Тәрбиеші – таңдаулы мамандық
Тәрбиеші еңбегінің күрделілігі – әрбір баланың жүрегіне жол табуында. Бала бойындағы қабілетті дамыту арқылы өмірді, әлемді тануға, қоғам алдындағы жауапкершілікті, адамгершілік қадір-қасиетті сезінуге үйретеді.
Бүгінгі тәрбиеші – төл мәдениетін қастерлейтін, оны өзгеге таныта алатын білімді болуы керек.
Сондай-ақ, өз білімін балалардың жүрегіне еркін, шеберлікпен жеткізе білетін әдіскерлік икемділігі баланың психологиялық ой-өрісін бақылай алатын сезімтал психолог болуы керек. Әрбір тәрбиешінің бойында өз ісіне, балаларға деген сүйіспеншілік болуы қажет.
Әрине, маман тапшылығы да бар. Өйткені, кез келген өзгеріс білікті мамансыз заман талабына жете алмайды. Тәрбиеші – шығармашылықпен жұмыс істеуші тұлға ретінде өз беделін өзі көтеруге міндетті екендігін ұмытпаған жөн. Тәрбиеші әрбір сабағында балаларды таң қалдыруды ұмытпағаны жөн. Мен «Радуга» тобындағы балаларға арналған зияткерлік дамыту жаттығуларына аптасына бірнеше рет 15-20 минут бөлемін. Балаларға тапсырманы түсіндіріп, өз бетінше орындатамын. Мұнда балалардың зейіні, есте сақтау, ойлау қабілеттері дамиды. Патриоттық тәрбие беруде топта «Туған тіл – тұғырың», «Менің тұңғыш Президентім», «Тәуелсіздігім – тірегім» тақырыптарында ашық танымдық сабақ өткіздім. Ондағы мақсат – балаларға ана тілімізді, рәміздерімізді құрметтеуге үйрету.
Білім бере отырып тәрбие беруді әрбір тәрбиеші ұстаз жадында ұстауы қажет. Үлкен құрмет пен зор беделге жету оңай емес. Сондықтан ұстаздың бойында төзімділік қасиеті болуы керек. Осы талаптарды әрбір тәрбиеші ұстаз тұрақты ұстанып, басшылыққа алып отырса, тәрбиешінің күш-қуаты, көңіл-күйі әрдайым жоғары, еңбегі жемісті және балаларына сенімі зор болады.
Гүлмира БАЙҚАДАМОВА,
№20 «Әдемі» балабақшасының
тәрбиешісі.
ТЕМІРТАУ қаласы.