Қарағанды облысы – еліміздің индустриялық жүрегі ғана емес, сондай-ақ, тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму жолына түскен өңір ретінде танылып отыр. 2024 жылдың қорытындысы – осының жарқын дәлелі. Өңірдің даму жоспары жүйелі жүзеге асырылып, маңызды ұлттық индикаторлар орындалды, инвестициялар көлемі рекордтық деңгейге жетті, жаңа өндірістер іске қосылып, мыңдаған жұмыс орны ашылды. Әлеуметтік қолдау шаралары толық көлемде орындалып, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Қарағанды облыстық мәслихатының кезекті XXVII сессиясында аймақтың жетістіктері мен шешімін күткен мәселелері жан-жақты талқыланды. Бұл – бір жылдың қорытындысы ғана емес, болашаққа бастар берік негіздің айғағы.

Маңызды мәселелер талқыланды
Сессия жұмысына облыс әкімі, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, депутаттар, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия барысында облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының 2024 жылғы орындалу қорытындылары қаралды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев депутаттарға берген есебінде облысты дамыту жоспары аясында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Аймақ басшысының айтуынша, құжатта жалпы 652,4 млрд теңгеге 158 іс-шараны қамтитын 23 негізгі ұлттық индикатор көзделген. Жыл қорытындысы бойынша қаражатты игеру деңгейі 97,5%-ды құрады.
– Өңірді дамыту жоспарының орындалуына жалпы баға бергенде, негізгі көрсеткіштердің оң динамикасы байқалады. Облыс экономикасының өсімі 11,3%-дан асып, жалпы көлемі 9,2 трлн теңгені құрады. Өнеркәсіптік өндіріс 12%-ға артты. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,432 трлн теңгеден асып, 61%-ға өсті. Бұл – негізгі ұлттық индикаторлардың бірі. 194 млрд теңгеге 13 жаңа өндіріс іске қосылып, 2 609 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы, инвестициялық портфель 4,3 трлн теңгеге бағаланған 108 жобаны құрайды. Жыл соңына дейін қосымша 167 млрд теңгеге 37 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл – 2 600 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 16%-ға өсіп, 477 млрд теңгені құрады. Аймақта 1 млн 300 мың тонна көлемінде рекордтық астық жиналды. АӨК саласында биыл 45,8 млрд теңгеге 33 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы арқылы 383 жұмыс орны құрылмақ, – деді аймақ басшысы.
Статистикалық деректерге сүйенсек, құрылыс көлемінің индексі 123,7%-ды құраған. Жалпы ауданы 540,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, оның 80%-ы – коммерциялық тұрғын үй. Барлығы 5 006 пәтер пайдалануға берілген.
Сауда саласында есепті кезеңде айналым көлемі 4,7 трлн теңгеге жетсе, көлік қызметтерінің көлемі 419,3 млрд теңгеге дейін артқан.
Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту – басым бағыт болып қала береді. Әлеуметтік игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз ету жоспары орындалды. Атап айтқанда, қалаларда халықтың орталықтандырылған сумен қамтылу деңгейі 99,4%-ды, ал, ауылдық елдімекендерде 97,9%-ды құрады.
Жылу желілерінің тозуын төмендету көрсеткіші орындалды, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату көрсеткіштері де жақсарыпты. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық маңызы бар автожолдардың үлесі 94%-ға жеткен.
Халықтың өмір сүру ұзақтығы 73,5 жас деген межемен салыстырғанда 73,97 жасқа дейін өсті. Жұмыссыздық деңгейі 4% деңгейінде сақталып отыр, 30 мыңнан астам жұмыссыз азамат жұмыспен қамтылды.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 1,1 млрд теңге көлемінде дер кезінде төленді, ол 7 мыңға жуық адамды қамтыды.
Даму көрсеткіші – көңілдегідей
Сонымен қатар, аймақ басшысы бірқатар мәселелерге де тоқталды. Оның айтуынша, кейбір кемшіліктердің негізгі себептері – жоғары тұрған бюджеттен қаржыландырудың кешіктірілуі, заңнамаға енгізілетін өзгерістер және облысқа қойылған жоспарлардың шынайы мүмкіндіктерден жоғары болуы.
Өз кезегінде облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Дана Мұхамеджанова индикаторлардың көрсеткіштерін келесі жылдың соңында ғана қалыптасатын статистикалық деректерге сүйене отырып жоспарлау тәжірибесінен бас тартуды ұсынды.
Ол әрбір іс-шараның орындалуын жүйелі түрде мониторингтен өткізіп, бақылау жүргізудің нақты ұйымдастырылуы қажеттігін ерекше атап өтті.
Қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина 2024 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есепті депутаттарға ұсынды. Сондай-ақ, 2025-2027 жылдарға арналған бюджетке өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды. Людмила Башарина бюджеттің орындалу көрсеткіштері мен шығыстардың мақсатты пайдаланылуына тоқталып, жоспарланған қаржылық түзетулерді таныстырды.
Дерекке сүйенсек, облыстық қазынаға жалпы түсім жоспары 100,2%-ға орындалды. Шығыстар бұл жоспардың 98%-ын құрайды.
Кірістер бойынша жылдық жоспар 104,5%-ға орындалды. Жоспарланған 163,4 млрд теңгенің орнына бюджетке 170,7 млрд теңге түсіп, артық орындау 7 млрд теңгені құрады.
Алайда, 12,8 млрд теңге игерілмеген. Оның ішінде, 6,3 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінбеген, ал, 6,1 млрд теңге игерілмей қалды.
Қаражаттың игерілмеу себептері ретінде жеткізушілердің келісімшарт талаптарын бұзуы, сот процестері, тауарлардың жеткізілмеуі, қызметтердің нақты орындалған көлемі үшін ғана төлеу тәртібі және басқа да факторлар аталды.
Бюджет қаражатын тиімсіз және толық игермегені үшін жауапты әкімшілердің жауапкершілігін арттыру мақсатында шаралар қабылданды: 32 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталып, барлық әлеуметтік міндеттемелер толық орындалды.
Коммуналдық инфрақұрылым нысандарының жылу және сумен жабдықтау желілерінің тозуын азайту мақсатында жөндеу науқаны басымдық ретінде іске асырылды.
Облыстық мәслихаттың бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасының міндетін атқарушы Гамаль Тоқсамбаев бірқатар ұсыныстарын жария етті.
Атап айтқанда, өңірдің қаржылық дербестігін арттыру үшін салық салу базасын кеңейту бағытындағы жұмысты жандандыру қажет екені айтылды.
Сонымен қатар, депутаттар корпусының бастамасымен жергілікті атқарушы органдар 2024-2026 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітті.
Сессияда қоғамда бұқаралық мәдениетті қалыптастыру мақсатында әлеуметтік-мәдени нысандардың жұмыс тиімділігі, денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар шешімдерге өзгерістер енгізу және медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру мәселелері қаралды. Бұл мәселелер бойынша облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы және денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжибаев баяндама жасады.
Ұлт рухының қайнар көзі
Ғалымжан Өтелбайұлының мәлімдеуінше, 2025 жылы мәдениет саласын дамытуға баса назар аударылуда. Бүгінде облысымызда 571 мәдениет және өнер ұйымы жұмыс істейді. Бұл салада 7 234 маман еңбек етуде.
– Облыстық мәслихаттың жұмыс топтары аудандар мен қалалардағы мәдениет нысандарының нақты жағдайын зерттеп, өзекті мәселелерді анықтады. Нәтижесінде ұсыныстар жинақталып, мәслихаттың шешім жобасына енгізілді. Алдағы уақытта осы ұсыныстар негізінде нақты өтінімдер әзірленіп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Мәдениет саласы – ұлттың рухани болмысын айқындайтын, қоғамдық сананы қалыптастырып, жастар тәрбиесіне ықпал ететін тірі жүйе. Осыны ескере отырып, мәдениетті жүйелі дамыту бағытында бірқатар маңызды жұмыстар қолға алынуда. Атап айтқанда, басқарманың жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында штаттық бірліктермен толықтыру, мәдени мекеме басшыларын заманауи менеджмент негіздеріне оқыту, жобалық-сметалық құжаттамалары дайын, бірақ ескіріп кету қаупі бар нысандарға уақытылы қаржы қарастыру мәселесі жоспарға енгізілді. Сонымен қатар, мәдениет пен архив нысандарын жөндеу, материалдық-техникалық базаны жаңарту, архив ісін жетілдіру, К.Станиславский атындағы театрда өрт сөндіру жүйесін жаңғырту және археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу бағыттары қарастырылуда, – деді облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Қадиша Оспанова.
Бұдан бөлек, биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Абай облысына делегация жіберу, республикалық айтыс финалына қатысу, Абай оқуларын ұйымдастыру және мемлекеттік мерекелерге арналған ауқымды мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланып отырғаны айтылды.
Мәдениет саласына инновациялар мен цифрлық технологияларды енгізу де басты назарда. Музейлер мен архивтерде жасанды интеллектіні қолдану, концерттік шаралардың цифрлық архивін қалыптастыру, интерактивті форматтағы көрмелер мен заманауи жобаларды іске қосу қолға алынып жатқанын атап айту керек.
– Алдағы үш жылда мәдениет нысандарын кезең-кезеңімен жөндеуден өткізу үшін Ұлттық экономика министрлігі және Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесе отырып, даму жоспары әзірленуде. Бұл жұмыс мәдени инфрақұрылымды жүйелі дамытуға және бюджет қаражатын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді, – деп қосты Қадиша Базарбайқызы.
Осы орайда әр қала мен аудан алдағы үш жылда күрделі жөндеуді қажет ететін мәдениет және архив нысандары туралы ұсыныстарын алдын ала жолдауы тиіс. Бұл бағытта Қарқаралы ауданы үлгі ретінде зерделеніп, басқа өңірлерге жолдануда.
Дерекке сүйенсек, кітапханаларды жаңғырту мақсатында Н.Гоголь атындағы облыстық кітапхананы модернизациялау тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, 23 ауылдық кітапхана бойынша «Қазақстан халқына» қорына ұсыныстар берілді. Концерт залының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр, жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұл жұмыс демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Музей ісін заман талабына сай қайта құру – келушілер санын арттырудың басты шарты. Көрмелер мен экспозициялар заманауи цифрлық форматқа көшіріліп, интерактивті мазмұнмен байытылуы тиіс. Облыстық өлкетану музейін жаңарту жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар, облыстық мәслихаттың депутаты Қадиша Оспанова баяндамаға қосымша ретінде мәдениет саласына баса көңіл бөлу қажеттігін айтып, жалақы көтеру, маман тапшылығын жою сынды бірқатар мәселені ортаға салды. Облыс орталығында төрт мәдени нысанды салу мәселесін қарауды ұсынды.
Олар – облыстық архив, 1500 орындық концерт залы, бейнелеу өнері музейі, Н.Гоголь атындағы облыстық кітапханаға жаңа ғимарат салып беру.
Дәрі-дәрмекпен қамту деңгейі қандай?
Қарағанды облысында орфандық (сирек кездесетін) аурулармен ауыратын азаматтарға кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде тізімде жоқ қымбат дәрі-дәрмектерді жергілікті бюджет есебінен сатып алу дәстүрге айналған. Бұл көмек облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес жүзеге асырылады. Биыл осы мақсатқа 1,5 млрд теңге бөлініп, 202 пациент қамтылған.
Дерекке сүйенсек, қазір қосымша үш науқасқа арналған аса қымбат дәрілік заттарға қажеттілік туындап отыр. Касимерсен – Дюшеннің бұлшықет дистрофиясы диагнозымен ауыратын 10 жастағы балаға. 6 айға қажеттілік – 208 флакон, жалпы сомасы 200,7 млн теңге.
Селуметиниб (Коселуго) – нейрофиброматозбен ауыратын 9 жастағы балаға арналған. Қажеттілік – 360 капсула, құны – 45,7 млн теңге. Велаглюцераза альфа – Гоше дертіне шалдыққан 20 жастағы науқасқа 91 флакон қажет, құны – 40,2 млн теңге.
Аталған дәрілік заттар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы №75 бұйрығымен бекітілген тегін амбулаториялық дәрі-дәрмектер тізіміне кірмейді, сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын тізбеде де жоқ. Осыған байланысты, облыстық мәслихат шешіміне өзгерістер енгізіп, жоғарыда аталған дәрі-дәрмектерді қосымша енгізу ұсынылатынын атап айту керек.
Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2025 жылы 16 пациентті 1,46 млрд теңге сомасына қамтамасыз еткеніне қарамастан, 2025 жылдан бастап, 10 пациентке арналған дәрілерді сатып алуды тоқтататынын хабарлады. Қор облыс әкімдігіне осы пациенттерді 2025 жылдан бастап – 3 науқасты, 2026 жылдан бастап – барлық 10 науқасты жергілікті бюджет арқылы қамтамасыз етуді ұсынды.
Егер бұл міндет жергілікті деңгейде шешімін таппаса, аталған азаматтардың өміріне қауіп төнуі мүмкін. Осыған орай, мәслихаттың шешіміне өзгерістер енгізіп, көрсетілген дәрілік заттар бойынша қаржы бөлуді қарастыру қажет.
Кадрлар тапшылығы қайтсе жойылады?
Елімізде және Қарағанды облысында медициналық кадрлар тапшылығын шешу – денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы басым бағыттардың бірі. Ауылдық жерлерде және аудандардың орталықтарында мамандар жетіспеушілігі халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасына теріс әсер етеді. Сондықтан, соңғы жылдары кадрлық тапшылықты азайтуға бағытталған бірқатар заңнамалық және әлеуметтік қолдау шаралары қабылданып, іске асырылуда.
2024 жылы республика көлемінде қабылданған заңнамаға сәйкес, ауылдық жерлерге бес жылға жұмысқа келген дәрігерлерге 100 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 8,5 миллион теңге) көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы төленеді. Бұл қаражат ең қажетті мамандықтар – жалпы тәжірибе дәрігерлері, акушер-гинекологтар, педиатрлар және анестезиолог-реаниматологтарға арналған. Қарағанды облысында бұл заңнамаға сәйкес арнайы төрт остродефицитті мамандық анықталды.
Сонымен қатар, облыс мәслихаты 2023 жылы қабылдаған шешімге сәйкес, медициналық қызметкерлерге арналған әлеуметтік қолдау ауылдық жермен қатар, аудандар мен облыс орталықтарында да кеңейтілді. Мәселен, кардиолог, нейрохирург, хирург сияқты мамандарға 3-5 миллион теңге аралығында көтерме жәрдемақы тағайындалған. Мұндай қолдау дәрігерлердің аудан орталықтарында да жұмыс істеу ынтасын арттыруға бағытталған.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжибаевтың айтуынша, медициналық кадрлар тапшылығын жою – облыстың стратегиялық маңызды міндеті.
– Біз жас мамандарды тарту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып жатырмыз. Заңнамалық қолдау, қаржылай жәрдемақылар, тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұл шаралар кадрлардың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді жақсартуға септігін тигізеді. Сонымен бірге, біз әлеуметтік қолдауды ауылдық жерден тыс, аудан және облыс орталықтарына да кеңейту қажеттігін анықтадық. Бұл шешім өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған. 2024 жылы облыста 63 маман осындай әлеуметтік көмекпен қамтылды. Олардың ішінде жалпы тәжірибе дәрігерлері, анестезиолог-реаниматологтар және акушер-гинекологтар бар. Биылғы жылы бұл бағыттағы жұмыстар жалғастырылып, 70 жаңа маман тарту жоспарлануда. Сонымен бірге, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жаңа келген медициналық қызметкерлерге тұрғын үй алуға жеңілдетілген несиелер берілуде, бұл да кадрларды тұрақты орналастыруға септігін тигізуде, – деді басқарма басшысы.
Аталған шаралардың нәтижесінде кадр тапшылығын азайтуға оң серпін беріліп, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы артатынына сенім бар. Дегенмен, облыстың қала және аудан орталықтарында да кадр тапшылығы әлі де сақталуда. Сондықтан, облыстық деңгейде әлеуметтік қолдау тетіктерін одан әрі кеңейтіп, нормативтік-құқықтық базаны толықтыру қажеттілігі туындап отыр.
Қарағанды облыстық мәслихатының медициналық қызметкерлерді әлеуметтік қолдауды жетілдіру туралы шешім қабылдағанын да айта кету керек.
2023 жылғы 18 сәуірде Қарағанды облыстық мәслихаты №33 шешімін қабылдады. Ол облыстағы медицина және фармацевтика қызметкерлеріне арналған әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін айқындайды. Бұл – нормативтік акті медициналық кадрларды тарту және ынталандырудағы маңызды құжат.
Алайда, өңірдегі медициналық кадрлар тапшылығын тиімді жою мақсатында, аталған шешімге 2025 жылы өзгерістер енгізу ұсынылды. Осы өзгерістерге сәйкес, қолдау шараларының тізімі кеңейтіліп, ауылдық жерлермен қатар аудан және облыс орталықтарында қызмет ететін остродефицитті мамандықтарға да әлеуметтік төлемдер мен көтерме жәрдемақылар тағайындалатын болды.
Облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжановтың басшылығымен қабылданған бұл шешім 10 күннен кейін ресми түрде күшіне енді. Бұл өзгерістер – медициналық кадрлар тапшылығын төмендетуге және денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған кешенді шаралардың бірі.
Қоршаған ортаға қамқорлық
Экология және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері де назардан тыс қалмады. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев қоршаған ортаны қорғау шараларына енгізілетін өзгерістер мен төлемақы мөлшерлемелері жөніндегі шешімнің күшін жою туралы ақпарат берді.
Қарағанды облыс аумағында экология саласында маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. 2025-2027 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау іс-шаралары жоспарын қайта қарау аясында қаржыландыру көлемі мен мерзімдері реттеліп, кейбір жобалар алынып тасталып, жаңалары енгізілді.
Өңірдің қоршаған ортасын қорғау үшін 3 жылға 39,5 млрд теңге бөлінген.
– 2025 жылға арналған түзетілген жоспарға 82 іс-шара енген, оның ішінде табиғи ресурстарды қорғау, су қоймаларын жөндеу және қалдықтарды өңдеу салалары қамтылған. Жоспарға 6 жаңа жоба қосылды. Оның ішінде, Саран қаласындағы канализация желілерін қайта жаңарту, Ақтұмсық пен Мұхтар су қоймаларын күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу сынды жұмыстар белсенді жүргізілуде. Сондай-ақ, Нұра өзенін санациялау, ТБО полигонын салу және сорту желісін ұйымдастыру бойынша жұмыстарға да қаржы қаралды. Бұл – жобалар экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды шаралар, – деді басқарма басшысы.
Дерекке сүйенсек, жоспардан 11 жоба алынып тасталған. Оның ішінде, кейбір су қоймаларын жөндеуге арналған жобалар мен кейбір экологиялық мониторинг жұмыстар бар. Бұл қаражат ішкі қайта бөлініп, аса қажетті бағыттарға – гидротехникалық құрылыстарды жөндеуге, орман шаруашылығын дамытуға, рекультивация және санитарлық тазалауға бағытталды.
«Қоршаған ортаны қорғаудағы басты қиындықтардың бірі – бюджет қаржысының тапшылығы. Қазіргі таңда 2,6 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат қажет. Бұл қаржы орман шаруашылығын жетілдіру, Балқаш қаласы маңындағы демалыс жағажайын, Бертіс шығанағын шөгінді қоқыстардан тазалау жұмыстарына жұмсалады. Мұндай шаралар өңірдің экологиялық жағдайын елеулі түрде жақсартуға мүмкіндік береді», – деп толықтырды басқарма басшысы.
Сонымен қатар, жоспарға өңірдің басқа да аудандарын қамтитын жобалар қосылып, мысалы, Абай ауданында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау мен сұрыптау бойынша контейнерлер орнатуға қаражат бөлінді.
Қарағанды облыстық мәслихаты бұл түзетілген жоспарды қолдап, бекіткеннен кейін экологиялық жобалардың сапалы орындалуына және қаржыны тиімді жұмсауға баса назар аударылады. Бұл шаралар облыстың экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындардың денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарады.
Жер учаскелерінің шекті мөлшері
Кезекті сессияда азаматтардың жеке меншігінде болуы мүмкін жер учаскелерінің шекті мөлшерін белгілеу мәселелері де қаралды.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ламбеков облыстық мәслихат алдында Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 50-бабы мен жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңдарға сәйкес жеке меншіктегі жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерін қайта қарау қажеттігі жайлы баяндады.
– Бұл реттеу мәселесі соңғы рет 2004 жылы Қарағанды облысы әкімдігінің және облыстық мәслихатының бірлескен қаулысы мен шешімімен бекітілген болатын. Сол кезден бері ауылдық және қала тұрғындарының саны өскен, сондай-ақ, жерді пайдаланудың мақсаттары мен талаптары өзгерді. Соның нәтижесінде жеке меншік жер учаскелерінің көлеміне қатысты шектеулерді жаңарту өзекті мәселе болып отыр, – деді ол.
Басқарма басшысы атап өткендей, қазіргі уақытта жер қатынастары саласында туындаған әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді ескере отырып, аудан және қала әкімдіктерінің ұсыныстары негізінде жаңа мөлшерлер жобасы әзірленді. Бұл жобада азаматтардың жеке меншігінде болуы мүмкін жер учаскелерінің көлемі нақтылау мен қайта реттеуді талап етеді.
«Жер ресурстарын тиімді пайдалану және әділ бөлу – біздің басты мақсатымыз. Сондықтан, шекті мөлшерлерді қайта қарап, өңір тұрғындарының қажеттіліктеріне сай бейімдеу аса маңызды», – деп толықтырды Нұрлан Ламбеков.
Осы шаралар жер ресурстарын заңды түрде реттеп, азаматтардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ, жер қатынастарындағы құқықтық тәртіпті нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл өңірдің тұрақты дамуына және ауылдық жерлердің әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етеді деп күтілуде.
Сессияның қорытындысында сессия төрағасы Нұркен Кобжанов бүгінгі қабылданған шешімдердің әрі қарай іске асырылу барысы облыстық мәслихаттың тұрақты бақылауында болатынын айтты. Осылайша, ол міндетті түрде қабылданған шешімдердің орындалуы мен олардың жауапкершілік деңгейінің жоғары болуына баса назар аударылатынын да айрықша атап көрсетті.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»