан алуан зерттеулер де шықты. Пікірлер де айтылды. Әлі айтылып та жүр. «Түркістан легионы» дегенде, қазақтың дөңмаңдай ұлы Мұстафа Шоқай қоса аталады. Алайда, «Түркістан легионы» құрылған тұста Мұстафа Шоқайдың ауруханада жатқандығы туралы дерек бар. Тіпті, онда Германияда емес. Франциядағы ауруханада болса керек. Олай болса, бүгінде Шоқайды сатқын деп айыптауға жөн жоқ секілді…
АШЫҚ РЕСУРСТАРДАҒЫ ДЕРЕКТЕР НЕ ДЕЙДІ?
Ашық ресурстардағы ақпараттарға жүгінсек, Гитлер Кеңес әскеріне қарсы Түркістан легионын құру туралы жарлыққа 1941 жылдың 22 желтоқсанында қол қойған. Ал, Шоқай сол жылдың 27 желтоқсанында белгісіз жағдайда қайтыс болыпты.
«Ол Риббентропқа жолдаған хатында «Гёте, Фейербах, Бах, Бетховен, Шопенгауэр тәрізді, данышпандарды тәрбиелеген ұлт өкілдерінің әскери тұтқындарға қалай қарайтынын көре отырып, мен Түркістан легионын басқару туралы ұсынысты қабылдай алмаймын және келешекте ынтымақтастықта болудан бас тартамын. Мен шешімімнің барлық салдарын түсінемін» деп, ынтымақтастықтан бас тартқан болатын (Стан.кз. сайты).
Мұны бірқатар тарихи зерттеулерден оқып білген едік. Оған қоса, студент кезімізде Мұстафа Шоқайдың түркішілдік идеясы хақында оқытушымыз Мейрамхан Сағынқызының жетекшілігімен аз-кем шағын зерттеулер жүргізгеніміз бар еді. Содан Шоқайдың түркішілдік идеясына терең үңілуге мүмкіндік болған-ды. Шоқай да, дәл сол кездегі қазақ арыстары секілді, қазақтың өз алдына дербес ел болуын мақсат тұтты. Сол үшін күресті. Түбі бір – түркі елдерінің бір тудың астына жиналып, алып империя құруын армандады. Кәпірмен емес, мұсылманмен одақтасуды ойға алғаны көп жазбаларында жарық көрді. Дегенмен, бұл – сол кездегі жүйенің жүйкесіне тиген-ді. Қазан төңкерісінен кейін Мұстафаның басы үшін сыйақы тағайындалып, Сталин Шоқайды «жеке жауы» деп атауына қарағанда, одан ерекше үрейленгенін аңғаруға болады. Тарихта 64 күн ғана өмір сүрген Түркістан автономиясы таратылғаннан кейін Мұстафа ойына алған ісін жүзеге асыра алмай, шетел өтіп кетуге мәжбүр болды. Шоқай орыс, неміс, ағылшын, француз, түрік, өзбек тілдерін білген. Парижде, Лондонда, Стамбұлда және Варшавада талдау жасап, түркі тақырыптарын қамтитын саяси шолулары мен зерттеулері шетел басылымдарында жарияланғанын көрген едік. Бірақ, Түркістан легионына қатысты материалдары көзімізге түспеген-тін.
Орталық Азия одағын құруға ұмтылған Алаш қозғалысының төл перзенті. Түркістан идеясы үшін өмірін құрбан қылған. Мұстафа Шоқайдың түрікшілдік идеясы әлі мұрат күйінде қалғаны анық. Оның: «Біздің мұратымыз Түркістанда түр жағынан да мазмұн жағынан да ұлттық болатын құрылымға қол жеткізу» дейтінінен-ақ көп нәрсе аңғарғандаймыз.
ТҮРКІСТАН ЛЕГИОНЫ
Шын мәнінде бұл не легион? Діттегені не? «Немістердің ұйғаруынша бұған өзбектер, қазақтар, түрікмендер, дүнгендер, тәжіктер, қырғыздар, белуждар, ирандар, қашқарлықтар, шұнғандар, тараншылар, құрамалар және шығыс татарлары енді (А.Кәкен. «Түркістан легионы», 2000 ж, Астана республикалық полиграфиялық орталығы., 39-б.). Сонымен қатар «кавказ-мұсылман, солтүстік кавказдық, грузин, армян, еділ-татар» легиондары құрылғандығы да айтылады.
Негізі, КСРО мұсылман халықтарының әскери бөлімдері мен бөлімшелерін Германия басшылығы арнайы назарда ұстаған. Қазіргі күннің биігінен қарап, олар Шығыс елдеріне қатысты бірнеше дәмелі мақсат көздеген сыңайлы. Біздіңше, алдымен, жұдырықтай түйілген тұтастай елдің, Қызыл Армияның бірлігін іштей ыдырату. Екіншіден, солар арқылы мұнай мен қазбаға бай кен орындарына қол жеткізу. Үшіншіден, Қиыр Шығыс елдерін жаулап алу үшін қажет болатын әскери бөлімдер құру.
Түркістан легионында тұтқында болған «Крах легиона» кітабының авторы – қарағандылық ардагер Тәуекел Әмірұлымен көзі тірісінде әңгімелесіп үлгерген едік. Сонда ақсақал легионға қалай түскені жөнінде әңгімелеген еді. Ақсақал өз әңгімесінде 1941 жылдың жазында аш-жалаңаш, арасында жаралысы бар 80 мың тұтқынның 70 мыңы ұрып-соғудан, ауру-сырқаудан, аштықтан көз жұмғанын баяндады. «Барановичи» әскери тұтқындар лагеріне, одан кейін Демблинге жөнелтілген.
«Тұтқынның 600-і қазақ едік. Екінші бір лагерге ауыстырғанда қалған қазақ 126 ғана» деген-ді ақсақал. Қалған осы 126-ны жүк поезымен Польшаға Легенова қаласына жеткізген. Ол 1942-нің сәуірі. Бұл араға жеткізерден бұрын бұларды концлагерден бөліп алып, бірнеше күн дәрігерлік тексерістен өткізген. Поляк жеріндегі Легеново қаласында 1942 жылдарда қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік және басқа да шығыстық ұлт өкілдерінен құралған әскери тұтқындар болған. Сол кезде Шоқайды «көрдіңіз бе?» деген сауалға «көрмедім» деген еді ақсақал. Легион қатарында жүріп, іштей Қызыл армияның қатарына өту үшін іштей операцияға дайындалып, сәті түскенде сонда өтіп кеткендігін де жеткізіп еді.
Бұған қоса, деректер концлагердегі адам төзгісіз қияметтен аман қалудың бір ғана жолы сол болғанын айтады. Ендеше, тозақтан тірі шығып, одан соң Отанына адал қызметтің үлгісін көрсеткендерді осы күнгілердің сатқын деуге еш хақысы жоқ.
ТҮЙІН
Тарихқа көз жүгіртсек, алапат соғыста тағдыр тәлкегімен жау қолына түсіп, тар қапас тұтқыны болған ерен тұлғалар көп еді. Ақын-публицист Юлиюс Фучик, татар ақыны Мұса Жәлел – солардың қатарында. Жәлелдің «Моабит дәптерлерінде» сұм соғыс түрмесінің сұмдық сұлбасы қағазға түсті. Татар ағайындар ерен ұлын ақтап алды. «Моабит дәптерлерін» төл әдебиетінің алтын қорына енгізді. Жәлелдің есімі Шығыс легионымен де байланысты. Ал, біздің топырақта шығыс легионының қалың қатпарлы шындығын шынайы деректермен сөз еткендер көп емес…
Қызғалдақ АЙТЖАН.