Төл мейрам төрге озды

Жер мен Көктің нәрестесі – Жаңа жыл кіретін Наурыз-думанды Қарағанды өңірі осы айдың 15-інен бастап жіберді. Кеншілер шаһары келе жатқан жылды қарсы алуға шашуын қамдап дайын тұр деген сөз қазір. Бастамасы жаппай бұқаралық сипат алмаса да, әр мекеме өз әлінше атап өтіп жатқанынан құлағдармыз әрі тілшілеріміз кейбіреуінің куәгері болып та үлгерді. Сөйтіп, жылдан жылға қыс ортасында емес, нағыз жаңа жыл келіп, күн мен түн теңесер мерзімді тойлауға ойысып келеді халқымыз.

Бір кездері ұмыт қалуға айналған Наурыз мейрамын тойлау – бұқаралық сипат алғаны анық. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін халықтан артық ешкім білмейді. Биыл облыс бойынша Наурыз мейрамы аясында 300 шара жоспарланыпты. Бұқаралық сипат алғанының айғағы. Оның арасында қайырымдылық акциялары, көрмелер, түрлі байқаулар, викториналар, концерттер, театрландырылған көріністер мен шерулер, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар, тағы басқалары бар. «Жаңа жыл тойын 15 наурыздан, бір апта бұрын бастап жіберу ерте емес пе?» дерсіз. «Қайдағы ерте, кешеуілдетіп алдық» демейсіз бе? 14 наурызда туатын Амал немесе Көрісу (әбдікей деп те атайды) күнін өткізіп алдық біз. Бұл күнді біздің Арқа жұрты аса мән беріп атап өте бермегенмен, Қазақстанның басқа аймақтарында керемет тойланады. Қыстан аман шықтық деп қауқылдасып көріскен ғой ертедегі қазақтар. Ауыл қарттары ескіше 13-і туады дейтін айды. Соған қарағанда, 14 наурыз – көктемнің бірінші күніне келіп тұр. Той осы күннен басталуы керек, негізі. Қалалар мен аудандарда бас-аяғы 300-ден астам киіз үй тігіледі биыл. Қарағандыдағы басты шаралар орталық мәдени және демалыс саябағында ұйымдастырылады. Негізгі той 22 наурыз күні, сағат 12.00-де «Қош келдің, әз Наурыз!» атты театрландырылған қойылымымен басталады. «Облыс биыл тек халықтық тойлаумен, концерттермен ғана шектелмейді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мерекеде қайырымдылық көмек алады. Бірнеше қала тұрғыны қоныс тойын тойлайтын болады» делінген облыс әкімдігінің ресми сайтында. Сондай-ақ, бүгін кешкі сағат 16.00- де «Армысың, әз Наурыз» ақындар айтысы Кеншілер мәдениет сарайында өтеді. Онда республикаға танымал ақындар өнер көрсетеді. Қарағандыда биыл Наурыз тойын 15-і күні ресми мәлімдеп, арнайы шарамен ашқан – облыстық бейнелеу өнері мұражайы. «Ашамайға отырғызу» салтын көрсетті. Бесіктен белі шыққан ер баланың болашақ өнері – атқа міну саналған қазақ даласында. Алғаш ерге отырғызуды онда символдық тұлпар макеті мен ер-тоқымын қолдану арқылы әйгіледі. Оқушылар музей қорының 70-тен астам қолданбалы қолөнер заттары қойылған көрмені тамашалады. Облыстық өлкетану-тарихи музейі болса, Наурыз мейрамына «Атадан қалған ұлы мұра» жобасын арнады. Шара барысында, киіз үйде шашу, аластау, бесікке салу және сәукеле кигізу дәстүрлерін көрсетті. Қарағандының орталық саябағында алдағы уақытта өтетін үлкен халықтық тойлауға музей қызметкерлері қызықты-қызықты бірнеше бағдарлама әзірлеуде екен. «Биыл біз киіз үйлерде дәстүрлі қолөнерімізді көрсетеміз. Атап айтар болсақ – тоқыма, былғары, киіз өнімдері. Әр қолөнерге сай экспонат қойылады. Бір киіз үйіміз «Ұлы Даланың жеті қырына» арналады» дейді экскурсиялық-бұқаралық бөлім меңгерушісі Зәуреш Тебаева.

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Орталық Қазақстан»