Руханият

Сырдан қуат алған ақын жүрек

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ақын, драматург, әдебиеттанушы Әбділда Тәжібаевтың 115 жылдығына арналған «Сырда туған сырбаз ақын» тақырыбында әдеби кеш өтті.

Сурет ұйымдастырушылардікі

Кеш қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ә.Тәжібаевтың шығармашылығын насихаттау арқылы ақын шығармаларымен оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат тұтты.

Әбділда Тәжібаев әдебиеттегі алғашқы қадамын 1920 жылдары өлең жазудан бастаған. Қазақ сөз өнерінің озық дәстүрлері мен дүниежүзілік әдебиеттің үздік үлгілерінен үйрене отырып, 1930 жылдары қалыптаса түседі. Оның өлеңдері сыршыл, ойшыл, шыншыл, оттылығымен ерекшеленеді. Драматургия, әдебиет зерттеу салаларына да сүбелі үлес қосқан.

Кешке Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының докторанты А.Қайырбекова қатысып, Ә.Тәжібаевтың өмір жолы мен шығармашылығы, драматургиясы жайында әңгімелеп, көптеген мағлұмат берді. «Абыл» және «Майра» поэмаларына ерекше тоқталды. Ақынның туған жеріне, еліне деген сағынышын, ыстық сезімін жырлаған «Ана», «Кей кезде», «Жолдас Навои», «Кісі ұялар ісіңді, мақтан етпе» сынды өлеңдерін «Білім-инновация» түрік лицей интернатының оқушылары жатқа оқыды. Сыр бойы қазақтарының гимніне айналған «Сырдария» өлеңін банк колледжінің студенті Д.Уахитова нақышына келтіре жырлады.

№23 мектеп оқушылары ­А.Жанатова мен А.Бейбіт ақынның шоқтығын тағы бір биік деңгейге көтерген «Қыз бен солдат» драмалық поэмасынан үзінді көрсетті. Оқырмандар көкейлерінде жүрген сұрағын қойып, жауап алды.

Шара соңында «Ән мен жырдың ақбұлағы» атты кітап көрмесіне шолу ұсынылды.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button