АймақҚарағанды

Тұрғын үй қоры жаңғырады

Аймақта 15 жылға дейін пайызсыз несие беретін Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы жұмыс істейді. Бұл облыста тұрғындарға коммуналдық мәселелерді шешуге көмектесудің ең тиімді жолы болып отыр.

Бағдарлама Үкімет бекіткен 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Тұрғындардың көпқабатты үйлердің шатыры мен инженерлік коммуникациясын жаңартуға, лифтін ауыстыруға жеңілдікпен қарыз алуға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, орталық газға қосылу да қолжетімді болды.

Бір айта кетері, Шахтерский кентінде 30 жыл бойы орталық жылу болмаған. Тұрғындар өз пәтерін буржуй пештерімен немесе электр қуатымен жылытып келді. Пришахтинскідегі жылу магистралі қайта жөнделген соң көп жылдық проблема шешіле бастады. Былтыр жергілікті биліктің көмегімен орталық жылу жүйесіне алғашқы 30 үй қосылған еді.

– Үй ішіндегі жылыту жүйесін қалпына келтіруге біршама қаражат қажет. Қаржылық ауыртпалықты жеңілдету мақсатында 15 жылға пайызсыз несие бердік. Биыл 29 үйді іске қосу қалды. Жұмыс жүріп жатыр. Тұрғындар есептеулерге, техникалық шарттарға тапсырыс береді. Жақында кейбір үй иелерімен келісімшартқа қол қоя бастаймыз. Тұрғындар көрші үйлердің қосылғанын көріп, бәрі қолжетімді, қолайлы екенін түсінді, – дейді Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының директоры Данияр Дүйсембаев.

Сонымен қатар, өзекті мәселенің бірі – ескірген лифт жабдықтарын ауыстыру. Облыста бұл осы мәселені шешу жұмыстары да жүріп жатыр. Тұрғындарға үлкен соманы 8 жыл мерзімге бөліп төлеу қарастырылған. Былтыр Теміртаудағы 10 көпқабатты үйде жаңа лифт орнатылды. Биылғы меже одан да көп. Қарағанды мен Теміртаудағы 30 үйде лифт жабдықтарын жаңарту жоспарланған.

Газдандыруға көмектесу де аса маңызды болып отыр. Облыстың тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы арқылы орталық газға қосу үшін 5 жылға пайызсыз несие алуға болады. Өткен жылы бағдарламаны Қарағанды мен Теміртауда 409 абонент пайдаланса, биыл 500 үйге дейін жеткізу жоспарланған. Несиені ресімдеу уақыты барынша азайтылды. Ол үшін газға қосылуға құқық белгілейтін құжаттар мен техникалық шарттарды ұсыну қажет.

Бұдан басқа, орталық шатырды, инженерлік коммуникацияны жөндеуге, көпқабатты үйлердің кіреберісіндегі терезені ауыстыруға көмектеседі. Сондай-ақ, пайызсыз несие алып, қаражатты біртіндеп 15 жылға дейін төлеуге болады. Өтінімді алғаннан кейін орталық жобаның сметалық құжатын және сараптама дайындайды. Тұрғындармен келісілгеннен кейін ғана шартқа қол қойылмақ.

Былтыр Теміртау, Абай және Қарағандыдағы тұрғын үй иелері көмекті пайдаланса, биыл бұл тізімге Саранның қосылуы жоспарланған.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button