Тұрғындар тілегі – назарда
Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ тұрғындар алдындағы есептік кездесуіне санаулы сәт қалды. Алайда, сол кездесуде қалың бұқара өз бұйымтайын билік өкілдеріне жеткізе ала ма? Уақыт – шектеулі. Яғни, мүмкіндік те – шектеулі. Осы мәселені ескерген облыс басшылығы биыл билік пен халық арасында алтын көпір орнатудың тиімді жолын ұйымдастырып отыр. Ол – дүйсенбіден бері Н.Әбдіров атындағы спорт кешенінде өтіп жатқан Ашық есік күндері.
Осы аптаның дүйсенбі-бейсенбі күндері арасын қамтыған игі бастама негізінен тұрғындар көкейінде жүрген тілек-ниеттерді, түйіні тарқамай келе жатқан мәселелерді анықтап, тиісті шара қолдану мақсатында ұйымдастырылуда.
Осы шараға жауапты әрі үйлестіруші ретінде бекітілген облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаевтың айтуынша, дүйсенбі күні спорт сарайына шамамен 14 адам бұйымтай айта келіпті. Олардың арасында Осакаров ауданы мен Шахтинск қаласының тұрғындары да бар. Ал, тұрғындарды мазалаған сұрақтардың басым бөлігі коммуналдық шаруашылық және абаттандыру салаларына қатысты болған. Сонымен қатар, тұрғындардың әлеуметтік қорғалуы мен мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана бөлу, пәтер алуға кезекке тұру мәселелері де тілге тиек етілген.
Шараның алғашқы күні қамтылған тұрғындар саны неліктен аз деген түсінік қалыптасуы да ғажап емес. Бұған таң қалуға да болмайтын шығар. Себебі, өңір тұрғындары мұндай өтініштері мен ұсыныстарын тиісті басқармалар мен департаменттердің басшы блогына, ол аздық етсе, облыс әкімінің виртуалды қабылдау бөлмесіне жіберулеріне де болады. Дегенмен, мұндай мүмкіндікті мүлт жібермей, тиісті басқарма басшыларына аманат айтудың олжасы – орасан.
Жұмыстың жүйелі жүріп жатқаны да байқалып тұр. Толғандырған мәселелер осы арада шешімін таппаған жағдайда өтініш пен талап-тілектер облыс әкімдігі кеңсесіне жіберіліп, тіркелгеннен кейін мемлекеттік мекемелерге жолданады. Барлық сауал бойынша келушілерге жазбаша түрде жауап қайтарылады. Өз кезегінде, аймақ басшысының алдағы күндердегі халықпен есептік кездесуінде де тұрғындардың қойған сұрақтары мен жолдаған өтініштері қамтылатын болады.
Өңірдегі басқарма және департамент өкілдерімен қатар, Ашық есік күндері жерлестеріміз «Қарағанды Су» ЖШС, «Қарағанды Жарық» ЖШС, «Теплотранзит Караганда» ЖШС, «Әлемгаз» ЖШС сынды қызмет көрсетуші мекеме өкілдеріне де сауал жолдай алады.
– Ашық есік күндері өтетінін естіп, мұнда арнайы келіп отырған жайым бар. Менің сауалым «Қарағанды Су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты болды. Яғни, мен Путейская көшесі бойындағы жекеменшік секторда, жер үйде тұрамын. Біз тұратын көшеде үнемі су қысымы жетіспей жатады. Өз кезегінде, аталған коммуналдық қызмет көрсетуші мекеменің өкілі айтқан өтінішімді тыңдап, ұсынысымды, байланыс телефонымды жазып алды. Алдағы күндері ресми жауап қайтарыларын да жеткізді. Менің ойымша, мұндай Ашық есік күндері тұрғындарға зор пайдасын тигізеді. Сағаттап кезекте тұрып, бірнеше күн бұрын алдын-ала жазылып қоюдың қажеті жоқ. Естіп-білмей қалған таныстарыма да ұйымдастырылған шара туралы айтып жатырмын. Кейін де осындай игі бастамалар жалғасын таба берсе деген тілегім бар, – деді Қарағанды қаласының тұрғыны Александра Анисимова.
Рауан ҚАБИДОЛДИН.