Біздің сұхбатРуханият

Төлеген БҮКІРОВ: «Кетбұқа» туралы тарихи роман жаздыру ойда бар”

Тура 8 жыл бұрын, қазанның соңғы аптасында металлургтер мекеніндегі Серке Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театры ғимаратында Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының үш жүзге тарта тұрғыны қатысқан жиында “Қазақтың Кетбұқасы” қоғамдық бірлестігінің тұсауы кесілді. Әлеуметтік желіде “Кетбұқа” сайты ашылды. Қоғамдық қор, Сәтбаев қаласы мен Ұлытау ауданында бірлестіктің бөлімшесі құрылды. Қоғамдық бірлестік қасынан “Кетбұқатану және өлке тарихы” атты ғылыми-зерттеу орталығы өз жұмысын бастады. Тарихи тұлғаны ортамызға оралтып, өскелең ұрпағымен қайта табыстырған қоғамдық бірлестіктің қызметі туралы оның төрағасы Қарағанды облысының Құрметті азаматы Төлеген БҮКІРОВПЕН тілдескен едік.

            -Баба бейнесі – бізбен бірге – Тарихта Кетбұқа есімді талай кесек тұлға болғанын білеміз. Жалпы мәліметке жүгінсек, ұзын-ырғасы жиырмаға жетіп жығылады, арасында осалы жоқ. Міне, тарихшы-ғалым біткен қаламын безеп, пікірталас қызған тұста қаймықпай керегесін жайып, шаңырағын көтерген қоғамдық бірлестікке қиындық кездескен жоқ па?

– Мұндай жауапты қадамды аяқ астынан аттандамай, жан-жақты дайындықпен жасадық. Қоғамдық бірлестік құрылғасын даңқты тұлғаның есімін, ерлігін дәріптеу, жұртшылыққа кеңінен таныстыру мақсатында Жез­қазған қаласының Құрметті азаматтары жергілікті газетте үндеу жариялады. Қоғамдық бірлестіктің белсенді мүшелері мекемелер мен оқу орындарында көптеген кездесу өткізді. Әртүрлі деңгейдегі газет-жорналда бірнеше мақала басылды. Хабары Қазақстанға тарайтын жергілікті “Дидар” телеарнасы тарихи-танымдық хабарлар, кездесулер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырды. Жезқазған қалалық “Нұр Отан” партиясы ғимаратында “Кетбұқа – жырау, аталық, қолбасшы” деген тақырыпта жас ғалымдардың республикалық ғылыми-теориялық конференциясын өткіздік.

Сәулетшілер мен суретшілер арасында Кетбұқа бабаның бейнесін бедерлейтін еңбекке байқау жариялап, Ш.Сейіткенов пен Ө.Жүнісбеков бірлесіп жасаған жұмысқа таңдау түсті. Күзде Елордадағы “Фолиант” баспасынан “Абыз тұлға, аңыз тұлға – Кетбұқа” атты жинақ 3000 данамен жарық көрді. Оның тұсаукесеріне еліміздің түпкір-түпкірінен елуге жуық танымал тарихшы-ғалым қатысты, ой-пікірін ортаға салды. Кейін Ж.Артықбаевтың “Кетбұқа –жырау, аталық, қолбасшы” атты тарихи-танымдық кітабы, К.Ахметовтің “Ұлылыққа тағзым – ұрпаққа тағылым” жинағы, Б.Мырзабековтің “Аманат” романы көпшіліктің көзайымына айналды. Кітаптар Қазақстан аймағына, кітапхана, мұражай мен мұрағатқа, оқу орнына тегін таратылғанын айта кеткен артық болмас.

Батырлығымен танылған Кетбұқа баба керемет дәулескер күйші болған. Мәселенің бұл жағы да назардан тыс қалмады. 2015 жылы жазда Жезқазғанда күйші, профессор Жанғали Жүзбаевтың “Ақсақ құлан. Кетбұқаның күй мұрасы” атты жинағының тұсаукесері өтті. Жинаққа Кетбұқаның жиырма шақты күйі енгізіліп, нотаға түсірілген. 2019 жылы күзде ұйымдастырылған “Ақсақ құлан. Кетбұқа би күйлері” атты халықаралық күйшілер байқауына Қытайдан, Монғолиядан, Қазақстаннан, барлығы 38 күйші қатысты. Керемет өнер мерекесі болды.

Келелі кездесу, байыпты басқосу

– Төлеген Нұрмағанбетұлы, Жезқазған-Ұлытау аймағында айтарлықтай шаруа атқарылғанын аңғардық. Ал, елдің өзге өңіріне ат ізі салынды ма?

– Әрине! Ондай шараны 2014 жылы күзде Қызылордадағы С.Майқанова атындағы драма театр ғимаратында тұрғындармен кездесуден бастадық. Келесі күні Жаңақорғанда Ер Төлегетай мен Қылышты Қожаға берілген асқа қатысып, құран бағыштадық. Сол жиында Тағанбай қажы Шамбұлов көпшіліктің алдында сөз сөйлеп, Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген ағайындарға “Абыз тұлға, аңыз тұлға – Кетбұқа” жинағын сыйға тарттық. Тура үш жылдан кейін облыстық мәдениет, мұрағаттар мен құжаттама басқармасының, Қорқыт атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен біздің бірлестіктің ұйымдастыруымен жоғары оқу орнында “Х-ХІІІ ғасырлардағы түркі қоғамы және оның тарихындағы Кетбұқаның орны” атты халықаралық ғылми-тәжрибелік конференция өтті. 2015 жыл елеулі екі оқиғамен есте қалды. Біріншісі –ақпанда Л.Гумилев атындағы ұлттық университетінде “Қазақ елінің қаһармандық тарихы және Кетбұқа тұлғасы” тақырыбымен өткен конференция. Онда ғылым докторлары Д.Хамзабекұлы, Р.Тұрысбек, Ж.Әскербекқызы, Т.Жұртбай, Ж.Артықбаев, Қ.Сартқожаұлы, О.Темірбекұлы баяндама жасады. Мемлекет және қоғам қайраткерлері Ө.Байкелді, Ғ.Есім, М.Көпеев, Қ.Салғарин, Ж.Қалиев, сенатор С.Ақылбай, академик С.Қасқабасов қатысып, сөз сөйледі. Екіншісі – қыркүйекте Өскеменде Кетбұқа ноян мен Төлегетай бабаға арналған мәдени-рухани шара. Соның аясында өткізілген, 40 ақын қатысқан мүшәйрада Бас жүлде “Кетбұқаның соңғы күйі” поэмасына бұйырып, авторы Ғазиз Ештанаев Жезқазғанға жеңіл автокөлік мініп қайтты. Бірінші орынды Кенжебай Ахметовтің “Қылыш жүзіндегі ғұмыр” поэмасы алды. 2019 жылы 14-15 маусымда көрші Қырғыз елінің Баткен облысындағы Қадамжай қаласында Кетбұқа бабаның туғанына 835 жыл толуына және “Айхан” күйіне (“Ақсақ құлан” күйі) арналған халықаралық тарихи-мәдени конференция өтті. Осы іс-шараға Түркістан облысынан екі делегация қатысты. Жезқазғаннан өлкетанушы, тарихшы Кенжал Балкенов екеуміз бардық, мен конференцияда баяндама жасадым. Өкінішке орай, мынау індет көп нәрсеге кедергі келтіріп тұр. Соған қарамастан, былтыр бас бәйгесіне бір миллион теңге жүлде тігіп, онлайн-форматта халықаралық мүшәйра өткіздік, оған қатысқан 69 ақынның өлеңі жеке жинақ болып шықты.

Ерге лайық еңселі ескерткіш

– 2017 жылы қарашада қаланың қақ ортасындағы Ғарышкерлер саябағында Кетбұқаға қойылған ескерткіш ашылды. Металлургтер мекенінің мәдени өміріндегі елеулі оқиғаны қала жұртшылығы жылы қабыл алды. Салтанатты жиынға облыстың сол кездегі әкімі Е.Қошанов, Халық қаһарманы М.Алтынбаев, мемлекет және қоғам қайраткері М.Көпеев, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Өскемен, Алматы, Атырау, Астана, Қарағанды қалаларынан арнайы келген делегациялар мен қала қонақтары қатысты…

– Ия, дұрыс айтасыз. 2015 жылы тамызда Жезқазған қаласында Кетбұқа бабаға ескерткіш орнатуға келісім беру туралы ҚР Мәдениет министрлігінің жанындағы ко[1]миссияның шешімі шығысымен іске кірістік. Қала әкімінің қаулысымен ескерткішке байқау жариялаудың ережесі мен байқау комиссиясының мүшелері бекітілді. Ескерткіш орнату ережесінің тәртібіне сәйкес байқау шарттары “Егемен Қазақстан” және “Казахстанская Правда” газеттеріне жарияланды. Байқау комиссиясының келесі жылғы ақпандағы алғашқы отырысында 7 үміткердің еңбегін електен өткіздік. Наурызда екеуіне ен тақтық. Ал, қыркүйекте Елордада өткен отырыста мемлекеттік комиссия мүсінші Асқар Нартовтың (жоба жетекшісі О.Секеманов) жұмысын жеңімпаз деп шешім қабылдады. Ескерткішті тұғырымен қоса орнатуға 3 мекемеден коммерциялық ұсыныс түсті. Қоғамдық бірлестіктің кеңейтілген отырысында түскен ұсыныстар талқыланып, ұсынған бағасы арзан әрі орнату мерзімі тиімді елордалық “Балқыту” ЖШС таңдалды. Қаржыландыру жағын “Қазақмыс” компаниясы мойнына алды. Қоғамдық бірлестіктің шешімімен ес­керткішті орнату жұмысын қадағалайтын және қабылдап алатын комиссияның құрамы бекітілді. Әңгіме орайында ескерткіш тұғырының сметалық жобасын – “Қазақмыстың” Бас жобалау институты, ескерткіш жобасына сараптаманы – “Жезқазған-Сарапшы” ЖШС, құрылысқа техникалық қадағалауды “Ж.А.Н.А-құрылыс” ЖШС тегін жасағанын айта кеткім келеді. Қоғамдық бірлестіктің 2017 жылғы желтоқсандағы отырысында Кетбұқа баба ескерткішін жезқазғандықтарға тарту туралы шешім қабылданды. Оның тиісті құжаттары Жезқазған қалалық әкімдігіне тапсырылды. Қала әкімі 2018 жылы 28 ақпанда ескерткішті қабылдау актісін бекітті. 2019 жылы шілдеде “Қазақмыс” өз қаржысына ескерткіш жанына мемориалдық кешен орнатты.

Көп іс тынды, жоба да жеткілікті

– “Өкінішке орай, мынау індет көп нәрсеге кедергі келтіріп тұр” дегенді айтып қалдыңыз. Құпия болмаса, ойыңызды бөлісе отырсаңыз…

– Оның ешқандай құпиясы жоқ, қайта көпшіліктің құлақтана бергені артық емес. Басты-бастысына тоқталайын. Кетбұқа туралы тарихи роман жаздыру ойда бар, авторы белгілі, алайда, атын айтпай-ақ қояйын. Кетбұқаның күйлерін ғылыми тұрғыда зерттеу мен оны баспадан шығару бағытында жұмыс жүріп жатыр. Кетбұқа би атындағы халықаралық күйшілер байқауын дәстүрлі түрде өткізіп тұрсақ дейміз, сала министрлігі мақұлдап отыр. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында орта ғасырдағы түркі халықтары тарихындағы Кетбұқа тұлғасын зерттеу, оның нәтижесін ғылыми айналымға енгізу мақсатында ғылыми жобалар дайындалуда. Жоғары оқу орындарында тарих, филология мамандықтары бойынша білім алушылардың диссертациялық жұмыс тақырыптарын қалыптастыру жолымен Кетбұқаның мұраларын жүйелі түрде ғылыми зерттеуді ұйымдастыру ойда бар. Колледждерде, мектептерде Қазақстан тарихы пәнінің бағдарламасына қолбасшы, аталық, жырау Кетбұқа туралы арнайы тақырыптар енгізуді, сонымен қатар, білім беру мекемелерінде тәрбие сағаттарын өткізуді жүйелі түрде қолға алуды ойластырудамыз. Мынау індеттің беті қайтқасын Жезқазған қаласы әкімдігінің қолдауымен Кетбұқаның мұрасын жинастыру мақсатында шет мемлекеттерге этнографиялық экспедиция ұйымдастырамыз. Кетбұқа мұраларын насихаттау мақсатында күйшілер мен жыраулар сайысын өткізуді дәстүрге айналдырамыз.

– Әңгімеңізге рахмет. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button