Жаңалықтар

Тәрбие мен білім үндесе ме?

Білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – шығармашыл, белсенді, интеллектісі жоғары, білімді және кәсіби сауатты жастарды қалыптастыру. Осы мақсатта Балқаш қаласы білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Құндылықтар – тәрбие мен білім үндестігі» және «XXI ғасырдағы кәсіптік бағдар: Табысты мансапқа дайындық» тақырыптарында әл-Фараби атындағы мектеп пен Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінде облыстық семинар өтті. Облыстық семинарға мектеп директорлары, оқу орындарының оқытушылар құрамы, білім саласының мамандары қатысты.

Алқалы жиынның ашылуында сөз алған Балқаш қалалық білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Дүбірбекова бүгінгі жаһандану үрдісі жүріп жатқан жағдайда ұлттық мүдде, ұлттық тәрбие, ұлттық рухты сақтап қалу – міндет екенін атап өтті.

– Халық тәрбиесі – ғасырлар бойы сараланып сан сыннан өткен, сол халықтың ой-арманымен, тіршілік тынысымен, шаруашылық кәсібімен, ұлттық тәлім-тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста туып, өсіп-өркендеп, дамып және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жеткен тарихи және мәдени мұрасы. Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі сан ғасырларға созылған өзіндік тарихын ұмыт қалдырмай ұрпақ санасына сіңіру – бүгінгі күннің басты талабы. Оқушы тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттау барысында өзекті негіздері, тілі мен діні, тарихы мен салт-дәстүріне, рухани мәдениетке тәрбиелей отырып, ұлттық рухының кемелденуіне бағдар беру бағытында қаншама жұмыс атқарылуда. Ұстаздар бас қосуының негізгі міндеті – мұғалімдердің құзыреттілігін арттырып, оқушылардың мүмкіндігін кеңейту, – деді Қарлығаш Дүбірбекова.

Семинар әл-Фараби атындағы мектеп директоры Сайлаугүл Сыздықованың «Инновация мен дәстүр сабақтастығы» атты баяндамасымен басталды. Айтулы іс-шараның қоржыны көрме және ашық сабақтар мен шеберлік сыныбы, үш тілде ұсынылған театр көрінісімен толықты десек қателеспейміз. Одан әрі «Әже тәрбиесі – қоғамда» тақырыбында әжелер мектебінің қалыптасуы, «Асығың алшысынан түссін» тақырыбындағы ұлттық ойындар, «Қыз ғұмырдың құпиялары» тақырыбындағы жеңгелер мектебінің жұмысы шараның шырайын аша түсті. Бүгінгі мектеп партасындағы әрбір бала – ертеңгі болашақтың иесі екендігін айтқан мамандар негізгі тәрбие отбасында басталатындығын жеткізді.

Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінде тақырып болған «XXI ғасырдағы кәсіптік бағдар: Табысты мансапқа дайындық» атты өңірлік семинар-практикумның жалғасы кәсіптік бағдар беруге негізделіп ұйымдастырылды. Айтулы білім ұясы өмірде таңдау мүмкіндігі туғанда мейлінше мүлт кетпеуге мән беретін маңызды нәрсенің бірі – мамандық екендігін алға тартты.

– Өкінішке қарай, мамандық таңдау­ға келгенде шалыс басып, шарасыз жүрген азамат көп. Сондықтан, мектептерде кәсіптік бағдарлау жұмысын ұйымдастыру мәселесі жолға қойылып отыр. Бүгінде балаларға, жастарға кәсіптік бағдар беру бойынша оқу орындарынан тыс көптеген жоба қолға алынып жатыр, – деді Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің директоры Шынаргүл Алишева.

Пленарлық отырыстан кейін Ұлт күрескері – Әлімхан Ермеков туралы тарихи көрініс ел назарына ұсынылды. «Әлімхан ауылы: Ұрпақтар жалғасы» тақырыбында өрбіген қойылым жас патриоттар академиясының аяқ алысының аршынды екендігін танытты.

Бұдан кейін білім ордасындағы қолға алынған жаңа жобалардың тұсау­кесері өтті. Жекелеген кабинеттерде ұйымдастырылған жаңа жобалардың таныстырылымы дамуға, ғылымға бетбұрыс жасауға, адамдардың ізденісі мен оған деген қызығушылықтың да жоғары болғаны маңызды екендігін терең талдады.

Семинарды қорытындылаған Шынаргүл Алишева мен Сайлаугүл Сыздықова қоғамның қажетіне жарау үшін жаның қалайтын мамандықты жаңылмай таңдаудың және өз ісінің нағыз шебері болудың маңызы зор деп ой түйді. Сондықтан, болашақ білікті маман қалыптастыру үшін баланың қабілетін жасынан танып, бағытын түзеу еңбек нарығындағы олқылықтың орнын толтыру ықпал ететіндігін айтты.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button