«Түбіртекті талап ет – жүлде ұтып ал!»
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен кезекті «Түбіртекті талап ет – жүлде ұтып ал!» акциясын өткізуде. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Аталған акция азаматтық белсенділікті арттыру, тұтынушылардың заңды мүдделерін қорғау, көлеңкелі экономиканың мөлшерін қысқарту, сондай-ақ, кәсіпкерлер арасында әділ бәсекелестікті ынталандыру мақсатында ұйымдастырылуда.
Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Жамбыл Сұрағановтың айтуынша, акцияға кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Бұл үшін оған тұтынған тауар немесе қызмет үшін берілген фискалды чектің суретін «Wipon» мобильді қосымша (Googleplay немесе Appstore) арқылы жіберу қажет.
Акция 1-ші мамырда басталған. Жалғасуы 30 қарашаға дейін. Осы кезеңде барлық облыстар мен Астана және Алматы қаласында ай сайын жүлделердің ұтысы өтеді. Бас финал жылдың аяғында Мемлекеттік кірістер комитетінде ұйымдастырылады. Онда бағалы жүлделер, бас жүлде де ұтысқа түседі.
«Биыл былтырғыдай бас жүлде – автокөлік. Ұтыс жеңімпаздары түбіртекті кездейсоқ таңдау әдісімен анықталатын болады. Қаншалықты көп түбіртек жіберілсе, жүлдені ұтып алу мүмкіндігі де соншалықты артады», – дейді «Атамекен» ҰКП департамент директорының орынбасары Эльмира Осипова.
Жеңімпаздарды анықтау үрдісінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін әрбір облыс пен Астана және Алматы қалаларында, сонымен бірге, Мемлекеттік кірістер комитетінің жанында арнайы комиссиялар құрылады. Олардың құрамында кәсіпкерлер қауымдастығы, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болады.
Былтырғы жылдан бастап науқан толықтай автоматтандырылған және бірыңғай мобильді қосымшаның көмегімен өткізіледі. «Wipon» компания директорының айтуынша, «Wipon» қосымшасы толықтай тегін және қолдануға ыңғайлы. Мысалы, ұтқан жағдайда қатысушының смартфонына автоматты түрде хабарлама келеді.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Түбіртекті талап ет – жүлде ұтып ал!» акциясы өткен жылдарда оң нәтиже беруде. Мәселен, былтыр азаматтардың белсенділігінің арқасында 9 мыңнан астам заңсыз жұмыс істеген жеке кәсіпкер есепке алыныпты. Оған қоса, 8 мыңнан астам бақылау-кассалық аппараты тіркелген.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА