Биыл ұлтқа қызмет еткен ұлы есімдер жылы
Атқа мініп, ел тізгінін ұстап жүрген алдыңғы толқынның алдындағы міндет – келешекте жалғыз Отанның қадір-қасиетін ұғып, қызметіне жарайтын, қасіреті болса, көтеретін, аманатты арқалай алатын толқынды тәрбиелеу. Осы бір қасиетті борыш туралы газетімізге талай жазғанбыз, жаза да бермекпіз. Жылан жылы ұлы ойшыл, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығымен айшықталды. Бұл мерейтой жас ұрпаққа отаншылдықты дәріптеуде, саналарына ізгілік пен парасаттың, ақыл мен ойдың дәнін егуде шешуші рөл атқарды деп ауыз толтырып айта аламыз. Өйткені, бодандықтың бұғауындағы қасіретті жұртты азаттықтың ақ таңына жетелеген XX ғасырдың бірінші ширегіндегі тегеуірінді буын осы Абайдың алауынан шоқ алған еді. Енді, жылқы жылы Алаш көсемі, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, публицист Әлихан Бөкейханның 160 жылдығымен ерекшеленбек. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген ұлағатты сөзі бүгінде ұранға айналған заңғар тұлғаның күреске толы өнегелі ғұмыры мен соңында қалдырған мол мұрасы ел келешегінің иелері жастарға ауадай қажет. Сондай-ақ, 1936 жылы 3 тамызда Қарағанды облысы құрылған. Биыл облыстың құрылғанына 90 жыл.

Сонымен қатар, биыл қоғам қайраткері, заңгер, құқық магистрі Жақып Ақбаевтың туғанына 150, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш математигі, алмағайып заманда Атажұрттың шекарасын сызған Әлімхан Ермековтің туғанына 135 жыл. Ән өнерінің алыбы, Қазақстанның Халық әртісі, әнші, қазақ композиторы Манарбек Ержановтың 125 жылдығы. Осыдан 115 жыл бұрын дауылпаз ақын Қасым Аманжолов дүниеге келді.
Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 80 жас мерейтойы және ғарышқа ұшқанына 35 жыл толып отыр.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Қарақбайқызы Елебекованың туғанына 110, әнші Гүлбаршын Ақпанованың туғанына 85, жазушы, профессор Теңізбай Рахымжановтың туғанына 80, жазушы, қаламгер Сапарғали Ләмбекұлының туғанына 90, журналист, жазушы, Шет ауданының Құрметті азаматы Рымқұл Сүлейменовтың туғанына 90, техника ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қызметкері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Дімкеш Мұқановтың туғанына 90, ғалым, биология ғылымының докторы Кәрім Мыңбаевтың туғанына 120, көрнекті геолог-ғалым Ақжан Жақсыбекұлы Машановтың туғанына 120, жазушы, ғалым-әдебиеттанушы, аудармашы Сейділ Талжановтың туғанына 120, Ақын Кәрім Сауғабаевтың туғанына 85, әнші, актриса Қайныкен Әлімбаеваның туғанына 100 жыл толып отыр.
Абай және Шахтинск қалаларының құрылғанына 65, Қарағандыбасы жайлауында көмірдің өндіріле бастағанына 170 жыл, Қарағанды орталық паркінің ашылғанына 80 жыл. Осыдан 95 жыл бұрын Қарағандыда алғашқы радиохабар таратылды.
Биыл жазушы Софы Сматев 85 жасқа, өлкетанушы, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Тұңғышбай Мұқан 80 жасқа, жазушы, Серік Сағынтай 50 жасқа толады.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



